Ел аймақтарын бір-бірінен айыратын ең маңызды факторлардың бірі – табыс деңгейі мен жұмыссыздық екені бесенеден белгілі. Бүгінде аталмыш үрдістер халық саны көп оңтүстік өңірлерде ерекше байқалып тұрғаны да рас. Осы себепті ел билігі оңтүстік өңірлердегі артық жұмыс күшін еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарына қоныстандыру туралы шешім қабылдады.
Осы бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жаңа жерге қоныс тепкендерді тез жерсіндіруді қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен жеке қаражат қарастырылды. Қазіргі уақытта аталған бағытта «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» және 2014 жылдан бері қолға алынған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін-2050» білім беру бағдарламаcы септігін тигізіп келеді.
Жалпы, «Серпін» бағдарламасы аясында оңтүстік аймақтардан келген жастар білім беру, техникалық немесе ауыл шаруашылығы ғылымдары саласы сияқты негізгі үш бағытта тегін оқытылып, қажетті білімін алған соң, сол жерде тұрғылықты қалуы көзделді. Оқу барысында грант иегерлеріне жатақхана беріліп, шәкіртақы төленеді.
Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аймақтардағы еңбек диспропорциясын жоюға, еңбек ресурстары ұтқырлығын ынталандыруға бағытталды. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қоныс аударуға, жыл көлемінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге кеткен шығындарын жабу сияқты мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Сонымен қатар бағдарлама аясында жер учаскелерін тегін пайдалануға беру де қарастырылып, қоныс аударушылардың еңбекақысын субсидиялау, сондай-ақ оларды оқыту және қайта мамандандыру сынды қолдау шаралары жасалуда.
Қызығушылар қатары артып келеді
Бүгінгі күні бұл бағытта нәтижелі жұмыс жүргізіп отырған өңірлердің бірі – Өскемен қаласы. Ірі индустриялық орталық болып табылатын шаһарға соңғы жылдары қызығушылар қатары артып келеді. Қазіргі уақытта аумақтағы еңбек ресурстарының ұтқырлығын жүзеге асыру мақсатында қала әкімдігі биылдың өзінде ғана өзге облыстардан көшіп келуге ниет білдірген 20 отбасын өңірлік квотаға енгізген.
– Қазірде жұмыс күшінің негізгі шығу өңірлері ретінде Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары анықталған, – дейді Өскемен қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Сұңғат Омаров. – Ерікті өңіраралық қоныс аудару үрдісіне қатысамын деушілерге және олардың отбасы мүшелеріне көшуге табысталатын бір реттік материалдық көмек 70 айлық есептік көрсеткіш, яғни 204 190 теңге мөлшеріндегі қаражат отбасының әр мүшесіне беріледі.
Сонымен қатар бағдарлама қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбасты азаматтарға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын өтеуге қалалық жерге қоныс аударғандар үшін 12 ай көлемінде ай сайын 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін қаржылай көмек көрсетіледі. Атап айтсақ, егер отбасы мүшесі бір адам ғана болса, оған ай сайын 20 айлық есептік көрсеткіш немесе 58 340 теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Отбасында екіден төрт адамға дейін болса, мұндай жанұяға ай сайын 79 925 теңге тиесілі. Ал отбасындағы адам саны бестен көп болса, ай сайынғы материалдық көмек – 87 510 теңгенің мөлшерін құрайды.
– Бұдан басқа, аудандық комиссия ұсынымдары негізінде меншікке сатып алынатын тұрғын үйді сатып алу туралы алдын ала сатып алу келісімшарты жасалса, отбасына жылына есептелген қаражат шегіндегі материалдық көмек бір реттік түрде беріледі, – дейді Сұңғат Омаров.
Жауапты тұлғаның айтуынша, биыл қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдау бойынша бөлінген квотаның жалпы сомасы 56,4 млн. теңгені құраған көрінеді. Оның ішінде көшуге арналған 500 мың теңге субсидия мен тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеуге бағытталған 13,3 млн. теңге республикалық бюджеттен қарастырылса, облыстық бюджеттен көшуге арналған субсидия 36,1 млн. теңге, ал тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеуге 6,5 млн. теңге мөлшерінде бөлінген. Яғни, қоныс аударып келемін деушілерді қарсы алатын өңірдің өз бюджетінен бағытталған қаражаты анағұрлым көп. Бұл бір жағынан түсінікті де. Өйткені жұмыс күші басым өңірден қоныс аударып келген азамат бірінші кезекте орныққан аймағына пайдасын тигізетіні белгілі.
