Бұдан былай қазақстандықтарды ПТР-тесттен өткен-өтпегені және нәтижесі қандай болғанын көрсететін төрт түске бөлу көзделіп отыр.
Сала министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, деректер Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп әзірлеген «Ashyq» қосымшасында көрсетіледі. Әзірге бұл жоба карантин шаралары кезінде қызметі шектелген бизнес өкілдері арасында пилоттық режимде іске асырылуда (spa-орталықтар, фитнес орталықтар, кинотеатрлар). Енді осы орындарға бару үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, кіреберісте көрсету қажет. Бағдарлама қызыл, сары, көк және жасыл түстерге бөлінетін қауіптілік дәрежесін көрсетеді.
Қызыл түс қозғалыстың шектелуін, амбулаторлық бақылаудағы адамның үйде оқшауланудың қатаң режимін сақтау керек екендігін білдіреді.
Сары түс – қозғалысты ішінара шектеу, яғни адам ПТР дерекқорында вирус жұқтырған адаммен байланыста болған деп көрсетілген. Ондай адамдарға оқшаулау режимін сақтайтын орыннан 500 метрден аспайтын жердегі азық-түлік және шаруашылық дүкендеріне, дәріханаларға баруға ғана рұқсат етіледі.
Көк түс – адамдардың қозғалысына шектеу жоқ. Бірақ әуежай сияқты ПТР-тест қажет жерлерде анықтамасы болуы шарт.
Жасыл түс қозғалыста ешқандай шектеулер жоқ екенін білдіреді және бұл адам дерекқорда covid-19 вирусына теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеуден өткен деп көрсетіледі.
Бұл кәсіпкерлердің өз қызметін жалғастыра отырып, келушілерге қауіп төндірмеу мақсатын көздейді. Келушілерде смартфон болмаған жағдайда қосымшада ғимаратқа кіруді бақылайтын қызметкерлерге арналған функция бар. Олар сол арқылы келушінің мәртебесін ЖСН немесе жеке куәлікте орналасқан штрих-кодты сканерлеу арқылы тексере алады. Өткізілген қанатқақты жоба алдағы уақытта сауда-ойын сауық орталықтары, дүкен, мейрамхана, дәмхана, вокзал, әуежай сияқты қоғамдық орындарға кіру үшін еліміздің барлық өңірінде «Ashyq» ұялы қосымшасын тарату мерзімдерін анықтауға мүмкіндік береді.
Айжанат Бақытқызы