Қоғам

ҚҰПИЯЛЫ ҚИЫН КЕРІШ САПАРЫ

Қалбатаудың қырқасынан күн сәулесі қылтиып, торғай шырылдасымен Көкпектіден Қиын Керішке аттанып кеттік. Үлкенбөкеннің кіреберісіндегі қирандыларға көз тоқтатпай-ақ, Қойкелді батыр ауылдық округінің орталығы Преображенка ауылының түзу де сәнді көшелерімен ағызып өте шықтық.

Ботатайдың қайқаңынан асып өтіп, Еспе бойында жатқан Аққаладан бір-ақ шықтық. Аққала десең ақ қала ғой, қатар-қатар тізілген тал-терегі, ақталып боялған үйлері, әсем қақпалары әлеуетті аймақтың бақуатты тұрғындарының жайын жариялап тұрғандай. Тақта-тақта егін танаптарының қыртысы аударылып, жыртылып тасталған. Бауланған шөптері дестелене үйілген. Мал қораларының шатырлары күннің қызыл жалқынымен алаулап тұрғандай. Осы біздің Еспе бойын жайлаған елдің Аққаласы, құтты мекені. Оң қапталда қалып бара жатқан Жаңажол ауылына бас изей амандасып, «Бақ мекенім» деп тұрғындары мақтанышпен айтатын қазақ көкпарының туын желбіреткен Көкжота мен Бастаушыдан да өттік. Алдымызда семіз құлынның жаясындай жарқырап, алтын жонындай жылтыдаған Құлынжон көрінді. Осындай тамаша сурет пен келісті көрініске масайраған көңіл паром басындағы қоқысты көргенде көзіміз еріксіз Ертістің айдынына, Зайсанның алыс жағалауларына бұрылып кетті.

Бүгінде бұл өткелде бір емес, үш паром жүреді екен. Сағат сайын қатынап тұрған су көлігінің үстінде көліктер иін тіреспей, сирек орналасыпты. Көлік қоғалысын реттеп жүрген паромшылар нысанды киім киіп, әр автомәшінді шығарып салып жүр.

Аудан орталығы Күршім ауылынан шығып, Ақсуатқа тарттық. Ақсуат – Досхан Жолжақсынов пен Уайыс Сұлтанғазинның атамекені. Әкімдіктегілер бар шаруамызды шешіп, ауыл тұрғынымен келісіп, жолбасшылыққа Еркін деген азаматты дайындап қойғандарын айтты. Еркін өзі балықшы, өзі балуан, әрі әңгімеші, жер-судың жайын білетін ерекше жігіт ағасы екен.

Атшапқан жазығы мен Құсқонар қырқаларына өткеннен кейін көл үстінде алып бір суасты кемесі шығып келе жатқандай әсерлі көрініс көрінді. Ол Шекілмес жары екен.

Шекілместен Аманатқа тура тартсаң, алдыңнан Қиын Керіш шатқалы шыға келеді. Алдымен жапанда тұрған киіз үйлердей дөңгелек күмбезді жеке шоқылары көрінеді. Олар жырақтан жасылдана ағараңдайды. Одан әрі асық бояуындай ашық сары түс пен қан қызыл реңмен астаса көкжиекке ұласады. Үлкен шатқал бала кезімдегі атамның ұста дүкеніндегі отының шоғындай шетінде жалқындай ағарса, кенересі күлгінденіп, ортасы қызыл шоқтай жайнайды екен.

Топырағы борпылдақ бос емес, тас көмірдің күліндей сыбазғысы да кездеседі. Кей жерінде ерітіліп, жаңа ғана суытқан қорғасындай ағарған жұмсақ.

«Қиын Керіштің құпиясы не?» дегенге Еркіннің айтқаны:

– Мұны теңіздің түбі деп те айтады. Аспаннан құлаған метеоритке де ұқсатады. Бірақ мен ес білгелі мұнда су да болған жоқ. Көктен де ештеңе құламады. Жаңбырдан соң бұл жерде адам аттап жүре алмайды. Батпағы мидай болып езіліп, желімдей жабысып жүргізбейді. Керіштің қиындығын көрген аталарымыз «Қиын Керіш» дегені сол. Жауын жауған кезде ішіндегі жарлары опырылып, байқамаса басып та қалады. Қатты ыстықта ауасы қапырық, адам көп тыныстай алмайды. Денең күйіп, тез тотығып кетесің.

Аралап қарай жүріп, әртүлі тас теріп алдым. Сексеуілдің жанында суретке де түстім. Қызыл топырақтың құрамында аллюминий, темір тотықтары болатыны мектеп оқушысына да белгілі емес пе? Ал осында келіп, ерекше аура мен емдік қасиет іздейтіндердің тәмсілдерін зерттеу керек сияқты. Күршім ауданы туристік база ашса, келушілерге сервис жасаса, дамиын-ақ деп тұрған жер екен. Зайсан көлінің жағасы, Шекелместің жартастары, Қиын Керіштің ғажайып түсі, сексеуілдің тұтасқан нуы қызықтап көрушілерді тартары сөзсіз. Одан соң көлді айнала авторалли өткізсе, Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Күршім болып көпір салынып біткен соң көлдің периметрін айналып-ақ өтер еді.

Қиын Керіштің қызығын көріп, Жолнұсқаудағы Еркін балықшының үйінен Зайсан балығының дәмін таттық.

Ауылдарына енді асфальт жол салынатынын мақтанышпен айта отырып, интернет арқылы дүниенің кез келген жерімен хабарласатынын тілге тиек етті Ерекең.

Аманат, Жолнұсқау, Ақсуат балықшы ауылдарының болашағы Қиын Керіштің жауыннан соңғы түріндей айқындала бастағанына ерекше қуандым.

Келіңдер, көріңдер Қиын Керішті.

 Қайрат Бесбайыс

Осы айдарда

Back to top button