– Ағымдағы жылдың басынан бастап қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі комиссия отырысының шешімімен бағдарламаға қатысушылардың құрамына 43 адамнан тұратын 23 отбасы енгізілді. Оның ішінде бес отбасы Моңғолия Халық Республикасынан болса, құрамында 38 адамы бар 20 отбасы жұмыс күші басым өңірлерден қоныс аударып келушілер болды, – дейді Сұңғат Омаров.
Осылайша, биыл Өскемен қаласы бойынша өңірлік квотаға енгізілген отбасыларды Алматы облысынан келген – 10, Жамбыл облысынан келген – 2, Түркістан облысынан келген – 6, Қызылорда облысы мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген бір отбасы құрады.
Шығыс өңірі жылы қарсы алды
Жұмыс күші басым өңірлерден еңбек етуге құлшынысы бар азаматтарды тартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың қызығын көріп отырған жанның бірі – Түркістан облысы, Созақ өңірінің тумасы Жансая Манатай. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» бағдарламасы аясында Шығыс өңіріне тартқан Жансая Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін «Геодезия және картография» мамандығы бойында тәмамдаған. Кейін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы туралы естіп, Шығыс Қазақстанда қалуды ұйғарады. Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығынан кеңес алып, бағдарламаға қатысуға өтініш берген ол 88 375 теңге мөлшерінде көшуге арналған материалдық көмекке қол жеткізеді.
– Биылғы жылдың қаңтар айында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жекешелендіру құқығымен қаланың сол жақ бөлігіндегі жаңа ауданнан бір бөлмелі пәтер алдым, – дейді Жансая Манатай. – Өскемен қаласына келгеніме алты жылдың жүзі болды. Ата-анам бастапқыда танымайтын жер, танымайтын елде қалай өмір сүресің деп айтқаны рас. Дегенмен, мен біржолата бел буып, қысы қытымыр өлкеге тартып қойдым. Шығыс Қазақстан мені жылы қарсы алды. Осында білім алып, еңбек жолымды бастадым. Келгеніме еш өкінген емеспін. Қазіргі уақытта облыстық әкімдікке қарасты басқармалардың бірінде қызмет атқарамын.
Екі қолға бір күрек ұстауға мүмкіндік алған жандардың тағы біреуі – алматылық Алтынай Құттымбаева да «Еңбек» бағдарламасы бойынша Шығысқа келген жас маман. Талдықорған қаласының медициналық колледжін «мейірбике ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған ол өткен жылы отбасымен бірге Өскемен қаласына көшіп келген. Бағдарлама аясында көшуге арналған материалдық көмек пен тұрғын үйді жалдауға арналған ай сайынғы көмекке қол жеткізген ол қазіргі уақытта Өскемен қаласындағы Оңалту орталығының емшара бөлімінде мейірбике қызметін атқарады.
– Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының кеңестері бойынша барлық құжаттарды жинап, материалдық көмекке қол жеткіздім. Климаттық жағдайы туған жерімнен бөлек болса да отбасымызбен бой үйреттік. Қазіргі уақытта екі ұлым да қала мектептерінде білімдерін жалғастыруда, – дейді Алтынай Құттымбаева.
Келісімшарт бес жылға жасалады
Қоныс аударып келген ел азаматтарына барлық жағдайдың жасалатынын алға тартқан Сұңғат Омаров еңбек күші басым өңірлерден келушілермен бес жылға арналған келісімшарт жасалатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде еңбек күшін қабылдаушы тараптың өзін-өзі сақтандыруы десек те болады. Өйткені климаттық, я болмаса денсаулығына байланысты себептермен келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін келген жеріне кері қайтамын деушілер мемлекет тарапынан берілген барлық шығындарды қайтарулары қажет.
– Егер адамның денсаулығы болмай жатса, оны мәжбүрлеп ұстап отыра алмаймыз ғой. Ондай жағдайда ол мемлекеттен берілген барлық ақшаны қайтаруы тиіс, – деді Сұңғат Омаров. – Кейбіреулер мүлдем жұмыс таба алмайды, енді біреулер біраз жүрген соң басқа облыстың тұрғынымен тұрмыс құрып жатады. Мұндай жағдайда әсіресе, әйел адам отбасынан жырақта жүре алмайды ғой. Ондай кезде де барлық кеткен шығындарды қайтарып, өзге өңірге баруына болады.
Қоса кетсек, бүгінде Шығыс Қазақстанға келу мүмкіндігі жоқ өзге өңір тұрғындары тұрғылықты жерлеріндегі жұмыспен қамту орталығына жүгініп, өзі таңдаған облысқа құжаттарын жолдауларына болады. Ондай кезде қабылдап алушы жақтың оң шешімін алса болды, мұндай отбасылар жарты жыл ішінде қалаған өңіріне көшіп келе алады.