Қоғамның қозғаушы күші
Мемлекет жастарды жан-жақты қолдаудың кешенді шараларын қолға алып келеді. «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» заңының өзегі де осыған негізделген.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде 14-29 жас аралығындағы жастар саны 7681 адамды құрайды. Олардың 16-сы мемлекеттік қызметші, 418-і мұғалім, 110-ы медицина саласының қызметі, 317-сі кәсіпкер, 195-і ауыл шаруашылығымен айналысатындар, 517-сі жұмысшылар, 313-і жұмыссыз ретінде тіркелгендер, 2406-сы мектеп жасындағылар, 217-сі келісімшартпен жұмыс істейтіндер.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін жастарды қолжетімді және сапалы білім берумен қамту, ғылыми-техникалық әлеуетін дамытудың маңызы зор. Бұл бағытта ауданымызда 14 пен 18 жас аралығындағы оқушылар арасында 87 республикалық олимпиадалар мен конкурс жүлдегерлері, 18 халықаралық олимпиада жүлдегерлері анықталды.
Сонымен қатар ауданда жастарының біршамасы «Тарбағатай» колледжінде ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисті, аспаз, мал дәрігері, тігінші, тағы басқа мамандықтар бойынша білім алуда.
Кәсіби біліммен қатар, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру да басты назарда. Бұл салада аудан спортының мәртебесін көтеріп жүрген жерлестеріміз аз емес. Мәселен, қол күресінен Евгения Гунько, Ақмарал Советханова Әлем чемпионы, Қуат Бекбаев дюздодан Азия чемпионы атанған. Ал қазақ күресінен елордамызда өткен байрақты бәсекеде Әлем чемпионы болған Архат Қайырбековпен, жастар арасындағы бокстан Әлем чемпионы Қанат Ильясовпен кездесулер ұйымдастырылды.
Жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау бағытында жастар ресурстық орталығының мамандары, ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдерін тарта отырып, NEET санатындағы жастарды анықтау үшін сауалнама жүргізді. Жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастардың тұрғылықты жері, білім деңгейі, отбасы құрамы, жастардың тұрғын үй жағдайлары туралы ақпарат көрсетілген әлеуметтік карта толтырылды. Осылайша, әлеуметтік карта деректеріне сәйкес NEEТ санатындағы 313 жас анықталды.
Аудандағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың 16-29 жас аралығындағы балалары, NEEТ санатындағы жастар және студенттер, жоғары сынып оқушылары арасынан тамыз айында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қатарында жұмыс істеуге 25 жас тартылды. 2022 жылға еңбек жасағының қатарын 75 адамға ұлғайту жөнінде сұраныс берілді.
Жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес, жаңа бизнес идеаларымен 40 жас азамат 584 мың теңгені құрайтын қайтарымсыз грант және 7 жас азамат 1,5 млн., 4 млн. теңгені құрайтын несиелер алды. Алдағы уақытта 150 жасты кәсіптік мамандық игеруге оқыту жоспарланып отыр. Жас отбасылар және жұмыс істеп жүрген жастар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту бойынша ауданымызда үш жас мемлекеттік қызметкер кезекте тұр. «Дипломмен – ауылға» мемлекетттік бағдарламасы бойынша ауданымызда биылғы жылы 398 млн. 590 мың теңге қарастырылып, оның ішінде 60 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Жастар арасында құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеудің орын бөлек. Бұл мақсатта колледж студенттері мен тұрғындардан сауалнамалар алынып,тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Антикор лайф» жобасы аясында тиісті мамандармен 34 тікелей эфир, 17 семинар-тренинг және онлайн форматында 8 кездесу өткізілді.
Ауданымызда дарынды жастардың қатары көп. Олардың кәсіби-шығармашылық қырларын ұштау үшін жыр мүшайралары, қыздар және келіндер байқауы, жігіт сұлтаны байқаулары ұйымдастырылып келеді. Жас өнертапқыштарды қолдап, шығармашылық ізденістерін дамытуға алдағы уақытта «Tarbagatai inventor» атты жас өнертапқыштар көрмесін өткізу де жоспарланып отыр. Биыл М.Мақатаевтың, Ы.Алтынсариннің, О.Сүлейменовтің мерейтойларына орай, іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай, «Жырласа, жастар жырласын!» атты жастар арасында жыр мүшәйрасы, М.Мақатаевтың туған күніне орай, онлайн поэзия кеші өткізілді.
