ТОП

Риддерліктерге жаңа баспаналар мерзімінен бұрын тапсырылды

Қоныс той

Риддердегі орман өртінен зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы Үкімет белгілеген мерзімнен бұрын аяқталды.

Биыл көктемде Риддер қаласында жалпы ауданы 290 гектарды шарпыған орман өрті болып, соның салдарынан 272 гектар орман мен отыздан астам тұрғын үй жанып кеткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді жеке бақылауына алған еді. Ал облыс әкімі Даниал Ахметов кеншілер қаласының Ботаника ауданында өрттен зардап шеккендерге арналған бір қабатты 30 үй және жергілікті көпбалалы отбасылар үшін тағы екі үй салуды жергілікті билікке тапсырған.

Еске салайық, ағымдағы жылдың 24 мамыры күні Премьер-Министр Асқар Мамин өрттен зардап шеккендермен кездесіп, баспанасынан айырылған тұрғындарға арналған үйлердің құрылысын 15 тамызға дейін аяқтауды тапсырған болатын. Қуанышқа орай, қарқынды жүргізілген жұмыстың нәтижесінде құрылыс мерзімнен бұрын аяқталды. Сонымен қатар жаңадан қоныстанушылардың барлығына алдын ала орнатылған ас үй жиһазы сыйлық ретінде берілді.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов Құрбан айттың алғашқы күнінде өрттен зардап шеккен 11 отбасы мен көпбалалы бір отбасына үйдің кілттерін табыстады. Қалған 20 отбасы да жаңа үйлеріне жақын уақытта кірмек.

– Осыдан екі айдай уақыт бұрын баспаналарыңыздан айырылып, қиын жағдайда қалған едіңіздер. Енді міне, Президенттің, облыс басшысының шұғыл әрекетінің нәтижесінде қасиетті Құрбан айт мерекесінде жаңа ауданда, жаңа баспанаға ие болып отырсыздар. Біздің құрылысшыларымыз да жағдайды жете түсініп, баспаналарды мерзімінен бұрын тапсырды. Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен, қуанышты күндеріңізбен құттықтаймын. Енді жаңа баспананың кілттерін өздеріңізге тарту етуге рұқсат етіңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.

– Бүгін Құрбан айт мерекесінде жаңа баспана алғаныма отбасыммен бірге мен де өте қуаныштымын. Қысқа уақыттың ішінде үй салып бергені үшін мемлекетімізге, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына, жергілікті құрылысшыларға және барлық қазақстандықтарға риддерліктердің атынан  рахмет айтамын. Мереке құтты болсын, – дейді риддерлік Равиль Қалиев.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button