Қоғам

Қазақстандық екпенің төрт мың дозасы жеткізілді

Қазақстандық COVID-19 вакцинасының алғашқы партиясы өңірлерге, соның ішінде Шығыс Қазақстанға да жеткізілді. Кеше облысқа коронавирусқа қарсы QazVac қазақстандық препараттың төрт мың дозасы келіп түсті. Енді облыс тұрғындарында таңдау бар, оларға  иммундау үшін отандық және ресейлік препараттар қолжетімді.

Дәрігерлердің айтуынша, иммундау процесі “Спутник V” екпесін салғанға ұқсас – вакцина иыққа салынады. Маңызды айырмашылық – бір ампула бір адамға арналған, сонысымен де  тиімді. Ресейлік вакцинаның бір ампуласы бірден бес адамға егілетіндіктен, оған осыншама адамды жинау керек болатын.

Естеріңізге сала кетейік, QazVac вакцинасын әзірлеумен Жамбыл облысындағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты айналысқан. Әзірлеушілердің айтуынша, вакцина сенімді, өндіріс технологиясымен тексерілген. Екпенің барлық компоненттері 60 жыл бойы зерттелген және қауіпсіз. Құрамындағы жаңа жалғыз компонент – бұл  вирустың өзі, оның белсенділігі химиялық жолмен жойылған. Вакцина 21 күн аралығымен енгізілетін екі компоненттен тұрады. QazVac – тың тағы бір артықшылығы, оны жеткізу үшін күрделі тоңазытқыш қондырғыларды қажет емес, ол 2-8 градус температурада тасымалданады. Сонымен қатар вакцина вирустың мутацияланған штамдарына төтеп бере алады.

– Вакцина екі компонентті болғандықтан, бұл екі мың адамға жетеді. Сондықтан дозалар Өскемен мен Семейдің егу пункттеріне  тең бөлінеді. Азаматтар қандай вакцина алғысы  келетінін өздері таңдай алады, – деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Қазақстан өзінің вакцина өндірісін іске қосқан әлемнің он елінің қатарына кірді және өздерінде вакцина өндірісінің толық циклін іске қоса алған елдердің бестігіне кіреді.

Айта кетейік, 26 сәуірдегі жағдай бойынша облыстың 42 200 тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған болатын.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button