Қоғам

Құрбан шалу айт намазынан кейін басталады

Береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың, ерлік пен елдіктің рухани бір қазығы – дін. Сондықтан да біз үшін діни мейрамдардың мазмұны зор, мәні бөлек. Сол қатардағы жалпақ жұрт жыл сайын асыға күтетін мерекенің бірі – Құрбан айт. Биылғы құрбан шалу күні шіліңгір шілденің 9-нан басталып, 11-не дейін жалғасады. Биыл мерекені қалай, қайтып тойласақ та қолайлы сәтке дөп келіп отыр.

Қасиетті Құрбан айт мейрамының биылғы өту барысын облыстық Халифа Алтай мешітінде болған баспасөз жиынында тыңдап қайттық. Баспасөз жиынына қаладағы жауапты мекеме өкілдері де қатысып, құрбан шалудың тәртіптері мен талаптарын түсіндіріп, жұртты жауапкершілікке шақырды. Жылдағы үрдіс бойынша, шариғатқа сай құрбан шалудың талаптары мен ережелері жұртқа жария етілді.

– Шариғат бойынша құрбан шалу рәсімі айт намазынан кейін басталады. Айт намазына дейін шалынған құрбандық құрбандық болып есептелінбейді. Кейде құрбан айтқа дейін қойын сойып тастайтындар болады. Ол негізі дұрыс емес. Сондықтан Айт намазынан бастап үш күн – ақшам намазына дейінгі уақытта шалынуы тиіс. Құрбан шалғаннан кейін сойылған малдың терісін, бас-сирағын, ішек-қарынын да дұрыс пайдалануымыз қажет. Яғни, құрбандық шалған осы екен деп, етін алып, қалғанын шашып кетуге болмайды. Дініміз де мұны құптамайды, – дейді «Халифа Алтай» мешітінің наиб-имамы Дәулет Қабидолдин.

Сондай-ақ сойылатын малдың күйі мен жасына көбірек мән берген дұрыс екені айтылды. Бір жасқа толмаған малды құрбанға шалуға болмайды. Ірі қара малды 7 кісі атынан, ал ұсақ малды тек ғана 1 кісі атынан шалуға болады. Тағы бір айта кетер дүние қазіргі таңда құрбан шалу үшін тау кезіп жайлаудан мал іздеудің қажеті шамалы. Өзіңіз барып құрбан шалуға мүмкіндігіңіз болмаса, уәкіл арқылы шалуға болады. Ол үшін ҚМБД Qurban2022.kz сайтын іске қосты. Облыстағы арнайы орындарда сайт арқылы құрбандыққа тапсырыс берушілердің малдары сойылады. Құрбандық шалу рәсімі фото мен видеоға түсіріліп, тапсырыс берушілерге есеп беріледі. Онлайн құрбанға осылай қол жеткізе аласыз.

– «Халифа Алтай» мешітінде мұқтаж жандардың бірыңғай базасы жинақталған. Соның негізінде Құрбан айттың екінші күні сағат 14.00-де етпен бірге азық-түлік себеттері қоса таратылатын болады.  Бүгінде сайт арқылы қайырымдылық алам деген 60 кісі, құрбан шалам деген 6 адам өтініш білдірді. Жалпы аймақ бойынша 437 отбасы мұқтаждар қатарында, – дейді ҚМДБ зекет және қайырымдылық қорының Өскемен аймағы бойынша өкілі Берік Кәдірұлы.

Биыл мал бағасына қатысты сұрақтар көбірек түсіп жатқан көрінеді. Сондықтан мал саудалаушылар халықтың да қалтасын ойлап, мал бағасын аса қымбат ұстамаса екен деп отыр мешіт өкілдері. Ал құрбан шалушылар бекітілген ережелерді сақтап, талапқа сай қызмет ету керектігі айтылды. Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, санитариялық  талаптарға сай малды құрбандыққа шалу ұйымдастырылады. Арнайы дайындалған алаңда коммуналдық қызметтерден бөлек, ветеринария, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері де кезекшілік етеді. Мамандар құрбандық шалынатын алаңды бақылауға алып, сатуға әкелген малдарды тексереді.

– Бақылайтын қадағалау органдары болғандықтан,  Ветеринария заңының талаптарының сақталуын берік ұстанамыз. Малдың «Форма-1» деп аталатын анықтама құжаты, сырғасы болуы тиіс. Бруцеллез ауруынан тексерілген, екпесі бар, сау мал болуы керек. Егер мұның барлығы болмаса, заң аясында тиісті шаралар қабылдаймыз. Себебі әкелінген малға бақылау жүргізілмеген жағдайда адамдар мен жануарларға ортақ ауру тарауы мүмкін, – деді Өскемен қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Есхат Қауқан.

Құрбан шалудың ережелері мен шарттары осылай. Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, Құрбан айт құрбан шалумен ғана шектелмейді. Оны шаттық пен қуанышқа толы мерекеге айналдырмақ. Ол үшін мешіттің алдына үш киіз үй тігіліп, ақ дастарқан жайылмақ. Арнайы сахна құрылып, ән мен күйден шашу шашып, қаланың шығармашылық ұжымдары мен этномәдени бірлестіктері өнер көрсетпек. Өнерліні сынға салатын арқан тарту, қол күрестіру қатарлы ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтеді. Өнер жәрмеңкесімен қатар, ұлттық өнімдер жәрмеңкесі де өтпек. Ол үшін мешіт өкілдері кәсіпкерлермен келіссөздер жасаған.

– Айт мерекесінде, ең алдымен, отбасын, жақындарын қуантудан бастау керек. Яғни, сыйлық алып, ағайын-туыстармен дидарласып, айтшылау керек. Балаларға жаңа жылда ғана сыйлық бермей, құрбан айтта да беру керек. Сонда ғана бұл мейрам баланың есінде қалмақ. Жалпы қазір халық айтшылаудан, араласудан қалды. Айттың мәні тек қана құрбан шалып, Аллаға ғана құлшылық ету емес, ағайынның арасын қосу. «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу, – дейді «Халифа Алтай» мешітінің наиб-имамы Дәулет Қабидолдин.

Діннің діңгегінің берік болғаны абзал. Бірақ кейбір ғұрыптарын осылай ұлттық құндылықпен тамырластырып, салт-дәстүрге сай өткізген жөн. Сондықтан да Құрбан айтты сауапты іс, салтанатты көңіл күйде қарсы алайық.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button