Қоғам

Қорда қант жеткілікті

Азамат Темірбеков

Өңірде қант тапшылығы жоқ екенін мәлімдеген облыстың құзырлы ұйымдары тәтті тауардың дүкен сөрелерінде таусылып, кейін дефицитке айналуын жоққа шығарды. 

Соңғы уақытта дүкен сөрелеріндегі қант бағасының шектен тыс шарықтап кетуі көпшіліктің көкейінде сан алуан сауал туындатқаны рас. Әлеуметтік маңызы бар тауар түрінің дефицитке айналуы мүмкін екендігі де жиі айтылып, ел арасында кейбіреулердің қантты көп мөлшерде сатып ала бастағаны жайлы қауесет тарады. Дегенмен, қазір қант бағасын қалыпты деңгейде ұстауға бағытталған жұмыстар өңір басшылығы тарапынан атқарылуда. Осындай шаралардың бірін қолға алған облыстың тұрақтандыру қоры қазірде қантты қолжетімді бағамен өз павильондарында сатып жатыр.

Қанттың жақын арада қор павильондарында түгесіліп қалуы мүмкін еместігін алға тартқан «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының директоры Тамара Рахымжанова апта сайын бір вагон қанттың жеткізіліп тұратынын атап өтті.

– Тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде қант таусылып қалады деген жаңсақ пікір. Өйткені біз екі мың тонна қант сатып алдық. Оның үстіне апта сайын бір вагон қант жеткізіліп отырады. Бұдан бөлек, біздің қоймаларда оған қосымша 68 тонна қант бар. Шілде айының ортасына дейін аптасына бір вагон қант жеткізіліп тұрса, шілде айының ортасынан кейін екі вагоннан жеткізілетін болады. Сол себепті бізде қант мәселесі бойынша проблема жоқ, – деді Тамара Рахымжанова.

Ол аудандардағы сауда павильондары аптасына бес тонна қант саудаласа, оларды көбіне бір адамдардың қайта айналып келіп сатып алатынын айтады. Бір адамға қанттың бір-екі келіден артық сатылмайтынын білген тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұрып, күнделікті сатып алудан жалықпайды. Осылайша, тұрақтандыру қорының арзан бағадағы қантымен тосап қайнатуды көздейтін олар өңірде қантқа деген қажеттілік күйіп тұрғандай әсер қалдыруда.

Қазіргі уақытта облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеу бойынша жеткізушілермен және «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясымен тұрақты негізде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, «айналым схемасы» бойынша жұмыс істейтін тұрақтандыру қоры 2021 жылдан бастап бағаны тежеу  бағытындағы жұмыстарды жүргізіп жатқан көрінеді.

Бүгінде халық үшін қанттың қолжетімділігін арттыру мақсатында қант өндірушілермен және ірі сатушылармен келіссөздер жүргізілген. Атап айтсақ, Тараз қант зауыты биыл тамыз-қыркүйек айларында келісі 460 теңгеден, Көксу қант зауыты шілде-тамыз айларында келісі 450 теңгеден қант жеткізуге дайын. Ал «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы үндістандық қанттың келісін 450 теңгеден импорттайды.

Сонымен қатар облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ететін комиссияның шешімімен Көксу қант зауытынан 946 тонна көлемде қосымша қант сатып алу жайында шешім қабылданды.

Осы айдарда

Back to top button