ӨзектіТОП

Қоқысты қолмен шығара ма?

Жарма ауданының орталығында 200 қоқыс контейнері болуы керек. Бірақ қазір «аузы-мұрынынан шығып» небары 10 жәшік тұр. Оның өзі қақпағы жоқ әрі орнынан қозғалмайтын ауыр бетондар. Ал жұмысшылар болса жұмысқа күнделікті күрткелерімен шығып жүр. Арнайы кәстөмдер әлі берілмеді.

Біз ауылға барған сапарымызда біршама терең «жәшікке» еңкейіп, түбіндегі қоқысты қолмен алып шығып жатқан тазалықшы әйелдерді әңгімеге тартқанбыз. Олар «енді қайтеміз, жұмыстан шығарып жібереді ғой» деп, иығын қиқайтысқан да, шаруасын жалғастыра берген.

Ауыл тұрғындары болса, «Жұмысшылар осы киіммен дүкенде, елдің ішінде жүреді. Санитария талабына сай келмейді мүлде» деп, кейіс білдірді.

Мән-жайды білу үшін Қалбатау ауылының әкіміне хабарластық.

– Кәсіпкерлердің көмегімен бетоннан құйылған 10 қоқыс «жәшігін» қойғыздым. Негізі бұл мүлде аз. Қазір тазаласаңыз, ертең толып тұрады. Ауылымыз үлкен. Былтыр 200 контейнер алу үшін бюджетке ұсыныс бергенбіз. Оларды орнататын орынды белгілеп, құжатын әзірлеп те қойдық. Қаражат бөлінген жоқ. Мәслихаттың келесі сессиясында береді деп тосып отырмыз, – деді әкім Берік Сәмежанов.

Оның айтуынша, ауылдағы қоқысты бұрын аптасына бір рет шығарып келген, қазір екі рет тазалап тұруға кірісті.

– Тазалықпен жеке кәсіпкер айналысады. Онымен келісімшартқа отыру үшін әрбір үйге түсіндіру жүргізіп жатырмыз. Кейбірі келісімшартсыз, қоқысты тыныш қана жәшікке тастай сап жүре бергісі келеді. Бұл да бір қиын шаруа, – деп, Сәмежанов халыққа айтар өтініш сөзін де қоса кетті.

Оның айтуынша, жұмысшылардың арнайы киім мәселесі де қаржыға келіп тіреледі.

– Былтырғы киімдері тозды. Қаржыландыру енді ғана ашылды. Алдағы уақытта алып береміз. Жалпы жылда қамтамасыз етіп келеміз, – деді Сәмежанов.

Санитария талабы бойынша, қоқысты жинау үшін қақпағы қатты контейнерлер қолданылады және ол тұрғын үй ғимараттарынан, балаларға арналған ойын алаңдарынан, демалу, спортпен айналысу алаңдарынан 25-100 метр қашықта орналастырылып, үш жағынан 1,5 метр биіктікте қоршалуға тиіс. Ал жұмыскерлер арнайы киіммен қамтамасыз етілуі керек.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button