ҚоғамРуханият

Қазақтардың арасында тұрғаныма қуанамын

– Осыдан бірнеше жыл бұрын кабинетімде отырсам, әдемі киінген бір қазақ азаматының кіріп келгені. Біз жақтың адамы емес екенін бірден байқадым. Сәлемдесіп, қол алысқан соң: «Виктор, сен мені танымадың ба?» деді күліп. Мен шынымен танымайтынымды жеткіздім. Ол «Ұмытқан екенсің ғой» деді жымиып.

Сұрасам, кезінде Целиноградта оқып жүргендегі курстасым Серік екен. Біздің жаққа іссапармен келіпті. Менің осында істейтінімді естіп, амандасып шығуға бұрылған. Қазір «Қазагроның» басшысы көрінеді. Серік Көкшетаудың жігіті болатын. Ол маған: «Сен үнемі студент кезінде Абай, Тарбағатай жақтың жігіттерімен бірге жүретінсін, тек қазақша сөйлейтін едін. Сені қазақтың сары баласы-ау деп ойлайтынмын» деді. Қазақ тілінде еркін сөйлейтінімнің себебі, кішкене кезімнен көшедегі қазақ балаларымен ойнап өстім. Қазақша сөйлемесем, олар мені ойыннан шеттетіп тастайтындай көрінетін. Үйде орысша, көшеде қазақша сарнайтынмын. Көп тіл білу адамның жолын ашып, үлкен мүмкіндіктерге жетуіңе көмектеседі.

Қазақ – дархан, қонақжай халық. Өзге ұлттардан байқамаған қайсыбір жақсы қасиеттерді қазақтардың бойынан көремін. Олар еш уақытта өзге ұлттарды өгейсініп, сыртқа теппейді. Сондықтан, Қазақстанда, қазақтардың арасында тұрғаныма қуанамын, – дейді Виктор Шуйцкий.

Виктор Васильевич – осы ауданның тумасы. 1966 жылы тау бөктеріндегі Некрасовка ауылында туған. Кейін ата-анасы аудан орталығына көшіп келген соң, осындағы М.Горький атындағы орта мектепті бітірді. 1983 жылы Новопокров техникумын аяқтаған соң әскерге алынды. Әскери міндетін Алматы облысындағы Сарыөзек әскери қалашығында өтеді.  Әскерден соң Целиноградтағы ауылшаруашылық институтына түсіп, инженер-электрик мамандығын алып шықты. Біраз жыл Өскемендегі «Алаутрансгаз» кәсіпорнында техник болып істеді. 1998 жылы Үржар ауданындағы «Үржар – кең дала» акционерлік қоғамына ауысты. 2004 жылдың күзінде Үржар ауылдық округі әкімінің орынбасары болып тағайындалып, содан бері өңірдегі ең үлкен округте қызмет етіп келеді.

Ол елді мекеннің өркендеуіне мүмкіндігінше еңбек сіңіріп, тұрғындардың мәселелерін шешуге күш салуда. Үржар елді мекенінде 22 мыңдай тұрғын болса, солардың әрқайсысын таниды десек, асыра айтпағандық. Олармен әр уақытта кездесе жүріп, айтқан өтініштерін, қойған сұрақтарын тыңдап, шешіп келеді. Сондықтан ел арасында абыройлы. Қазақ тілін ана тіліндей толық меңгерген.

Шынын айту керек, Виктор Васильевич іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізетін өңірдегі саусақпен санарлықтай өзге ұлт маманы. Ұлтымыздың  салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын қазақтан кем білмейді. Ұлтаралық достықты нығайтуға талай жылдан бері еңбек сіңіріп келеді. Осы қызметі үшін көптеген грамоталар мен сый-сыяпаттың иегері. Ресейдің еліміздегі консулының қолынан төсбелгі алғанына да көп болған жоқ.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button