Ауданымызда «Барқытбел жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің отырысы өткізіліп тұрады. Жастар қоғамдық бірлестіктің алға қойған мақсаты – Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың жан-жақты дамуына әлеуметтік-экономикалық және күш-жігерінің артуына, спорт пен мәдениетінің жоғарылауына атсалысу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану. Биыл ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдар әлеуетін арттыру бойынша ұйымдастырылған гранттық жобаға қатысып, 500 мың грант ұтып алынды. Жоба нәтижесінде ауданымызда жастарға арналған «Коуоркинг» орталығы ашылды. Аталған ұйым жастары мүмкінділігі шектеулі жандарға, жалғызбасты қарттардың, жалғызбасты аналардың үйлеріне әр сенбі сайын жәрдемдесіп, қайырымдылық акциясын ұйымдастырып келеді.
17 ауылдық округ бойынша «Еріктілер тобы» құрылған. Әр топ мүшесінде 10 адамнан және мектептерден «Қолғанат» тобы құрылған. Қазіргі таңда еріктілердің көмегі әр санаттағы қария-қарттарымызға, жалғызбасты аналарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын созуда. Атап айтсақ, Ақжар ауылының еріктілері «Мейірім» жәшігін ұйымдастырып, жыл он екі ай азық-түлік себеттерін таратты, «Екпін еріктілері» көпбалалы анаға үй алуына септігін тигізді, «Мектепке – жол» акциясына атсалысты. Еріктілер азық-түлік себеттерін аудан бойынша 960 отбасыға таратты. «Мектепке жол» акциясымен 68 оқушыға оқу-құралдары берілді. Және де «Ардагерлерді ардақтайық!», «Жүректен-жүрекке», «Жақсылық жасап жарысайық!» акцияларына да белсене атсалысуда.
Жастарымыз бос уақыттарында мәдени орындарға баруына ықпал жасау мақсатында жайдарман ойындары өтеді, мәдениет үйінде жастарға кинолар көрсетіледі. Карантин кезінде онлайн режимде қолөнер бұйымдарын жасаудан сайыс, сурет конкурстары болды. Алдағы уақытта бос уақытты тиімді пайдалануға баулу және Тарбағатайдың көрікті жерлерін насихаттау бағытында онлайн фотоконкурс ұйымдастырылу жоспарға қойылды.
Тарбағатай ауданының жастар ресурстық орталығы апта сайын «Jastarǵa-kenes», «Jastarǵa-bilim», «Jastarǵa-qyzmet», «Jastarǵa-jumys» республикалық жобалары аясында 83 іс-шара өткізді. Сонымен қатар «Қайырымдылық марафоны» атты республикалық жобамен 71 қайырымдылық іс-шара жасалды.
Жастар арасында мәдени-көпшілік, қоғамдық саяси, бұқаралық спортты дамытуда көптеген іс-шаралар өткізілуде. Жыл басынан бері аудан бойынша екі жастар форумы, 254 мәдени-көпшілік, 118 спорттық, 71 қайырымдылық шаралары өткізіліп, оған 6 мыңға тарта жастар тартылды.
Сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмнің таралуына жол бермеу мақсатында аудан жастары арасында теолог мамандардың қатысуымен дөгелек үстелдер өтті.
Тарбағатай ауданының жастарын бір арнаға тоғыстырған форум өтті. «Тәуелсіздік ұрпақтары» тақырыбында өткен іс-шара екі бөлімнен тұрды. Алғашқысында Ақсуат Мәдениет үйінің кіші залында көрме ұйымдастырылып, онда өнерлі жастардың қолынан шыққан картиналар, қолөнер бұйымдары, өнертапқыштықпен құрастырылған робототехникалар ел назарына ұсынылды.
Жыл қорытындысы бойынша «Үздік жас отбасы», «Жыл өнерпазы», «Жылдың үздік жас дәрігері», «Жылдың үздік жас ұстазы», «Жылдың үздік спортшысы», «Жылдың үздік жас маманы», «Жылдың үздік жас кәсіпкері», «Жылдың үздік жас волонтері» номинациялары анықталып, марапатталды.
Аудандағы жастардың қатысуымен атқарылып жатқан іс-шаралар, айшықты жұмыстарды аудандық жастар ресурстық орталғының Facebook, Instagram әлеуметтік желісінде ұдайы жариялап отырамыз. Алда ауданымызда атқарар шаруалар аз емес. Бұған аудан жастары біркісідей үлес қосып, еңбек ететін болады.
Әсет Мадрахимов, Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталығының директоры.