ӨнерТОП

Қазақта қошқармүйізден басқа ою жоқ па?

«Қошқармүйіз – киімге салатын ою емес, шапанға шаптауға болмайды».

Риддердің мәдениет үйінде ашылған «Шебер» үйірмесінің жетекшісі Роза Бұқарбаева солай дейді. Оның айтуынша, мұны жалпы қала бойынша балаларға ұлттық өнерді насихаттау мақсатында ашылған алғашқы үйірме деуге болады. Біздің бұл шағын жазбамыз, міне, сол «Шебер» туралы болмақ.

– Бізде өнерге баулитын орталық көп. Бірақ ұлттық бағыттағысы бұрын болмаған, – дейді мекеме директоры Дидар Арғынша.

Роза Бұқарбаева «тырна құрақ», «құдық құрақ» сынды белгілі құрақ түрлерімен қатар «пицца» деген заманауи тігін техникаларын да үйретеді. Оның негізгі жұмысы тіпті де бұл үйірмені жүргізу емес. Негізі артистердің киіміне жауапты костюмер. Бірақ оған «ұлттық нақыштағы киімдер сәнге айнала ма?» деп сұрақ қойғанда барып «Шеберді» не үшін ашқанын түсінген болатынбыз.

– Балалардың қолын мәшинемен жұмыс істеуге үйреттім әуелі. Ою-өрнекті бастыра алатын деңгейге жетті қазір. Бұл күнде ешкім әжелеріміз секілді қолмен тепшіп отырмайды ғой. Сонымен қоса тігіншіліктің әліппесін де оқытамын. Өзімнің жұмысыма керек деп музейден материал жинаймын ғой, соларды көрсетемін, – дейді тігінші.

Оның материал дегені – ескі фотосуреттер. Мұражайлардағы ескі суреттерден ұмыт қалып бара жатқан өрнектерді тауып, ретімен іске жаратуға болады.

– Нағыз қазақы өрнектер деп 15-20 ғасырлар аралығында пайдаланылған өрнектерді санаймын. Сол кезеңдегі жәдігерлерге үңілемін. Осы уақыт қазақы өнердің нағыз пісіп-жетілген кезі болса керек. Түркі, сақ дәуірлері сәл ертерек кезең болып есептеледі, – дейді Роза.

(Суретте Роза Бұқарбаева)

Ал тігіншіліктің әліппесі дегені…

– Қошқармүйізден басқа ою жоқ секілді ғой қазір. Шапанға да шаптайды, қалпаққа да жапсырады. Бірақ бұл жалпы сырмақ, көрпелерге салынуға тиіс ою. Ал киімге аспан, өсімдік әлеміне қатысты нәзік, жіңішке өрнектерді пайдалану керек. Шәкірттеріме өю-өрнекті пайдалану әдебін үйретіп жатырмын, – дейді.

Үйірмеге мәдениет үйінің ішінен шағын бөлме берілген. Бөлме тігін мәшинелері, тігіншінің қолынан шыққан көйлектер және әдістемелік құралдармен жабдықталған. Қабырғадағы жазулардан «айбалта», «қармақ», «шынжыр», «балдақ» деп кете беретін ою-өрнек атауларын оқуға болады.

– 10 шәкіртім бар. Төсеніш пен киімдер тіге бастады. Үйірме жұмысы коронавирусқа байланысты қазір сәл тоқтаңқырап тұр. Балалар икемін жоғалтып, үйренгенін ұмытып қалмау үшін істеген жұмыстарын үйіне алып кетті. Үйлерінде айналысады. Мына жерде заманауи «пицца» техникасын пайдаланып, көпшік тігіп жатыр, – деп видео мен суреттерін көрсетті.

Қазақы нақыштағы бұйымдар қазір сәнге еніп келеді.

– Көп үйдің диванында оюлы көрпе төселіп тұрады ғой қазір. Міне, содан-ақ ұлттық өнер өлмейтінін көруге болады, – дейді.

Ал ұлттық нақышы бар киімдер жаппай сәнге айналуы үшін жастардан шәкірт тәрбиелеу керек. Жастармен бірге ізденіп, ою-өрнекті жымдастыра қолданудың жолын табу керек. Міне, тігіншінің арманы – осы.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button