«AMANAT»ТОП

Қордаланған мәселелер қозғала бастады

Таза су мен жол, ұялы байланыс пен интернет, сапалы медициналық қызмет және жұмыс. Amanat партиясының көшпелі қоғамдық қабылдауларында ауыл тұрғындары негізінен осы мәселелерді көтеруде.  

Amanat партиясын жаңғырту бағдарламасы аясында бірқатар бастама сәтті іске асуда. Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын тыңдауға бағытталған мобильді қоғамдық қабылдау жобасы 14 наурызда басталған.

Облысқа республикалық мобильді қоғамдық қабылдаудың өкілдері кеп, Алтай, Катонқарағай аудандарының тұрғындарымен кездесті. Оған облыстық партия филиалының басшылығы, облыстық мәслихат депутатары, облыстық басқармалар басшылары қатысты.

Әуелі олар Алтай ауданының Полянское ауылына, кейін Катонқарағай  ауданының Кіші Нарын ауылына барды. Екі ауылдық округтен басқа көршілес Тұрғысын, Алтынбел ауылдарынан да азаматтар қатысты. Қабылдауларға 30-дан астам азамат мәселелеріне жауап іздеп келді. Осы күні Жарма ауданының Жаңғызтөбе, Белтерек, Бесқарағай ауданының Қарағайлы ауылдарында да осындай қабылдаулар жүрді.

Қабылдауларда тұрғындар ауызсу, ауыл ішіндегі жол, көшелерді жарықтандыру, ұялы байланыс пен интернет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыссыздық сынды әлеуметтік мәселелер көтерді. Мәселен, Полянское ауылдық округінің тұрғыны А. Шишкунов интернет жылдамдығы тым төмен екенін жеткізді.

– Ұялы байланыс, интернет мәселесі пандемия кезінде қатты сезілді. Балаларымыз онлайн сабақ оқығанда қиындықтар туды. Осы мәселенің шешілуіне ықпал етсеңіздер екен, – деді ол.

Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау өкілдері бұған дейін бірнеше облыста болып, халықтың шағымына құлақ асқан.

Облыстық филиал мобильді қабылдауларын Шемонайха, Глубокое, Ұлан,   аудандарында өткізді. 6 ауылдық округ қамтылған қабылдауларға 150-ден астам азамат кеп, өтініштерін білдірді.

– Осыған дейін республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі 179-ға жуық қабылдау өткізіп, оған 2200-ден астам азамат келді. Айға жетпей өтініштердің 21%-ы оң шешілді. Полянское және Кіші Нарын ауылдарында қабылдау өткіздік. Полянское ауылында ауызсу, жол жөндеу мәселесі жиі көтерілді. Айталық, Алтай – Рахман қайнары автожолын жөндеу, ауылдағы Киров көшесін реттеу, ауыз су резервуарын, сорғыны жөндеу жөнінде айтылды. Тұрғындар сұрақтары жиналып, республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы министрлікке хат жолданады. Әр мәселеге тиянақты жауап берілуін қадағалаймыз, – деді республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңесшісі Ардан Аралбай.

Облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанованың айтуынша, филиалдың қабылдау бөлмелеріне былтыр 11 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 41%-ы шешілген. Ал, биыл 3 мыңға жуық шағым қабылданып, оның 38%-ы оң шешіліпті.

Amanat партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне көмек сұрап келетін азаматтар өте көп. Қабылдау бөлмелері тұрғындар үшін сұрақтарға жауап табатын бірден-бір тиімді алаңға айналып отыр.

 

Тәттімбек Асханұлы

Осы айдарда

Back to top button