Қоғам

Қорғасын зауыты 70 жылдығын атап өтті

Айжанат Бақытқызы

«Казцинк»-тің Өскемен металлургиялық кешенінде Өскемен қорғасын зауытының құрылғанына 70 жыл толуына орай үздік еңбеккерлер марапатталып, Алғыс хаттар мен ақшалай сыйақы берілді.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1952 жылғы 25 маусымда Өскемен өнеркәсіп алаңында алғашқы қорғасын алынған. Сол кезде құрылған кәсіпорын кейін қарқынды дамып, «Казцинк»-тің Өскемен металлургиялық кешенінің құрамына енді. Зауытпен бірге мамандардың біліктілігі де артты.

«Казцинк»-тің металлургия жөніндегі атқарушы директоры, Өскемен металлургиялық кешенінің директоры Тұрарбек Әзекеновтің айтуынша, қорғасын зауыты құрылған уақыттан бері әлемнің ешбір елінде қолданылмаған заманауи жабдықтарымен және технологияларымен танымал болды. Қазір де кәсіпорын жетекші орындардан түскен емес. «Казцинк» елімізде қорғасын шығару бойынша бірінші орында. Завод жылына осы металдың 150 мың тоннасын өндіреді.

Қорғасын өндірісі бір уақытта концентраттардың 12 түріне дейін өңдейді және оның соңғы өнімі титулдық қорғасын ғана емес. «Казцинк»-тің өзге бөлімшелері үшін дайын өнім мен металға бай шикізаттың бірнеше түрі шығарылады.

Қорғасын зауытының ерекшелігі – оның экологиялық тазалығы. Айталық, 2012 жылы мұнда ауқымды жаңғырту жүргізіліп, күкіртті ангидрид шығарындыларын азайту үшін жаңа ISASMELT технологиясы енгізілген. Бұл жаңа технология газдарды тиімді өңдеуге және оларды тауарлық өнім – күкірт қышқылына айналдыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ISASMELT технологиясы балқыту жабдығының толық герметикалығымен және толығымен кәдеге жаратуға болатын жоғары концентрациялы газдарды аз көлемде алуымен ерекшеленеді.

Қорғасын зауытында ауадағы шаң да бостан-босқа жойылмайды. Шаң тұту бөлімінің қызметкерлері сағатына 3 млн. текше метрге дейін ауа тазартады. Бұл өндіріс шығындарын мүлдем болғызбауға мүмкіндік береді. Яғни, алынған шаң қайтадан пештерге жіберіледі.

– 70 жылдың ішінде қорғасын зауыты тиімді, заманауи әрі экологиялық таза өндіріске айналды. Біз бір орында тұрмаймыз, жаңа технологияларды үздіксіз меңгеріп келеміз. Өзгермейтін бір нәрсе бар, ол  – өз жұмысына шексіз берілген металлургтеріміздің кәсіби шеберлігі. Солардың арқасында осындай жетістіктерге жетіп келеміз. Шетелдік әріптестер біздің тәжірибемізді бірнеше рет қабылдап алды, себебі казцинктіктер  – өз саласының үздіктері. Қорғасын зауыты алдағы уақытта да талай асуларды алатынына сенімдімін, – дейді Өскемен металлургиялық кешенінің директоры Тұрарбек Әзекенов.

Салтанатты жиынға қатысушылар қорғасын зауытының 70 жылдық тарихынан сыр шертетін деректі бейнежазбаны тамашалады. Жас мамандар қорғасын зауытында 40-50 жыл табан аудармай еңбек еткен Николай Роженцев, Шаймұрат Сансызбай, Төкен Доскенов сияқты ардагер металлургтердің өнегелі естеліктерін тыңдады.

Заман ағымына қарай технологиялар ауысқанымен, адамның мамандығына деген адалдығы, жауапкершілігі, олардың бәсекеге қабілетті болуы әркез алғашқы орында. Сондықтан зауытта жастардың оқуына, біліктілігін арттыруына, алаңсыз еңбек етуіне барынша жағдай жасалған.

Осы айдарда

Back to top button