ҚоғамТОП

Қазақы стиль трендке айналып келеді

Биыл Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды 10 күн тойлау ұсынылды және 18 наурыз – «Ұлттық киім» күні болып белгіленген. Қазақы нақыштағы образдарға арналған бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық киім ұлықталып жатты. Мерекенің мақсаты ұлттық киім үлгілерін көпшілікке насихаттау арқылы қазақтың киім кию үлгісін заманауи жаңғырту.

Қазір қазақы үлгі­д­егі ою-өрнекпен әсемделген киімдер мен сөмкелерге, әмиян­дар мен белбеулерге, әшекей-бұйымға тапсырыс берушілер қатары күн санап артып келе жатқанға ұқсайды. «Шебердің қолы ортақ» дегендей он саусағынан өнер тамған небір зергерлер мұндай әшекейдің сан алуан түрін жасап, бүгінгі күнге дейін жеткізген. Әсемдік бұйымдар ғана емес, әшекейлердің де тәрбиелік мәні бар екенін білеміз. Мәселен, бойжетіп келе жатқан қыз балаға шолпы тағу арқылы «қырық үйден тыю» салған. Шолпының сылдырынан қыз баланың қайда жүргенін біліп отырған. Бүгінде мұндай ерекше бұйымдарды елге насихаттап жүргендердің бірі – Өскемен қаласының тұрғыны Инабат Бақытова. Ол ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасайды. Оның қолынан шыққан әрбір бұйым көздің жауын аларлықтай. Көрген адам шебердің еңбегіне жоғары баға беріп жатады.

  • Қазақы нақыштағы бұйымдар жасаумен 2022 жылдан бастап айналыса бастадым. Негізі бала кезімнен осындай түрлі бұйымдар жасағанды ұнатамын. Моншақтан ұзатуға, тойға арналған әшекейлер жасап жүрдім. Сол жылы қыз балаларға арналған тақиялар, шекеліктер сәнге айналып, сатылып жатты. Қызығушылығым оянып, өзім жасап көрмек болдым. Осылайша, біртіндеп тапсырыс қабылдай бастадым, – дейді Инабат Бақытова.

Әуелде қолөнерді хобби ретінде алып жүрген ол қазір сүйікті ісі табыс көзіне айналғанын айтады. Сондай-ақ қолөнер шебері зергерлік бұйымдар жасаудан бөлек, тігіншілікпен де айналысады. Ендігі мақсат – заманға сай ұлттық дүниелерді жасап шығару. Қолөнермен айналысу үнемі ізденісті талап етеді. Өйткені қолөнер бұйымдары бір-бірінен қайталанбас үлгісімен ерекшеленеді. Ал түстерді үйлестіріп құрау үшін үлкен талғам қажет.

  • Қазір технология дамыған заман ғой. Барлығын интернеттен қарап, үйренуге болады. Мен де тігіншілікті өз бетімше үйренген болатынмын. Алайда ісіңді ілгерілету үшін өз-өзіңді дамытып отыруың шарт. Бұл іс маған табыс әкелгендіктен оны кәсіби деңгейде меңгеру қажеттігін түсіндім. Сол үшін жақында тігін курсын аяқтадым. Біраз нәрсе үйрендім. Қазақы үлгіде камзол, тақия, сәукеле тігіп, сатылымға шығардым. Менің ұстанымым – қолымнан шыққан кез келген дүниенің сапалы болуы, – деп атап өтті Инабат Базарқызы.

Қолөнершілік екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Өнерге де ептілік, төзімділік қажет.

Инабаттың айтуынша, әшекейдің дайындалу уақыты жасалу әдісіне байланысты әртүрлі болады. Кейбір күрделі әшекейлерді жасауға бір-екі күн уақыт кетеді екен.

Елімізде қолөнер туындысын дамыту біртіндеп жолға қойылып келе жатыр. Сұраныс та жоғары. Алайда шаhардағы сауда үйлерінен, базарлардан қолөнер бұйымдарына қажет жабдықтарды табу қиынға соғатынын білдік.

–Тігінге қажетті заттарды қаладан табуға болады. Бірақ шолпы, сырға, алқа және өзге де бұйымдарға қажет жабдықтар Өскеменнен табылмайды. Басқа қаладан тапсырыспен алдыруға тура келеді. Яғни жабдығынан бөлек, жолына да қаражат кетеді. Ол әрине, біздің өнімнің бағасына қосылады. Десе де, еңбек бағалануы керек. Өз басым тапсырыс берушінің ұсынысы мен талғамына қарай жасап беруге тырысамын, – дейді Инабат.

Ұзын бұрым мен шолпы-сырға кез келген бойжеткеннің көркіне көрік қосары сөзсіз. Осы орайда қолөнер шебері бүгінгі таңда зергерлік бұйымдарға сұраныс көп екенін айтты. Нәзік жанды арулардың бабадан қалған байырғы өнерге деген қызығушылығы да ерекше көрінеді.

  • Бұрын қазақы бұйымдар Наурыз мерекесі қарсаңында ғана сұранысқа ие болса, қазір күнделікті өмірге ыңғайлы, заманауи түрлері де шығып жатыр. Оның үстіне кейінгі жылдары Ұлыстың ұлы күнін кеңінен атап өту қолға алынды. Өскеменнен бөлек, басқа қаладан да тапсырыс беретіндер көп, – дейді шебер.

Инабат алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, өзінің тігін шеберханасын ашқысы келеді. Жеке брендін қалыптастырып, ауқымын кеңейту де жоспарда бар. Бүгінде елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін түрлі бағдарламалар іске асырылып жатқанын ескерсек Инабаттың арман-мақсаты орындалатын күн де жақын. Күтейік, Шығыста елге танымал бренд қалыптасады әлі.

Осы айдарда

Back to top button