Қоржында 13 жүлде
Өскеменде шинкиокушинкай каратеден республикалық біріншілік мәресіне жетті, деп хабарлайды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі. Шаһардағы Жекпе-жек сарайында өткен додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 600-ге жуық спортшы қатысқан.
Осы ретте, екі күнге созылған елішілік жарыс 12 мен 23 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар арасында өткенін айтқан абзал.
Байрақты бәсекеде біздің облыстың атынан өнер көрсеткен жас каратешілер намысты қолдан бермей, жалпы саны 13 жүлдеге ие болды. Оның тең жартысына жуығы – алтын медаль. Атап айтсақ, биылғы ел чемпионатында Аружан Тожыбаева (14-15 жас аралығындағы спортшылар сайысы, 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесі), Әдия Бейсембаева (14-15 жас, 60 келіден жоғары салмақ), Ботагөз Мұқашева (18-23 жас, 60 келіден жоғары), Елизавета Липовая (18-23 жас, 55 келі), Шаша Эийбов (14-15 жас, 65 келіден жоғары) пен Всеволод Козловский (12-13 жас, 50 келі) топ жарса, Әлима Қадырова (16-17 жас, 50 келі), Екатерина Епанчинцева (14-15 жас, 60 келіден жоғары) мен Данияр Аманғалиев (14-15 жас, 55 келі) күміс медаль иегері атанды. Сондай-ақ Ерасыл Мэлс (16-17 жас, 60 келі), Камила Смағұлова (12-13 жас, 45 келі), Айсұлтан Елемес (16-17 жас, 65 келі) пен Ислам Адайбек (12-13 жас, 45 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.
Жерлестеріміздің осындай жемісті өнерінің арқасында Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жалпыкомандалық екінші орынға ие болды. Бұл ретте, биылғы жарыста бірінші орыннан елордалық каратешілер көрінсе, үздік үштікті Алматы облысының құрамасы түйіндегенін айтқан жөн.
Нұржан Кенжеұлы