Өнегелі өмір

Қазаққа келін болған беларусь қызы

Он алты жастағы беларусь қызы автобуста кетіп бара жатып түр-пішіні азиялық бір сымбатты жігітті көзі шалады. Белоруссияда туып-өскен, ауданнан ұзап ешқайда бармаған бойжеткен өзге нәсілдің адамына таңырқай қараған. Өз аялдамасынан түскен қыз артына қараса, әлгі әскери киім киген бейтаныс жан қасына кеп тұр. Сөйтсе, сүйкімді ару жігітке ұнап, ол онымен таныспақ ниетте автобустан ере шыққан екен.

– Бұл 1963 жылдың 19 қазаны болатын, – дейді сол күнді мәңгілік есінде сақтап қалған Галина Анатольевна. – Содан оның есімі Кеңесхан екенін, шығыстағы одақтас Қазақстан деген елден екенін білдім. Екеуміз қыз-жігіт болып жүрдік. Ол кезде әскер үш жыл болатын, алайда жігітім екі жылдан соң үйіне қайтты. Ол деревнямыздың маңындағы химиялық қарулармен жарақталған әскери бөлімде қызмет етті, уытты заттар денсаулығына кері әсер еткен екен.

Кеңесхан үйіне қайтқан соң екі жылдай қос ғашық үзбей хат-хабар алмасып тұрды. Галина 1965 жылы Волковыск педагогикалық училищесіне ұлт мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі.

– Әлі есімде 1966 жылғы 11 желтоқсанда менің Кеңесханым келді. 17-сі күні үйлендік. Шынын айтайын, анам басқа ұлт өкіліне шығуыма еш қарсы болмаса да, әкем аздап ренжіді. Дәлірек айтсам, мен үшін қатты уайымдады. Ол кісі Қарағанды магниткасын салуға атсалысқан. Яғни, қазақ жерін көрген адам. «Қызым, саған ол жақта қиын болады ғой» деп алаңдады. Бірақ ақ батасын берді.

Кеңесхан мен Галинаның тұңғыштары Марат беларусь жерінде дүние есігін ашты. Кеңесхан алғашында киномеханик, сосын тракторшы, бульдозерші болып еңбек етті. Бір жарым жылдан соң жас отбасы Қазақстанға қоныс аударуға бел буады. Ол кезде Марат небары үш айлық болатын.

Біз айтып отырған Галина Анатольевна Кравченко-Жанпейісова 1947 жылдың 29 наурызында Гродно облысына қарасты Волковыск ауданының Подорск деревнясында дүниеге келген. Әкесі Анатолий Брониславович соғыс кезінде партизандар қатарында болғаны үшін фашистер оның ата-енесін, тұңғышы Анатолийді өлтіріп кетеді. Бұл 1942 жыл болатын. Әкесі дұшпандармен 1944 жылға дейін, яғни Беларусь жері фашистерден толық азат етілгенше шайқасты. Кейін Қарағанды магниткасын салуға қатысты, ұзақ жыл ауылдық кеңестің төрағасы болды. 1988 жылы жетпіс жасында дүниеден өтті. Қазір Галина Анатольевнаның 1949 жылғы сіңлісі мен 1951 жылғы бауыры бар, 1959 жылғы кенже сіңлісі өмірден озған.

Шіліңгір шілдеде ішілген ыстық шай

Ең алғаш қазақ еліне келгенін Галина Анатольевна еш ұмытпайды. Ол 1968 жылдың 15 шілдесі болатын.

