Қорытынды аттестациялау болмайды

Биыл елімізде бірқатар сыныптар бойынша қорытынды аттестациялау жүргізілмейді. Бұл туралы Алтай аудандық білім бөлімінің басшысы Бақытгүл Қанафина хабарлады.
– Бірыңғай ұлттық тестілеу толықтай электрондық форматта өтіп, талапкерлер тестілеуден екі рет өте алады. Екі тестілеу де тегін және мемлекеттік білім грантына қатысу үшін екі талпыныс та жарамды болады. ҰБТ сәуір, мамыр, маусым айларында жүргізіледі. Оны өткізу орнын, уақытын тестіленушінің өзі таңдайды. Пән саны бұрынғыдай болып қалады, яғни үш пән міндетті болса, екеуі таңдау бойынша. Тест тапсырмаларының саны да өзгермей 120 болып қалса, максималды балл саны – 140, сонымен қатар тестілеу ұзақтығы да бұрынғыдай 4 сағат, – деді бөлім басшысы.
Айта кетсек, былтыр коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда бітіру емтихандары болмай, қорытынды аттестациялау жылдық бағалар негізінде жүргізілді. Биыл 9 сыныптар оқушылары үш емтихан, 11 сынып оқушылары төрт емтихан тапсырса, 1-8, 10 сыныптарда қорытынды аттестациялау жүргізілмейді.
Азамат Темірбеков