Қоғам

ҚАЗАҚТЫҢ БРЕНДІН БАҒЫП ЖАТЫР

Жыл иесі

«Мүйіздінің бір пірі – Зеңгі баба, Сиыр берсең, сүтті бер өңкей мама» деген халқымыз сиыр малын төрт түліктің бірі ретінде ықылым заманнан қадір тұтып келеді. Момақан, мықты, шыдамды сиыр қай кезде де молшылықтың белгісі болып саналған. Әдетте, ата-бабамыз сиыр жылы жайсыздау өтеді деп  болжағанымен, жұлдызжорамалшылар келер жылы  қара күш иесі өгіздің еңбекқорлығы елеусіз қалмайтынын, есік қағып тұрған 2021 жыл – Сиыр жылында ауыл шаруашылығын ілгері жылжытуға күш салу қажеттігін айтуда.   

АУХАУ-АУХАУ, «АҚБАСЫМ»

Қазақстанда асыл тұқымды деп мұхиттың арғы жағынан, көршілес елдерден сиыр тасып жатқандар көп. Малды ұшақпен, пойызбен тасу оңай емес, экономикалық тұрғыдан да тиімсіз. Тау астырып титықтатып, қып-қызыл ақшаға сатып әкелген сол ірі қаралардың кейбірі жерсіне алмай, ауырып, өлім-жітімге де ұшырап жатыр. Сүтті болмаса да, етті бағыттағы ірі қара басын өзіміздегі қазақтың ақбас сиырлары тұқымын көбейтіп-ақ арттыруға болады екен.  Яғни,  Қазақстанның климатына бейімделген асыл тұқымды сиырдың санын арттыруға импортсыз да мүмкіндік жетеді. Құрып кете жаздаған ақбас сиыр саны қазір қайтадан өсіп, 520 мыңға жеткен, 10 жыл бұрын 120 мың болыпты. Бірақ, сала мамандарының айтуынша, өңірдегі шаруалар шетелден асыл тұқымды мал ала ма, алмай ма, әлде өз еліміздегі тұқымды көбейтіп, бордақылай ма, оны өздері шешеді. Мемлекет қай-қайсысына да мал сатып алуға несие беріп, қолдау көрсетпек.

Жарма ауданының  Аршалы ауылындағы «Болашақ» шаруа қожалығы қазақтың 600-ге тарта ақбас сиырын несиеге де емес, жеке өз қаражатына сатып алып, көбейтіп жатыр.

«Қызыл қасқа» қыстауында орын тепкен «Болашақ» қожалығының иесі Асланбек Оспанов мал шаруашылығымен айналысуды 2014 жылы 320 бас асыл тұқымды ақбас сиыр сатып алудан бастапты. Малдарды өзге елден, өңірден де емес, өзіміздің облыстан, Көкпектідегі «Елім-ай» шаруа қожалығынан алып келеді. Бүгінде мал саны  көбейіп,  аналық бастың өзі 500-ге тақаған.

Ірі қарасы жыл сайын көбейіп келе жатқан асыл тұқымды шаруашылықтың   тана, торпақ, бұзауларын қазір басқа шаруашылықтар сатып алып жатыр.   Шаруашылықтағы  ақбас сиырлардың жемшөбі үшін әр малға жыл сайын мемлекеттен 15 мың теңге субсидия беріледі.

– Қазақтың ақбас сиыры – еліміздегі алғашқы етті бағыттағы ірі қара тұқымы. 50-ші жылдары қазақ және қалмақ сиырын герефорд тұқымымен шағылыстыру жолымен сұрыптап алынған, жергілікті жердің табиғи өзгешеліктері мен азықтық ерекшеліктеріне әбден бейімделген. Терісі қалың, май жинауға бейім. Ақбас сиыр аязға да, ыстыққа да төзімді. Қар қалың болған алдыңғы жылғы қыста ғана 10 қарашадан бастап қоражайда тұрып қалды. Әйтпесе, бұл мал біздің климатқа өте қолайлы. Қазір қар бірнеше рет жауса да, қолға қараған жоқ, әлі жайылымда. Қораға жас төлдеген сиырларды ғана кіргізіп қоямыз, табын түгелдей ықтасын жерде жатады. Бұл малдардың төлдеуі де өте жеңіл, – дейді ақбас сиырдың ерекшеліктері туралы шаруашылық иесі, қазақтың «Ақбас» асыл тұқымы республикалық палатасының мүшесі Асланбек.

Сай ішіндегі жазықта қар астынан қылтиған шөпті күтірлете жайылып жатқан табын жазда 120 бастан төрт-беске бөлініп, кең жайлауға шығарылады. Мынау қыстың аязында мал соңында жүрген бақташыларға барынша жайлы жағдай жасалыныпты. Малшыларға арналған қос қабатты коттедж үйдің санитарлық тораптары ішінде, астыңғы қабаттың бір бөлмесіне үлкен бильярд үстелі қойылыпты. «Отау ТВ» бар.

