Құмды алқапта бөлімше тұр қырағы…

Қастерлі шекара. Осы сөз тіркесінде қаншама мағына жатыр десеңізші. Шекара – нағыз мықтылардың, патриоттардың, Отанға деген асыл қасиетті қадірлейтін тұлғалардың мекені.
Шекара бөлімшесіне жол тарттық. Жол-жөнекей айнала аласа жоталар, оның арасы – қарағаш, ши, бұта. Бұл аймақтың жер бедері ерекше. Табиғаты алуан құмды алқапта түрлі ағаштар өсіп тұр. Азыққа жарамды жидек, шырғанақ та бар. Жануарлардан қоян, түлкі, елік, сілеусін, қабан, қасқырды, жәндіктерден кесіртке, жыланның түрлерін кездестіріп, түн жарымда үкінің дауысын да естуге болады. Бір жылы қатты дауыл тұрғанда шекара бөлімшесіне еліктің лағы келіпті, халыққа қорған болған бөлімше табиғат-анаға да пана.
52 гектар аралықты алатын құмды өлкенің табиғаты ерек, жазда аптап ыстық елу градусқа дейін барады, жаңбыры аз, мамырдың соңынан бастап маса-шыбын маза бермейді, қысы қалың қарлы. 1979 жылы Лесная деген атаумен застава бой көтерген. Қалың орманды алқаптан застава салу қажеттілігі туындаған, арғы жағында алты шақырым жерде қытай халқы тиіп тұр, шекараны күзету үшін бөлімше салынған. Міне, сол уақыттан бері шекара бөлімшесі ел тыныштығын күзетуде.
Жергілікті жер – құмды, шөлейт өлке, сондықтан 2020 жылы Лесная шекара бөлімшесі Құмбел болып өзгертілді. Шекара бөлімшесінің аймағы шекара басқармасының негізгі күштерді шоғырландыру бағыты болып есептеледі. Бөлімше аймағының оң қанаты – көшпелі құм жоталар.
Тәуелсіздік жылдары бұл бөлімшеге 16 офицер жетекшілік еткен. Қазір капитан Ерден Дүйсенов басқарып отыр. Ол 1991 жылы Қызылордада дүниеге келген. 2014 жылы ҰҚК-нің Шекара қызметі академиясын бітірген.
Ерден Мирамбекұлы қызмет жолын Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты Жаңаталап бөлімшесінен бастады. Кейін Кәкенталды бөлімшесі бастығының орынбасары болды. Қай бөлімшеде қызмет атқарса да, шекарашыға тән қасиеттерімен ерекшеленді. 2018-2020 жылдары шекара басқармасының арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобы бастығының орынбасары болды. Қазір Құмбел бөлімшесінің бастығы қызметін атқаруда. Отбасының тірегі, ұл тәрбиелеп отыр. Былтыр шекараны күзету ісіне қосқан үлесі үшін ҰҚК ШҚ ШҚО бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Е.Алдажұманов грамотамен марапаттады. І дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі», ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарының иегері.
Ерденнің басшылығындағы шекара бөлімшесі таза, жинақы, әр нәрсе орнымен тұр. Ауладағы спорт алаңына, жаттығу орындарына, саптық алаңға, қызметтік жануарлар тұрағына, жалпы бөлімшеге жеке құрам күшімен жөндеу жүргізілген. Қақпалар жаңартылып, жылу құбырлары ауыстырылды, балалар ойын алаңы жөнделді, көлік жуу орны жасалды, із кесу қалашығы реттелді. Бөлімшедегі ақпараттық-тәрбие бөлмесі, сарбаздардың жатын бөлмесі, асхана, қару-жарақ орны талапқа сай. Тәрбие бөлмесіндегі тақтаға сарбаздар ата-ана, туыстарының суреттерін іліп қойыпты, бәрі қызметін абыроймен атқарып, үйге отбасы мақтан тұтардай оралғысы келеді. Жауынгерлерден ширақтық, жауапкершілік байқалады. Себебі олар үнемі ақпараттық-тәрбие жұмыстарына, демалыс сайын мәдени іс-шараларға қатысады, бос уақыттарында спортпен шұғылданады, ай сайын туған күн иелеріне арнап дәмді дастархан жайылады. Үш мезгіл тамақты дәмді әзірлейтін аспаз – сарбаз Асылан Қабдолов. Жауынгерлерден үздік танылып келе жатқандар – бөлімше байланысшылары, қатардағы жауынгерлер А.Айдарханов пен Р.Омаров.
Тәулік бойы шекара қызметі өтіп жатыр. Шекараны күзетуге қызметтік жылқылар да қолданылады. Аттардың шөп-суын, тазалығын қарап, қызметке дайындайтын – қатардағы жауынгер Азамат Тақыбаев. Ол сарбаздарды жылқы баптау ісіне, атқа мінуге үйретеді. Былтыр жауапкершілігі үшін департамент бастығының грамотасымен марапатталған.
Ипсон, Илона, Кейла атты иттер адамды іздеу, тінту, заттарды табу бағытында қызмет атқарады. Бұл иттерді жаттықтырумен, шекара нарядына дайындаумен аға нұсқаушы, ефрейтор Б. Разханов шұғылданады. Аға сержант С.Тыныспеков техникалық көліктерді әрдайым дайындықта ұстайды.
Бір үйдің баласындай ұжым күнделікті тәртіппен жүріп келеді. Жауынгерлер өзге өңірлерден келді, «шекара», «бақылау мұнарасы» деген ұғымдардан мүлдем бейхабар болды. Алайда ер-азаматтың борышы туған жерін қорғау екенін жете түсінді, енді, міне, бұрын тек фильмдерден көріп, таныс, туыс әскерилердің әңгімесінен ғана естіген шекарада жауынгерлік қызметтерін атқаруда.
Бөлімшеге жақын маңда он бес шақты қыстау орналасқан, жергілікті тұрғындар, шаруа қожалықтары шекарашыларға көмектесіп тұрады.
Шекара сақшысы көзі талмай қолындағы дүрбісімен айналаны шолуда. Қандай да бір сыбдыр болса, дереу ақпарат жеткізу – оның басты міндеті. Міне, осылайша шекара шебі сенімді күзетілуде.
Айнұр Марқабаева,
Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасының қызметкері