– Сол кездегі Марқакөл ауданының орталығы – Алексеевкаға дейін халық арасында «кукурузник» аталып кеткен ұшақпен жеттік. Қолымда ұлым бар үш айлық. Қарой ауылына көлікпен бардық. Есімде қалғаны – Қаройда бір ағаш жоқ, аяқ асты сап-сары құм-топырақ. Алдын ала ескертіп қойғанбыз, барша туысқандары күтіп отыр екен. Қолымдағы ұлымды бір келіншек алып ап, үйге кіріп кетті. Мен аң-таңмын. Тағы бір келіншек кеп, мені мәшіннен түсіріп жатыр. Енем басыма орамал тақты. Дастархан басына отырдық. Дала деген күйіп тұр. 40 градус ыстық, шіліңгір шілде. Бәріміз отырып ыстық шай іштік сүт қатқан. Сол кезде «мынадай аптапта ыстық шай ішкендері қалай?!» деп таңырқадым. Жиналған жұрт «іш, іш, қарағым, шөліңді басады» деп жатыр. Дастархан үстіндегі тағамдарды алғаш көруім. Кейін білдім ғой бауырсақ, құрт, шақ-шақ екенін олардың. Осылайша, қазақ арасына сіңісіп кеттім, ешқашан ешкім шеттетіп, ұлтымның басқа екенін айтқан емес. Қазақтар мейірімді, қонақжай, ашық-жарқын халық қой. Қазаққа келін болуды жазған тағдырыма ризамын! – дейді.

Сол жылы Галина орта дәрежесін енді алған Қарой мектебіне орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып қызметке орналасады. Мектеп директоры қазақ тілін білмейтін, балалармен тек таза орысша ғана сөйлесетін оқытушының келгеніне қатты қуанған екен. 1977 жылы ол өзінің алғашқы түлектерін ұшырды.

Қазақ жерінде 1969 жылдың наурызында ұлы Жомарт, 1972 жылы Анатолий, 1979 жылы Сергей (өзі Серікжан деп атайды), ал 1984 жылы кенжесі Болат дүниеге келді. Өкінішке қарай, ұлы Анатолий 2001 жылы мезгілсіз қаза тапты.

– Соғыс кезінде фашистер қолынан мерт болған ағамның атын қойған едім ұлыма. Олай істеуге болмайды екен ғой. Оны кейін білдім, жас кезімде ешкім ескертпеді де. Ұлымнан айырылып қалғаныма есімінің бір әсері болды ма деп те ойлаймын кейде, – дейді ана.

Былтыр қара күзде Галинаның құдай қосқан қосағы Кеңесхан Қасенұлы ұзақ аурудан соң қайтыс болды. Бүкіл әлемді жаулаған ковид ауруы онсыз да денсаулығы сыр беріп жүрген азаматтың өмірін жалмап кетті.

Галина Анатольевна 1987 жылы отбасымен Қаройдан Күршімге көшеді. №1 Гагарин атындағы орыс мектебінде бес жылдай сабақ береді. 1992 жылы денсаулығына байланысты жұмысты тоқтатуға мәжбүр болады. Ал 1994 жылы балалары күйеуі екеуін Өскеменге көшіріп алады. Жолдасы біраз жыл қала базарында еңбек етіпті.

1998 жылы ол Өскемендегі №33 орыс мектебіне қазақ тілі мұғалімі болып орналасады. Иә, Марқакөл мен Күршім өңірінде тұрған ол осы кезең ішінде ана тілімізді біркісідей меңгеріп алған болатын. Одан соң Ахмер мектебінде орыс және қазақ тілдерінен сабақ берді. 2008 жылы жоғары санатты ұстаз құрметті еңбек демалысына шықты. Тәрбиелеп шығарған мыңдаған шәкірттері бүгінде еліміздің әр түкпірінде еселі еңбек етуде, олар өздерінің мұғалімдерін құрмет тұтып, жиі-жиі қонаққа келіп тұрады.

Талай жанға ана тілін үйретті

Белсенді әрі шығармашыл жан зейнетте қол қусырып отыра алмады, 2010 жылы Достық үйіндегі беларус этномәдени орталығының жұмысына араласты. Екі жылдан соң орталықтың сол  кездегі басшысы Владимир Магазинщиковтің ұсынысымен бірлестік жетекшілігіне тағайындалды.

