Қоғам

Қазақстандық жеңілатлет рекорд жаңартты

АҚШ-та өтіп жатқан Әлем чемпионатында қыздар арасында сайысқа түскен шығысқазақстандық жеңілатлет Каролин Чепкоеч Кипкируи 10 мың метрге жүгіруден Қазақстан рекордын жаңартты.

Иә, бұл спортшыға бапкерлер де, жанкүйерлер де зор сенім артып еді. Іріктеу кезеңінде мәреге қара үзіп келген қара қыз финалдық сында бар-жоғы жетінші нәтиже көрсетті. Ол 10 шақырымды 30 минут 17,64 секундта жүгіріп өтті. Бұл уақытша нәтиже еліміздің жаңа рекорды.

Сондай-ақ тағы екі қазақстандық жеңілатлет финалға шықты. Атап айтқанда, Нора Джеруто іріктеу кезеңінде 3 мың метрді кедергілері арқылы 9 минут 1,54 секундта жүгіріп өтіп, басқалардан оқ бойы озып келді. Аузы дуалы мамандар осы біріншіліктің бір алтынын Нора қыздың қанжығасына «байлап» отыр. Уақыт көрсетер.

Биіктікке секіруден де іріктеу сайыстары аяқталды. Бұл бәсекеде Надежда Дубовицкая финалдық кезеңге жолдама алса, командаласы Кристина Овчинникова өкінішке қарай жарыс жолынан шығып қалды.

Сол секілді 100 метрге жүгіруден бақ сынаған Ольга Сафронова, үш қарғып секіруден ел намысын қорғаған Мария Ефремова және тағы бірнеше спортшы үшін АҚШ-тағы Әлем біріншілігі аяқталды.

Естеріңізге сала кетсек, ел рекордын жаңартқан Каролин Чепкоеч Кипкируи 1994 жылы Кенияда (Африка)  туған. Бұл күнде Қазақстанның азаматтығын алып, дүбірлі додаларда алаштың абыройын қорғап жүр.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button