Сурет авторы: Тілеубек Шаяхмет
Өскемен мен Семейде қоқыс сұрыптайтын екі зауыт салынып жатыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін тұрмыстық қалдықтардың кемінде 30 пайызын қайта өңдеуге жөнелтіп отырады деп жоспарланған. Біз зауыт қалай жұмыс істейтінін, тұрғындар бұдан қалай пайда таба алатынын және қаладағы даулы қоқыс полигонының мәселесі қалай шешілетінін анықтауға тырыстық.
Автоматтандырылған жабдықтар алынды
Өскеменде салынып жатқан зауыттың құрылысын республика бойынша қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуды ұйымдастырушы «ӨКМ Оператор» компаниясы мен қала басшылығы таныстырды. Кешен қоқыс полигонына жақын аумақта 4,2 гектар алаңда салынып жатыр. Жоба жетекшісінің айтуы бойынша, ғимараттың іргетасы құйылып, коммуникация жүргізілді. Қазір металл конструкциядан жасалған корпусты монтаждауға дайындық басталды. Кешен жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптай алады. Пайдалануға 30 тамызда берілмек. Ал Семейдегі зауыт 29 тамызда қолданысқа өтеді.
Зауыт қоқысты негізінен автоматты түрде сұрыптайды. «Өскеменспецкоммунтранс» компаниясының директоры Қазез Махамбетовтің айтуы бойынша, зауытқа келген қоқыстың пакеті арнайы мәшинеде ашылады. Сосын төрт адамдық кабинада өңдеуге келмейтін тек ірі қалдықтар қолмен алынып тасталады. Одан ары барабан сепараторда ұсақ, ірі қалдықтар електен өтеді, баллистикалық сепараторда қалдықтар тойтарылады, магнит сепараторда қара металдар алынып тасталады, құйын ток сепараторында алюминий металдар алынып тасталады, оптика сепараторында қалдықтар сәуле арқылы жеке-жеке (мысалы, қағаз, пластик, целлофан) түріне қарай бөлінеді де соңғы кезең – пресстеуге жіберіледі. Бұл бөлімде сұрыптаудан өткен қалдықтар нығыздалып, бункерге сақтауға қойылады. Қойма толғанда қалдықтар пакеттеледі де басқа облыстағы өңдейтін зауыттарға жөнелтіледі. Ал өңдеуге жарамсыз қалдықтар (олар да пресстеліп – авт.) полигонға шығарылады.
– Автомат жабдықтарды басқаруға, шамамен, 30 адам жұмысқа алынады. Одан бөлек төрт-бес адам күзетші ретінде жұмыспен қамтылуы мүмкін. Айта кетейік, біз Грекияға екі рет бардық. Бірінші рет осы аталған жабдықтарды таңдадық. Екінші рет олармен жұмыс істеуді үйреніп қайттық, – деді Қазез Махамбетов.
Оның айтуы бойынша, бұл автоматтандырылған Sabo брендінің жабдықтары Грекиядан 1,35 миллиард теңгеге сатып алынған. Қазір қалаға оптикалық және баллистикалық сепараторлар жеткізілді. Тізбекті және таспалы конвейерлер, алдын ала сұрыптау кабинасы мен барабан сепараторы келесі партиямен алдырылады. Жабдықтар қала әкімдігінің балансына беріледі.
Тұрғындар нені білуі керек
және полигон мәселесі қалай болады?
– Өскеменде тұрғын үй аулаларына сары, көк және жасыл түсті қоқыс контейнерлері қойылып жатыр. Әрқайсының сыртында қандай қалдықтарды тастау керегі жазылған. Сары контейнер – қағаз, пластик қалдықтарға, көк контейнер – шыны ыдыстарға, ал жасыл контейнер тамақ қалдықтарына арналған. Мұны StopMusor жобасы аясында еріктілер де халық арасында насихаттап, түсіндіріп шығады, – деді StopMusor жобасының үйлестірушісі Асыл Оқапова.
«ӨКМ Операторы» компаниясының директоры Медет Құмарғалиев халық бұл істі дұрыс түсінеді және қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға атсалысуға даяр деп сенеді. Оның айтуы бойынша, алдыңғы қатарлы елдер қалдықты сұрыптап, өңдеуге әлдеқашан кірісіп кеткен. Экологиялық ахуал әлемде қатты ушығып тұрғандықтан, қоршаған ортаны таза ұстау, табиғи өнім тұтыну өте өзекті болып отыр. Егер тұрғындар қалдықтың бәрін бір контейнерге салса немесе тасымалдаушы жүк мәшинелері тағам қалдықтарын өзгесімен араластырып алып келсе, жоба құрыды деп айта беруге болады. Сондықтан әр контейнердегі қоқысты әртүрлі жүк көлігі зауытқа жеткізіп тұрады.
– Макулатура, пластик, шыны және металл қалдықтарын бізге тапсырып, тұрғындар да табыс таба алады. Тамыздан бастап EcoQolday HOME жобасын жүзеге асырамыз. Тұрғындар осы жобаның қосымшасын смартфонға жүктей отырып, сауда-саттық тәсілімен жинаған қалдықтарын өткізеді. Айта кетейін, елімізде қағаз, шыны қалдықтарды өңдейтін зауыттар бар. Олар шикізатқа зәру. Сондықтан жаңа зауыттың жұмысы нәтижелі болары анық. Біз қоқыс жинау және сұрыптаумен айналысқысы келетін бизнесмендерге де қуана-қуана қолдау көрсететінімізді хабарлаймыз, – дейді Медет Құмарғалиев.
Сонымен, зауыт қалада жиналатын қалдықтың, кем дегенде, 30 пайызын өңдейді. Өңделмейтіні – негізінен тағам қалдықтары. Ол бір жыл көлемінде қолданыстағы полигонға шығарылады. Ал келесі жылы қоқыс өртейтін зауыт салынады.
– 1959 жылдан бергі қолданыстағы полигон толып, пайдалану мерзімі асып тұрғаны бәрімізге белгілі. Келесі жылға дейін онда тағам қалдықтары престеліп шығарыла тұрады. Келесі жылы дәл осы маңда қоқыс өртейтін зауыт салынады. Өңделмейтін қалдықтар сонда өртеледі. Қазір полигонда жиналған қоқыс та сонда өртеледі. Демек, болашақта бізге қоқыс полигоны мүлде керек емес, – дейді қала әкімінің орынбасары Денис Федченко.
Қалада қоқыс полигоны мәселесінің шешімі бірнеше жылдан бері табылмай келген. Аулалар мен аялдамаларға түрлі қоқыс жәшіктері және контейнерлер бұған дейін де қойылғанымен, оның ақыры түсініксіз күйде қала берген. Дегенмен биыл сұрыптайтын зауыт салынып жатқандықтан жоба жетекшілерінің жаңа контейнерлерді қоюы мен қала басшылығының халыққа айтқан сөзі сенімдірек шығып отыр.
Тасқын Болатұлы