Руханият

Құнанбай қажы мешіті ашылды

Абай ауданының Қарауыл ауылында «Құнанбай қажы» мешіті ашылды. Жергілікті тұрғындар үшін осы діни нысанның ашылуы мен пайдалануға берілуі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі болды.

Жаңа мешіт салу идеясы Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровқа тиесілі. Бастаманы кәсіпкер Думан Зекенов қолдап, өз тарапынан материалдық көмек көрсетті. Нәтижесінде ауданның әкімшілік орталығында төрт мұнаралы «Құнанбай қажы» мешіті салынды.

Айта кетейік, қоршау орнату және аумақты абаттандыру кезінде облыстық «Парыз» қайырымдылық қоры қол ұшын созды. Жұмысты ұйымдастыруға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Лдибаев белсенді атсалысты.

Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Жарқынбек Байсабыров және ақсақалдар қатысты.

– Біз әрдайым ұлы ойшыл Абайды құрметтейміз. Оның терең ойшыл, шешен болғанын білеміз. Абай әрқашан әділдік үшін күрескен. Бірақ Абай жетістігінің кепілі әке тәрбиесі болғанын ұмытпауымыз керек. Абайтанушылар мұны жиі айтады, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы. – Болыс бола жүріп Құнанбай мемлекеттік қызметпен ғана емес, тәрбиемен де айналысты. Ол «Ескі там» мектебін, кейін Қарқаралыдағы медресе мен мешітті салдырды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан бас мүфти «Құнанбай қажы» мешітінің бас имамы Болат Самырбаевқа қасиетті Құран кітабын тапсырып, мешіт құрылысына қатысқан барша азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.

Жарқынбек Байсабыров аудан тұрғындары атынан демеушілерге алғыс білдірді. Сондай-ақ осы айтулы оқиғамен Абай ауданының Құрметті азаматы, Құнанбайдың ұрпағы Манатай Балтақайұлы және Зекеновтер отбасының үлкені Амантай Зекенұлы құттықтады.

Жұртшылық алдында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл атындағы қор сыйлығының лауреаты Төлеген Жанғалиев өзінің арнау өлеңін оқыды.

Атап өтерлігі, ескі мешіттің ғимараты да бос тұрмайды. Ол жөнделіп, қазір Бөкенші бабаның ұрпақтары салған 500 орындық қатымхана ретінде ашылды.

Сонымен қатар Абай ауданындағы Құндызды ауылында «Байтөлек қажы» мешітінің ашылу салтанаты өтті. 110 адамға арналған мешіт шамамен екі айда салынып бітіпті. Бұрын бұл жерде ескі ғибадат үйі болған-ды.

Бұл нысанның құрылысын белгілі палуан, Құндызды ауылының тумасы Айбек Нұғымаров белсенді түрде жүргізді. Оның айтуынша, ауылдың әрбір тұрғыны жаңа мешіттің құрылысына өз үлесін қосқан. Айтпақшы, ғимараттың сәулетшісі де – осы жердің тумасы.

Естеріңізге сала кетсек, атақты спортшының қолдауымен 2018 жылы мұнда спорт кешені ашылып, қазақ батыры әрі әскери қолбасшысы Ақтамберді жырауға ескерткіш орнатылған болатын.

Ашылу салтанатына арнайы шақырылған бас мүфти мешіт имамына қасиетті Құран мен кәдесыйлар тарту етіп, сондай-ақ Құндызды ауылының тұрғындарына Алғыс хаттар табыстады.

Гүлжан Естаева

 Абай ауданы

 (Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді)

Осы айдарда

Back to top button