Қойнынан кітап түспейді

Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Жаңаталап елді мекенінде тұратын Қалибек Қажыбаев – тәжірибелі шопан. Қысы-жазы мал соңында.
Кезінде үлкендер «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен мерзімді басылымдарды етігінің қонышына салып алып жүретін еді ғой. Қой қырқымында жүрсе де, қырман басында болса да, тау-тасты бөктерлетіп мал бақса да жантая кетіп оқитын. «Могиканның соңғы тұяғындай» сол үрдісті Қалекең жалғап келеді.
Мүсәпір деген қыстақта қой бағатын ол Жаңаталапқа жиі ат ізін салады. Себебі кітап оқымаса, жаны жай таппайды. Кітапханашы Мунира апайымыз топтастырып кейде өзі апарып береді екен.
«Қалибек кітапқа құмар, біздің кітапхананың тұрақты оқырманы. Әдеби кітаптарды сүйіп оқиды. М.Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып тауысты. Ә.Нұршайықовтың да шығармаларын жатқа біледі. Газет-журналдарды да қалт жібермейді. С.Шаймерденовтің де кітаптарын жата-жастанып оқып бітірді. Жақында С.Досановтың кітаптарын алып кетті. Әрі тез оқиды. Себебі үйде ғана емес, далада мал бағып жүріп те кітаптан бас алмайды. Әбден соған қалыптасып алған. Есесіне, қазақ қоғамындағы өткен-кеткен көп дүниелерден хабардар, көкіректе сайрап тұр бәрі. Жоғары оқу орнын бітірмеді демесеңіз, Қалибек мықты шопан болуымен қатар, рухани бай адам деп есептеймін», – дейді Жаңаталап ауылдық кітапхана меңгерушісі Мунира Қизатова. Оның айтуынша, мұндағы кітап қоры – 3100. Жаңадан келіп жатқан кітаптар легі де аз емес. Дегенмен, тарихи жанрдағылары сөреден сирек көрінді. Мунира апайымыз газеттердің барлығын тап-тұйнақтай етіп тігіп отырады екен. Didar газетінің де барлық нөмірі қатталып тұрғанын аңғардық.
«Мұғалімдер мен оқушылардың рухани «суаты» осы жер. Керегін тауып, түртіп алып жатады. Тұрақты түрде келетін «Ұлан», «Мөлдір бұлақтың» да мектеп тәлімгерлеріне берері мол. «Ақжелкен» мен «Балдырғанның» ескі нөмірлерін пайдаланып жүрміз. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» депті Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев. Әлеуметтік желі адамның өресін өсіріп, танымын тереңдете алмайды. Кейде байқап жүремін, көбіне татымсыз дүниелер жүреді. Желідегінің көбі желпу сөз, ал кітаптағы – жүрек сөзі. Кітап оқитын дәурен бәрібір қайтып келеді. Адам жаны қалай болғанда да сөздің «уызын» аңсайды. Ол – кітапта. Қалибек секілді кітапқұмар жандар көбейе берсін», –дейді Мунира Қизатова.
Иә, Қалибек Қажыбаев қой бағып қана қоймай, ой «бағып» та жүретін жерлесіміз. Ал сіз қаншалықты кітапқа жиі шұқшиясыз, құрметті оқырман…
Ерлан Бапанов