ҚҰДІРЕТ ИЕСІНДЕЙ ХИРУРГ ЕДІ

Күршім ауданының халқы жерлестерінің арасында есімі аңызға айналған Күршім аудандық орталық емханасының бұрынғы бас хирургі, әскери медицина майоры, құрметті зейнеткер Юрий Александрович Коноваловты ақтық сапарға шығарып салды.
Юрий Александровичті 15 жасымнан білдім. «Күршім ауданының Құрметті азаматы», «Денсаулық сақтау қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған ауыл дәрігері неше мыңдаған әр деңгейдегі операцияларды жасап, халық алғысына бөленген тұлға болды. 1971 жылдан Күршім аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімін басқарды. Күршім ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Бунтовских атындағы көшеде хирургпен көршілес тұрдым, ең жақын көршім болды. Өте сауатты, сондай қарапайым да кішіпейіл жан еді.
Оның шаңырағы үлгілі отбасы болды. Өзі 1945 жылы Қамысты ауылында дүниеге келген. Семей медицина институтын үздік бітіріп, біздің Күршімге хирург болып келді.
Өмірлік жары Светлана Федоровна Күршім аудандық ауруханасының рентген саласында ұзақ жылдар еңбектеніп, зейнеткерлікке шыққан. Тұңғыш қызы Лариса Ресейдің Түменінде, ол да дәрігер, ал кенже қызы Наташа Германияда тұрады.
Ю.Коновалов қызметтен қолы босағанда аңшылықпен, омарташылықпен айналысатын. Зейнеткерлікке шыққан соң үйінің жанынан дәріхана ашып, маңдайшасына дәріхананың атын бадырайтып тұрып қазақ тілінде жазып қойды. Бұл өзінің өскен ортасына, қазақ халқына деген шексіз құрметі екенін ұқтық.
Өмір жолы өнегеге толы аңыз адам туралы айтар жақсы естеліктер өте көп. Юрий Александрович ауылдастарының жанашыры, аурудың арашашысы болып күндіз-түні уақытпен санаспай еңбектенді. «Жедел жәрдем» келіп, оны үйінен жиі-жиі алып кететін. Жұмысы қауырт болса да уақыт тауып, бау-бақшасын суарып, гүлдендіріп жайнатып қоятын.
Күршім аудандық ішкі істер бөлімінде қызметте жүрген кезім. Үйге келгенде мектептен келген қызым ауырып тұрғанын айтты. Жүгіріп көршім Ю.Коноваловқа бардым. Бақшасында картоп егіп жатыр екен. Жүгіре басып менімен бірге үйіме келіп тексеріп, дереу дайындалуымыз қажеттігін айтты. Ауруханаға қоңырау шалып тапсырма беріп, есігімнің алдына келіп қызымды өзінің «Нива» машинасына отырғызып шұғыл операцияға алып кетті.
1970-1990 жылдары Ю.А.Коноваловтың есімі Күршім ауданы тұрғындарының аузында аса құрметпен аталды. Хирург Коновалов десе, елең етпейтін адам кемде-кем. Білікті хирургті халық Алладан кейінгі құдірет иесіндей көрді. Оның алдына барған адамдардың отасы сәтті жасалып, ешқандай асқынусыз, тез жазылып кететін.
1980 жылдары тауда қашып жасырынған қарулы қылмыскерлер бір омарташыны мерт қылды. Омарта ұяларын тонап, түк қалдырмай талқандап тастапты. Алайда неге екені білгісіз бір шетте тұрған жалғыз дүңгіршекке ешқайсысы тиіспеген. Дін аман. Оның сыры кейін қылмыскерлер ұсталғанда барып белгілі болды. Олар жеке тұрған дүңгіршек сыртынан «Коновалов» деген жазуды оқып, оның күршімдік атақты хирургтің мүлкі екенін түсініп, жалғыз соны ғана қиратпай, аман қалдырып, тиіспеген екен.
Адам өмірін сақтау үшін жанталаста Коновалов өзінен қан алдырып та арашашы болғанын ел біледі. Бас хирург қаншама жас мамандарға өзінің тәжірибесін үйретіп тәрбиеледі. Солардың қатарында шәкірттері Сағи Қожабаев, Задабек Шапатов сынды аудан және облысқа танымал абыройлы, абзал жандар бар. Халқы, жерлестері Юрий Александровичтың есімін мәңгі есте сақтайды.
Кентай Алдырбай,
Ішкі істер министрлігінің ардагері, отставкадағы подполковнигі
Күршім ауданы.