ТОП

Қостанайға гуманитарлық көмек жіберілді

Кеше Аmanat партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен алапат өрттен зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберілді.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына арнайы барып, Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттерді жою жұмыстарының барысын бағалады. Зардап шеккендермен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараларды қабылдайтынын айтты.

– Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Мемлекет басшысы.

Апат кезінде 108 ғимаратқа зақым келген. Өрт салдарынан баспанасыз қалғандарға 91 жаңа үй салынатын болды.

Бұған дейін еліміздегі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өзінің ведомствосы орман өрттерінің пайда болуының бірнеше нұсқасын, оның ішінде отты абайсыз пайдалануды да қарастыратынын мәлімдеген болатын.

Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметіне сүйенсек, өрт салдарынан бір адам қаза тауып, он адам зардап шекті, 1,8 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды, 43 мың гектардан астам аумақты өрт шалған. Өңірде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өрт салдарынан жалғыз баспанасы мен малынан, айналысып отырған шаруашылығынан бір сәтте айырылып қалған қостанайлықтардың басына түскен қиындықты халық бірлесіп еңсеруде. «Halyk Bank» басшылығы жанып кеткен үйлердің барлық иелеріне 1 млн7 теңгеден беріп, олардың қолданыстағы несиелерін жабу туралы шешім қабылдады.

Аmanat партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мен өңірдің қала-аудандарындағы барлық аумақтық филиалдарында Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылды.

Партияның Өскемен қалалық филиалының атқарушы директоры Арайлым Керімбекқызының айтуынша, өрттен жапа шеккен қостанайлықтарға 2 тонна ұн, 30 келі қарақұмық, 500 келі макарон өнімдері, 50 келі күріш, 2 тоннf өсімдік майы, 1 тонна минералды ауызсу, 95 дана шай, 25 дана электр шәйнегі, 200 дана сабын мен 155 дана тіс пастасы жіберілді. Бұл қор ашылған бір тәуліктің ішінде облыс кәсіпкерлері мен демеушілерден келіп жеткен көмек. Ұйымдастыру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Партияның қабылдау пунктіне бұзылмайтын азық-түлік пен жаңа киім-кешек, төсек жабдықтары қабылданады.

Аmanat партиясының мекенжайы: Өскемен қаласы, Қасым Қайсенов көшесі, 121. Байланыс телефоны – 8 777 271 13 90.

Айта кетсек, Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Қайырымдылық KZ» бірыңғай қоғамдық қоры құрылып, оған еліміздегі кәсіпкерлер мен демеушілер шама-шарқынша, мекеме-ұжымдар бір күндік еңбекақысын аударды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button