
Қазақстан тарихындағы олқылықтардың орны қашан толады? Бұл сауал жалпы жұрттың санасын біраз жылдардан бері мазалап жүрген еді. Енді екінші Президенттің пәрмен беруімен олқылықтың орны толатын тәрізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында олқылықтардың орнын толтыра отырып, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды тапсырды.
– Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет. Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы, – деген Президент өз мақаласында.
Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы қарсаңында берілген таптырмас мүмкіндік. Алдияр оқырман, Қазақстанның жаңа тарихын кімдер жазғаны дұрыс?
Алтай Ғали-Асқар