Қоқыстан арылтты
Марқакөл өңірінде егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелері қоқыстан тазартылуда.
Бұл туралы Күршім ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында айтылған. Аудан басшылығының хабарлауынша, аталмыш аймақта егістік алқаптарын суаратын арық желілерін тазалау бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынып, марқакөлдіктер жергілікті коммуналдық шаруашылық жүргізу мекемесінің техникаларының көмегімен «Щучинск» каналының арнасын арамшөптер мен қоқыс қалдықтарынан арылтқан. Сонымен қатар бұл жерлерде арық арналарының бағытын реттеу арқылы егісті көктемгі суаруға дайындады.
Бұдан бөлек, тазалыққа жауапты мекеме техникаларын жұмылдыру арқылы Марқакөл ауылының кіреберіс және шығаберіс жолдарының бойларындағы қоқыс төгетін орындардағы қалдықтар жиналып, бір жерлерге үйілді. Бұған қоса, ауыл тұрғындарының қатысуымен елді мекен ішіндегі бау-бақшаларды суармалы сумен қамтамасыз ететін арық желілерінің көздерін ашуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Азамат Темірбеков