– Достық үйінде беларусь тілі мен әдебиетінен дәріс бердім. Осы тілдің білгірі Нина Прищепчик те оқытушы болды. Өзіміздің салт-дәстүрімізді жаңғырттық, ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, өскелең ұрпақты баулыдық. Ең қынжылтары сол, беларусьтардың көбі өз ана тілін білмейді, ал білетіндері сөйлеуге ұялады. Сосын, қазақ тілі үйірмесін ұйымдастырып, беларусьтарға мемлекеттік тілді үйреттім. Немерем Снежана да беларусь тілін меңгеріп алды. Қазір ол студент, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын игеріп жатыр, – дейді белсенді жан.

2015 жылы ол төрайымдылықты Галина Борисовичке табыстады. Десек те, бірлестіктің сан түрлі жұмысына әлі де өзінің өлшеусіз үлесін қосып жүр. Бүгінде «Шығыс Қазақстанның беларусьтары» атты екінші кітап әзірленіп жатыр, алғашқысы 2006 жылы шыққан-ды. Сонымен қатар 1992 жылы негізі қаланған беларусь этномәдени орталығы биыл өзінің 30 жылдық мерейтойына дайындалуда.

Атап өтерлігі, Галина Жанпейісова – шығармашыл адам. Ол бұрыннан әңгіме жазып, «Простор», «Нива», өлкелік «Ақ Ертіс» журналдарында жариялап келеді. Досы, өңірге танымал қаламгер Көпен Ерқасовтың кеңесімен 2012 жылы «На житейских перекрестках» атты тұңғыш әңгімелер жинағын шығарды. Одан кейін «Жизнь – река» кітабы, «Я люблю – значит я живу» деген атаумен өлеңдер топтамасы жарық көрді. Соңғы шыққан «Жизнь прожить – не поле перейти» романында ұлтаралық отбасылар, беларусь ұлты туралы қызықты оқиғалар жазылған. Қазір әжеміз өмірлік жолдасына арнап кітап жазып жатыр. Аңшылықты ерекше жақсы көрген Кеңесханның өмір жолы кітапта баяндалады.

Галинаның анасы Ольга Адамовна  2013 жылы қайтыс болды. Сол кезде Галина Беларусьқа сапарлап бара жатқан болатын. Жеткенше анасы бақиға аттанып кете барған. Тарихи Отанында қазір көзі тірі сіңлісі мен бауыры тұрады. Бұрын жиі баратын туған еліне. 2014 жылдан бері жол түспепті.

– Алдымен мына індет кедергі болды. Шекаралардың бәрі жабылды. Ал қазір соғыс кесірін тигізіп тұр. Көршілес елдердің арасындағы қарулы қақтығысқа Беларусь та араласқан. Туысқандарым «қауіпті, жолға шықпа» деп отыр. Осындайда өз еліміздегі тыныштық, тату-тәтті өмірдің қаншалық құнды дүние екенін ұғынады екенсіз. Осы бейбіт өмірден Жаратқан иеміз айырмасын деп тілеймін! – дейді ол.

Галина әжей адамдарды ешқашан ұлтқа бөлмей, тек жеке қасиеттеріне қарап бағалайтынын жеткізді. Десек те, ол бір-бірінен жырақта жатқан қазақ пен беларусь халқының бір-біріне өте ұқсас екенін айтады. Әсіресе шынайы мейірімділігі, дархандығы, қонақжайлығы мен көңілшектігі де тым жақын.

Бүгінде Галина әжей – үлкен бір әулеттің отанасы. Оның қазақ, орыс және кәріс келіндері бар. Бәрін де бірдей қабылдайды және жақсы көреді. Өйткені кезінде өзін де сонау Марқа өңіріндегі қазақ отбасы құшақ жая қарсы алып, махаббатқа бөлеген болатын.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button