Ауыл шаруашылығыТОП

“Қолмен сауғаннан 10-15 пайыз көбірек өнім аламыз”

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы, Жалғызтал елді мекенінде отбасылық кәсіппен айналысушылардың қатары көп.

Солардың бірі  «Жасұлан» шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған Исмағұловтар отбасы. Жиырма жылдан бері бие байлап, қымыз дайындап отырған кәсіп иелері заман ағымына сай алға жылжып, биені аппаратпен саууды қолға алыпты.

«Құрылғының артықшылығы – бір жағынан, жылдамдығында болса, екінші жағынан, қолмен сауғаннан 10-15 пайыз көбірек өнім аламыз», дейді «Жасұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Маралхан Исмағұлов. Айтуынша, коронавирус індеті денсаулықты күтудің маңызын сезіндіре түсті. Әсіресе ұлттық сусынымыздың емдік қадір-қасиетін бұрынғыдан да терең сезіндік. Үйірінің ішінен он бас мама биені таңдап сауып отырған шаруа иесі күніне 70 литрге дейін қымыз жинақтайтынын айтады. Бағасын да қымбаттатып отырған жоқ, литрін 700 теңгеден сатып отыр. Сұраныс жоғары болғандықтан, дүкендерге тасымалдап әуре болмайды. Бәрі үйден келіп әкетеді. Зайсан, Ақсуат, Ақжар, Тұғылдан арнайы келіп тапсырыс беретіндер көп екен. Тіпті қаладан аттай қалап алдыратындар да, саумал ішуге келетіндер де жетіп артылады.

«Қымыз дайындау ұқыптылықты, тазалықты талап етеді. Әрине, қымыз дайыңдауда дәстүрлі әдістің қалпын сақтаймыз. Дегенмен технологияның тың мүмкіндіктерін қолдану да бел талдырып сауатын біз секілді үлкен кісілерге көп жеңілдік. Ағаштан жасалған күбіде қымыз пісу де автоматтандырылған. Жалпы, қымызың дұрыс болса, халық та ренжімейді, өзіңнің де бетің ашық болады. Сондықтан сапасына көп көңіл бөлеміз, ештеңе қоспаймыз»,дейді отанасы Бақытжан Шөкеева.

Ауыл тұрғыны Бақытбек Искаковтың айтуынша, Жалғызтал ауылына Шар қаласынан және Ақжар ауылынан екі отбасы көшіп келген. Мектепте бала санының тұрақталуына әсер ететіндіктен, шеттен отбасылар көшіп келсе, ауыл тұрғындары қуанып қалады. Шағын ауыл болса да, мұнда қымыз өндіретін сегіз-тоғыз отбасы бар. Қол қусырып жатқан ел жоқ, бәрі де еңбек етіп, тұрмыс-тіршілігін түзеп жатқан жайы бар.

Ерлан Бапанов

 

Осы айдарда

Back to top button