Қоғам

Қолайлы жағдай жасау – басты мақсат

Айжанат Бақытқызы

Amanat партиясының Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арайлым Есімбекова бастаған партиялық бақылау комиссиясының өкілдері №8 мамандандырылған мектеп-интернатының қызметімен танысып, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін қауіпсіз орта құру және көрсетілетін қызметтер мен жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балаларға ерекше назар аудару керек, өйткені олардың әл-ауқаты мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» деп атап өткені белгілі. Осыған орай, Amanat партиясының қалалық филиалы Өскемен қаласындағы мектеп-интернаттарына жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізуді бастады. Осыған дейін «Негізгі орта мектеп интернаты» және дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында тексеру жүргізілді. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – балаларға қолайлы жағдай жасау, – деді Арайлым Керімбекқызы.

№8 мамандандырылған мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Айгүл Мақсұтханқызының айтуынша, аталған мектепте биылғы оқу жылында 171 оқушы білім алды. Бұл мектеп зиятында бұзылысы бар оқушыларға арналған. Мектеп облыстық болғандықтан, мұнда қаланың балаларымен қатар өңіріміздің 14 ауданынан келген балалар да білім алады.

Білім ордасының материалдық-техникалық базасына тоқталсақ, мектеп-интернат 1963 жылы салынған үш қабатты ғимаратта орналасқан. Қажетті жабдықтармен жабдықталған 30 оқу кабинеті, жеті шеберхана, екі логопедия кабинеті, сенсорлық бөлме, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеті, кітапхана, спорт залы, медициналық кабинет, тұмау сияқты жұқпалы аурумен науқастанып қалған балаларға арналған оқшаулау бөлмесі мен информатика кабинеттері жұмыс істейді.

Санитарлық-эпидемиологиялық талап бойынша жатын бөлмелерде бір балаға төрт шаршы метр норма сақталады.

Жыл сайын «Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қорының» есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға киім беріледі. Мәселен, биыл аталған санаттағы оқушыларға қысқы курткалар берілген.

Тексеріс барысында айтылғандай, мектеп-интернат жыл сайын толық көлемде қатты отынмен қамтамасыз етіледі. Қазір көмірдің жылдық қорының 30%-ы сатып алыныпты, маусым айының соңына дейін жылдық қор толық жеткізілмек.

– Жыл сайын мектепте әктеу, сырлау сияқты ағымдағы жөндеу жұмыстары дер кезінде жүргізіліп, мектеп ауласы абаттандырылады. Былтыр жазда жылыту жүйесіне 980 мың теңгенің ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ал биыл интернаттың жатын бөлмелеріндегі төсек-орындар, матрастар, жамылғы-жастықтар, сүлгілер мен көрпелер жаңартылды, – деді Айгүл Картенова.

Өңірдегі әлеуметтік мәселелерге немқұрайлы қарамайтын «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілік көмегі есебінен екі мұздатқыш камера, шойын ванна, су жылытқыш, оқу сыныптарына бес шкаф, аяқ киімдерге арналған үш шкаф сатып алыныпты.

Екі кір жуғыш машина мен шаңсорғыш сыйлаған «Сей-Нар» ЖШС мен

смарт-теледидар, шаңсорғыш және үтік түріндегі тұрмыстық техниканы сыйға тартқан «Имсталькон» ЖШС-нің қайырымдылық іс-шараларын да ерекше атап өткен жөн.

Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп-интернат ғимаратында өртке қарсы автоматты дабыл, бейнебақылау жүйесі және вахтада «дабыл» батырмасы орнатылған.

– Балалар үшін алты рет тамақтану ұйымдастырылған. Арнайы маман екі апталық мәзір жасайды. Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылардың мектепте болу ұзақтығы, олардың жас санаты ескеріліп, дәруменді-минералды кешенмен байытылған тағамдар беріледі.

Мекемеде балалардың құқығын бұзу фактілері жоқ. Тәрбиеленушілерге қатысты құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды педагогтар тұрақты түрде жүргізеді. Медициналық қызмет көрсетуді төрт медбике, психиатр-дәрігер және педиатр-дәрігер жүзеге асырады, – деді А.Картенова.

Мектеп-интернатта 108 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 67-сі педагог. Оның 11-де арнайы жоғары дефектологиялық білімі бар, қалған 58-і «Олигофренопедагог» мамандығы бойынша қайта даярлау курстарынан өткен.

Айта кетсек, аталған интернаттың балалары да өзге мектептер сияқты жазғы каникулға шықты. Тек маусым айындағы жазғы лагерьде бастауыш сыныпта оқитын 24 бала демалды.

Айгүл Мақсұтханқызының айтуынша, биылғы жылдың маусым-шілде айларында жылу жүйесін, ыстық және суық сумен жабдықтау жүйесін, еден жабынын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу  жоспарланып, сметасы жасалған.

Тағы бір өзекті мәселе – балалар алаңы жаңғыртуды, жаңа спорттық тренажерлармен және ойын құрылымдарымен жабдықтауды қажет етеді. Алайда бұл жұмыс түрлеріне бюджет қаражаты әлі бөлінбеген.

Жөндеу жұмыстары басталған соң, оның сапалы жүргізілуін Amanat партиясының партиялық бақылау комиссиясының өкілдері қадағалап отырады.

Осы айдарда

Back to top button