Руханият

QR кітап көрмесі ашылды

Өскеменнің көшелерінде QR кітап көрмесі ашылды.  Көрмеге қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының кітаптарынан бастап, балаларға арналған және әртүрлі тақырыптағы шетел жазушыларының да кітаптары қойылған.

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көшпелі QR кітап көрмесіне қойылған кітаптармен танысу үшін қолыңызда ұялы телефон болса болды. Сөредегі QR кодтарды сканерден өткізсеңіз, білім бұлағының көзі ашылып сала береді.

Бұл әсіресе  жұмыстан қолы босай бермейтін оқырман үшін өте қолайлы. Осылайша, кітапхана қызметкерлері жұмысбасты оқырманды кітап оқуға қызықтырудың тағы бір жолын тапқандай.

Кезекті рет кітапхана қызметкерлері сіркіреп жауған жаңбырға қарамастан Металлургтер мәдениет үйінің алдында көрме ұйымдастырды. Қарасы қалың болмаса да, кітап оқуға құштар адамдар баршылық екен.

– Жұмыстан кеш шығатындықтан көп жағдайда кітапханаға баруға мұршамыз бола бермейді. Арасында осы жерге келіп, отбасымызбен серуендеп қайтамыз. Бүгін QR кітап көрмесін тамашалап, тіпті қуанып тұрмын. Мұнда балаларға арналған кітаптар көп екен, маған қатты ұнады. Енді кітапханаға жиі баратын боламыз, – дейді көрмеге келген қала тұрғыны.

Мейрамтай Иманғали

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button