Жаңа ҚазақстанТОП

Қоғам белсенділік танытуы тиіс

Өңірге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыров алдағы уақытта Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бағытталған жалпыхалықтық референдумның маңызы мен мәнін түсіндіру мақсатында  облыстық,  қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарымен кездесті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы ойын ашық айтты. Сонымен бірге биылғы наурыздағы Жолдауды жүзеге асыру аясында Конституцияның отыздан астам бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау ескерілген. Яғни, елдің құқықтық жүйесінің басым көпшілігі өзгеріске ұшырайды және еліміздегі азаматтар ол туралы білуі керек. Бұл азаматтардың игілігі үшін жасалып жатқандықтан, қоғам референдум өткізуде белсенділік танытуы тиіс. Мұны айтып отырған себебім, халықтың бұрынғы сайлаулар кезіндегідей, менің дауысым ештеңе шешпейді, менсіз де сол референдум өтеді деген ойдан, сыңаржақ пікірлерден арылатын уақыт жетті. Әр тұрғын өз құқығын, өз мүмкіндігін көрсетуі тиіс. Себебі, жаңа Қазақстанды бәріміз бірлесіп құруымыз қажет. Ортақ күш біріктірсек қана, Мемлекет басшысы айтқан саяси өзгерістерді, жоспарланып отырған реформаларды жүзеге асыра аламыз,  – деді Ерлан Сайыров.

Айта кету керек, алдағы ауқымды саяси реформалар – еліміздің сайлау, партиялық және сот-құқықтық жүйесін, әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге қатысты болмақ. Сондай-ақ мемлекеттік билікті бөлу қағидаты қайта қаралады. Мәжіліс депутаты өз сөзінде соңғы отыз жылда Қазақстанның жеткен жетістіктерін де айтып өтіп, оны мүлде жоққа шығаруға болмайтындығына атады.

– Шыны керек, егемендіктің отыз жылында елімізді әлем таныды. Астанамызды Алматыдан Арқа төсіне көшіріп, жаңа елорда салдық. Бізбен шектесетін барлық елдермен шекарамызды құжатпен бекіттік. Дамудың жолына түстік. Онда тұңғыш Президенттің де еңбегі бар. Осының бәрін енді бір күнде жоққа шығаруға, тарих бетінен біржола сызып тастауға болмайды. Себебі, ол Қазақстанның алғашқы тәуелсіздік жылдарындағы тарихы. Алайда солармен қатар біршама кемшіліктерге жол беріліп, жеке басқа табынушылық, сыбайласқан жемқорлық көріністері, республиканы қойып, облыстық деңгейде де монополиялық жүйенің қалыптасуы орын алды. Енді Президент соның бәрін қайта ретке келтірмек. Конституцияның ең негізгі ұғымдарының бірі болып табылатын әділеттілік, теңдік, адамгершілік, демократия сынды құндылықтар салтанат құрмақ. Бір сөзбен айтқанда, енді жер де, оның жерасты байлығы да халықтікі болмақ. Жаңа Ата Заң халыққа, мемлекетке қызмет етуі тиіс, – деді депутат.

Жиынға қатысушы жергілікті депутаттар тарапынан алда Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты сұрақтар да көп болды. Сөз алған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары сауалдарымен қатар өтініштерін де бүгіп қалмады.

– Мен өзім де кеңестік заманда милицияда қызмет істеп, зейнеткерлікке шықтым. Ол кезде елдің тәртіп сақшысына деген құрметі жоғары еді. Қазір де қоғамдық жұмыстардан еш қалған емеспін. Сонда байқағаным, халық қазір полицияға сенбейді. Өз проблемаларын ашық айтуға қорқады. Бұған полицияның өзі кінәлі. Бұл дұрыс емес, полицияның міндеті  – қарапайым халықты қорғау. Сол бағытта жұмыс істеуі керек. Егер полиция дұрыс жұмыс істесе, халық та оларды қолдайды. Осы мәселелерді шешу қажет, – деді Өскемен қалалық жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жетекшісі  Серік Оразбайұлы.

Сондай-ақ жиында референдум өткізуге қатысты облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Айтқазы Шерубаев, AMANAT партиясы Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арайлым Есімбекова және басқа да депутаттар, қоғам белсенділері өз ойларын ортаға салды.

– Біздің облыстағы барлық ардагерлер мен ақсақалдар референдум өткізуді қолдайды. Бірақ біздің де айтар өтінішіміз, жаңа Қазақстанды құруда депутаттар да нақты шаруаға, нақты нәтижеге назар аударса дейміз. Себебі, Сіздер облысқа келгенде жағдайды үнемі қадағалап, бақылап көріп кетесіздер, ұсыныс-тілектерімізді осындай кездесулерде жазып алып, министрліктерге жеткіземіз деп алып кетесіздер. Бірақ сол осыдан біраз жыл бұрын айтылған мәселелер әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Сол жол, су, интернет, жарық мәселесі әлі бар. Ауылды көтереміз десек, сол жерлерде өндіріс салуды, жаңа жұмыс орындарын құруды қолға алу қажет. Меніңше, қадағалап, бақылаудан гөрі нақты іске көшу керек. Осыны айтыңыздар. Мәселен, AMANAT партиясының құрамында мықты ауыл шаруашылығы мамандары, ғалымдар, инженерлер, көптеген басқа да білікті мамандар бар. Соларды неге осы шаруаларға тартпасқа. Жастардың мүмкіндігін неге пайдаланбасқа? Әйтпесе, бізде үнемі бір адамдар ғана ұрандатып жүреді, сондықтан осы жағын да ұмытпайық, – деді Айтқазы Шерубаев.

– Мемлекет басшысының «Ата Заңды» өзгерту бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын қолдаймын. Осы орайда, жаңадан Конституцияға енгізілетін өзгерістер кезінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі мәселесіне нақты заңдық басымдық берілсе. Себебі, ана тіліміз тәуелсіздігіміздің негізгі құндылықтарының бірі болса да, министрліктерде, облыстық әкімдіктерде, ірі мекемелерде, банктер мен басқа да кәсіпорындарда бүгінге дейін өгей баланың күйін кешіп, босағадан сығалап жүрген жайы бар. Құжаттардың бәрі алдымен ресми тіл деп, орыс тілінде жасалады. Бұл қашанға дейін жалғаспақ. Бұл да біздің ұсынысымыздың бірі емес, бірегейі, – деп атап өтті ақын,  халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Әскерхан Хуанбай.

Сонымен бірге Ерлан Сайыров AMANAT партиясының облыстық филиалында бірқатар қоғамдық кеңес мүшелерімен, жастармен кездесіп, референдумды өткізудің тиімділігін түсіндірді. Олардың алдағы 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысты қойған сұрақтарына  жауап берді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button