ҚоғамТОП

Қобыздың атасы Алтайдан табылғанын білесіз бе?

Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – қобызға ұқсас аспаптар әлемнің көптеген елінде бар. Алайда Қорқыт бабаның шер-зарын жетер жеріне жеткізген қасиетті қобыздың жөні қашанда бөлек, деп жазады egemen.kz.

Ұзақ жыл бойы қобыз жасап жүрген тараздық шебер Қанат Қазақбаев Алтайдан табылған ең көне музыкалық аспаптың бірін қалпына келтірген болатын.

Атап айтсақ, 2014 жылдың тамызында археолог Зейнолла Самашев бастаған топ Шығыс Қазақстан облысының аумағында қазба жұмысын жүргізіп, ықылым заманда жерленген жауынгердің орнын тауыпты. Мамандар батыр шамамен VII ғасырда ғұмыр кешкен деген байлам жасапты. Археологиялық қазба жұмысы барысында үлкен олжаға кенелген мамандар жауынгердің қару-жарағынан бөлек беймәлім бір аспапқа кезігіпті. Пішіні бөлектеу аспапты олар әбден зерттеп көрген көрінеді. Нәтижесінде, ғалымдар аспаптың сарбаздарды рухтандыратын қуаты бар екенін айқындапты. Ал сыртқы пішінін ұлттық аспабымыз қобызға ұқсатқан екен…

– Ол кезде Халықаралық Түркі академиясының президенті қызметін Дархан Қыдырәлі бауырымыз атқаратын. Археолог Зейнолла Самашев және бір топ ғалым аспап әбден ескіргендіктен, оны бүтіндей алмай, қағазға түсірген. Одан кейін маған хабарласып, суретіне қарап осы аспапты жасауға тапсырыс берді.

Оның қағазға түскен көлемін өлшеп, оған кәдімгі қазақтың қара қобызына салынатын жылқының құйрық қылы мен түйенің терісін салып, бас-аяғы екі айдың айналасында қобызды жасап шықтым. Бұрынғы заманда бақсылар қобызға бұғының тарамысын тартқан деген дерек бар. Оны да байқап көргім келген еді. Алайда ысып алатын адамды табу қиынға соқты. Жұмыс толығымен аяқталған соң, көлемі шағын ғана жауынгердің аспабын тартып көрген ғалымдар оның үніне таңғалып, қобыздың атасы деп бағалапты.

Одан соң Дархан Қыдырәлі осындай қобыздың бес данасына тапсырыс берді. Қазір өзімде бір данасы сақтаулы. Ал еліміз бойынша бұл қобыздың жеті данасы ғана бар, – дейді ол.

Қобыздың сыртқы пішінінің өзі көз сүйсінтеді. Ал аспаптан шыққан тылсым үн сонау бір ғасырларға сапар шектіреді. Жүрегіңді бір беймәлім мұң қозғап жібереді. Үстіңгі бөлігіне тартылған жылқы қылы мен төменгі жағындағы өңделген түйе терісін асықпай-аптықпай әдіптеген шебер өз жұмысын өте ұқыпты, тиянақты атқаратыны тайға таңба басқандай аңғарылып тұр. Шебер бұл туындыны өзіне дейін де, өзінен кейін де ешкім жасамағанын айтады.

Осы айдарда

Back to top button