ТОП

«Қазақстан халқына» қоры кімдерге грант береді?

Жаңа Қазақстанның жаңа бір жаңалығы «Қазақстан халқына қоры» болатын. Қор құрылған тұста «бұның қызығын кім көрер екен?» деген сауал көпшіліктің көкейінде тұрған. Енді міне, қор атқарып жатқан жұмыстардың бірінен құлағдар болып отырмыз.

Елдің болашағы білімді жастар екенін ескерген «Қазақстан халқына» қоры биыл 2 мыңнан аса студенттің білім алуына жағдай жасамақ. Бұл жағымды жаңалықты қор дер кезінде жариялап отыр. Өйткені қазір оқуға түсе алмай өкінгендер де, грант ұтып қуанғандар да абыр-сабырға түскен шақ. Білім алудың тиімді жолын таппай жүргендер де жоқ емес. «Қазақстан халқына» қорының мәлімдеуінше, бакалавриат бағдарламалары бойынша студенттер мен талапкерлерге барлығы 2 350 грант бөлінген. Берілетін шәкіртақының мөлшері – 40 мың теңге көлемінде болмақ.

– Бастапқы кезде 360 грант бөлу жоспарланған болатын, бірақ өтініштер санының көп болуына байланысты гранттар саны көбейтілді, – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда қайдан білім алам деп басты тау мен тасқа соғудың қажеті жоқ. Ізденген адамға білім теңізіне барар жол көп. Егер «Қазақстан халқына» қорының қызығын көрем деген үміткерлер болса qazaqstanhalqyna.kz сайтына кірсін. Онда қордың есебінен білім алудың барлық критерийі көрсетілген.

Дәл қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары қайырымдылық бағдарламасын іске асыру шеңберінде талапкерлер мен студенттерден грантқа өтінімдер қабылдау басталып кетті. Көрсетілген талаптарға сай келсеңіз сіз де грант иегері атана аласыз.

Сондай-ақ талапкерлер үшін білім беру гранттары мен шәкіртақының саны әрбір ЖЖОКБҰ-ға 10 грантқа дейін, ұлттық ЖЖОКБҰ үшін 20 грантқа дейін көбейтілген. Алдағы 2022-2023 оқу жылының талапкерлеріне арналған білім беру гранттары мен шәкіртақының жалпы саны – 850. Қор атынан берілетін гранттардың өзіндік талаптары мен тәртіптері бар. Мысалы, ауылдық жерлердің аз қамтылған отбасыларының балалары; жетім балаларға жататын және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған талапкерлер; мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар талапкерлер үшін гранттар ұсынады. Одан да өзге талаптары тағы бар. Егер ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін қажетті өту балын жинамасаңыз қор атынан берілетін грантқа ие бола алмайсыз.

Өтінім қабылдау 17 тамызға дейін жалғаспақ. «Қазақстан халқына» ҚҚ грантына үміткерлерді іріктеуді ЖЖОКБҰ (университеттер) жанында жұмыс істейтін қабылдау бөлімі немесе кез келген басқа комиссия білім беру гранттарын іске асыру шеңберінде жүзеге асырады.

Білім алып жатқан жастар үшін жіберіп алмайтын тағы бір мүмкіндік бар. Егер ЖЖОКБҰ-ның ақылы бөлімшелерінде білім алып жатсаңыз аталған қор қаражаты есебінен білім алуды жалғастыруға болады. Ол үшін берілетін квота санын «Қазақстан халқына» қоры 1500-ге дейін өсірген. Бұл мүмкіндікті иеленудің де өзіндік шарттары мен талаптары бар. Ол да қор сайтында көрсетілген. Ақылы топта оқитын студенттер үшін құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғаспақ.

Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қорының екі серіктесі бар. Олар: «Taiburyl»  ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ». Студенттер арасында грантқа үміткерлерді іріктеуді осы «Taiburyl» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ  жанынан  құрылған комиссия жүзеге асырады.

Жеңілдіктер арқылы грантқа қол жеткізудің жолы осындай. Халықтың қаражатынан жиналған қордан әрбір талапкер үшін 1 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ. Егер талапкердің оқу төлемінің құны одан асып кеткен жағдайда, қалған айырмашылықтағы шығынды білім алушы өз есебінен төлейтіні көрсетілген.

Сондай-ақ «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары қайырымдылық бағдарламасында 79 білім беру ұйымы (ЖЖОКБҰ) және білім беру саласындағы екі қайырымдылық ұйымы: “Taiburyl” ҚБ және “Эндаумент КАЗГЮУ” КҚ қатысатыны мәлім болған.

Талапкер үшін бір қуанарлығы қор есебінен берілетін грант қайтарымсыз. Десе де білім беруші оқу орындарының талаптары мен шарттарын орындауға міндетті. Егер талаптар орындалмаған жағдайда қаржылық қолдау тоқтатылады. Міне, осындай талап қылған талапкерге білім алуға мүмкіндік те, жол да көп.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button