– Қыстың қысқа күні тез батады. Бақташыларымыз үшін бильярд та – бір ермек. Еңбекақы дұрыс төленіп, тұрмысы жақсы болса, бақташы басқа жаққа кетпейді, біздің жұмысшылар шаруашылық құрылғаннан бастап тұрақты жұмыс істеп келеді. Малды жазда 20, қыста 10 малшы бағып, өсіріп жатыр. Малдар қысы-жазы шаруашылықтағы мал дәрігерлерінің бақылауында, – дейді «Болашақ» қожалығының басқарушысы, інісі Асланбекке көмектесіп, шаруашылыққа бас-көз болып жүрген Қанатбек Рғайтенов. Қанатбектің өзінің мамандығы да зоотехник екен.

БӨРІЛЕР МАЗА БЕРМЕЙ ТҰР

«Болашақ» шаруа қожалығының ірі қарасы «Қызыл қасқа» қыстауында бағылып отырса, осы жерден бес-алты шақырымдай жердегі қыстақта шаруашылықтың мың жарым бас қойы мен жабы тұқымды 700 бас жылқысы өсіріліп жатыр. Аршалы алқабының дамылсыз желі қырдағы қарды көп жатқызбай ұшырып әкететін болғандықтан, төңірек ұсақ малдың да тебіндеп жайылуына қолайлы. Биыл шаруашылық  500-дей саулық сатып алып, қой басын да көбейтіпті.

Қысқы жайылым жайлы болғанымен, түз тағысы  малдың да,  малшылардың да мазасын кетіріп тұр. Екі-үш жыл бұрын бұл маңда бөрілер сирек кездескен болса,  былтырдан бері қайта-қайта жылқыларға шауып, қыс бойы он шақты жылқыны жайратып кетіпті. Бөрілердің беті биыл да қатты көрінеді.

Қасқырдың үйірлерді жиі торуылдап жүруіне жыртқыштардың популяциясы артып, өсіп-көбейіп кетуінің, азығын іздетіп жортқызған қалың қар, аязды қыстың да әсері бар. Былтырғы белуардан жауған қалың қарда шаруашылық басқарушысы Қанатбек аға осы «Қызыл қасқа» қыстауынан 30 шақырымда тұрған Аршалыға «МТЗ-82» тракторымен үш күн дегенде әрең жеткен екен.

«СИЫР БАҚТЫМ – СИДАҢ ҚАҚТЫМ»

Зеңгі баба тұқымын бағып-қағу қиындығын, шығынсыз өсіру оңай еместігін, бұл түлік түрінің малшыдан қажырлы еңбекті, темірдей төзімді талап ететіндігін ұлтымыздың «Сиыр бақтым – сидаң қақтым» дегенінен ұғуға болатындай. Биыл облыста ірі қара 5 пайыздай көбейіп, 1180,5 мыңға жеткен. Аршалыдағы «Болашақ» шаруа қожалығының ірі қарасы да бірер жылда екі есеге артқанын айттық.

Алайда қожалық иесінен көбейіп отырған төрт түлігінің өрісі барған сайын тарылып бара жатқанын естідік.

– Өзімнің мамандығым – тарихшы. Ауылда өскенімнің ғана емес, әкемнің мал дәрігері болғандығының да атакәсіппен айналысуыма өзіндік әсері болды. Жергілікті билік мал өсіріп, егін егіп жатқандардың, шаруашылықтардың ауыр еңбегін жеңілдетуге барынша жағдай жасаса, бұл саланың әлдеқайда алға басатынына көзім жетіп келеді. Өткен жолы аудандық жер бөлімінен қожалық жерінде мал басы тиісті мөлшердегіден тыс көбейіп кеткендігі, жердің тиімсіз пайдаланып жатқандығы жөнінде ескерту келді. Электронды карта арқылы автоматты түрде есептеліп келген екен. Ондай болса, мал басы көбейіп жатқан қожалыққа неге жер бөліп бермеске? Қожалығыма тиесілі 12 мың гектар жер таршылық етіп отырғаны рас. Осы малдың азығы үшін жаз бойы жеті трактормен даланы кезіп шөп шабамыз, сонда да жетпей жатады. Сондықтан екпе шөп өсіру үшін қар суын тоқтатып, қоршап, кішігірім дамбы салсам дегем, оған рұқсат алудың машақаты тіптен бастан асып тұр, –  деп мал шаруашылығын дамытудағы көптеген кедергілерге қатысты қадау-қадау ойларын ортаға салған  Асланбек мемлекеттен субсидия беру шарттарының да жиі-жиі өзгеретінін, оған бейімделуге, шұғыл түрде құжат жинауға алыстағы ауыл шаруаларының икемі де, уақыты да болмай қалып,субсидиядан қағылып жатқанын айтты.

«Қызыл қасқа» қыстауының алдында ішсе сүт, жесе ет, бақса құт болған ақбас сиыр торпағының ескерткіші тұр. Мал иесінің барын бағалап, құрметтегені де. Биік мүсін бұл жерге былтыр орнатылыпты. Ылайым, ырысқа баланған жыл иесі, Жаңа жыл ауыл шаруашылығын алға бастырып, еңбек еткенге, елге, жерге бақ-береке ала келсін!

Төрт түлік малдың әрекетіне, көктегі жұлдыздарға қарап ауа райын болжаған халқымыз таңертең сиыр  желге қарсы қарап, бейғам күйсеп жатса, сол күні күн жылы, желсіз, жауынсыз, қарсыз болады деп жорамалдаған екен. Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса, дауыл немесе боран болады, егер сиыр өрістен ауылға ерте қайтса, күн бұзылады деп болжаған.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button