ТОП

Қазақ мультфильмінің халі қалай?

Тәрбиенің тағаны ата-ананың тәлімінде болғанымен қоршаған ортаның тигізер әсері көп. Өйткені санаға интернет иелік етіп, цифрлық технология тетігіне байланған заман туды. Осындай жағдайда баланы әрбір істен ауыздықтап отыру ата-ана үшін оңайға соқпасы анық. Десе де баланың барлық әрекетін бақылап отыру ата-анаға міндет.

Жуықта ғана әлеуметтік желідегі әлеумет бір жаманшылықтың алдын алған сынды әрекет жасады. Көзқарақты жұрт «Базз Лайтер» мультфильмін кинотеатрларда көрсетуге қарсы шықты. Олар бұл мультфильмнің бір жыныстылар қатынасын насихаттайтынын алға тартты. Тіпті, бұл мәселеге зиялы қауым өкілдері де  үн қосып, уәждерін айтты.

– Мультфильм арқылы біржынысты қатынасты насихаттау – тамырыңды қынадай қырқып түсіру! Бүгінде бір күн интернет ашпасаң,  бір топ жаңалықтан құр қаласың.  Ал үш күн ашпасаң “үштік” алған үкіметіңіз ауысып кеткенін де білмей қалуыңыз әбден мүмкін… Желіде “Базз Лайтер” мультфильміне тыйым салу талабымен петиция құрылып, лезде 40 мыңға жуық адам қол қойды. («Қарсы» тараптан тек 4 мың адам ғана жиналды). Яғни, халық талабы ескерілді, – деп жазды Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Иә, бұндай келеңсіз іске көпшіліктің назар салып, қарсы қол қойғаны қуанарлық жайт. Әрбір ата-ана баланың не көріп жүргенін тұрақты бақылап отырмаса да осындай идеологиялық апаттың алдын алғаны жөн болды. Ел пікіріне құлақ асқан мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев аталған мультфильмнің кинотеатрларда көрсетілмейтінін жазды.

– Ел азаматтары мен БАҚ өкілдері тарапынан шетелдік «Базз Лайтер» анимациялық фильміне қатысты көптеген сұрақ келіп  түсті. Жауабымды осы пост арқылы жеткізуді жөн көрдім. Аталған картина Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейді, – деп жауап берді министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осылайша жат идеологияға жұрт нүкте қойды. Ал біздің қазақ анимациясы не жасап жатыр? Әлемдік анимацияның тарихы қандай? Қазірігі ана тілі мен бала тілі қандай? Жұрттың үрейін тудырған жаңалықтан кейін осындай сұрақтар ойға оралды. Қызықтық. Біржағы биыл Балалар жылы болғандықтан оқырман қауымға осы тақырып төңірегінде ақпарат ұсынуды жөн көрдік.

Ана тілі һәм бала тілі

Жаһан жұртымен салыстырғанда заманауи цифрлық технология тетігін меңгеруден көшпенділердің көші артта. Ежелгі мәдениетіміз озық болды деген ойдан айнымайтынымыз анық. Алайда кино өнеріне, мультификация саласына кеш келгеніміз ақиқат. Бұл енді аңыздық мәдениет жасауға келмейтін дәлелді дүние. Дәлірек айтқанда қазақстандық мультификацияның тарихы 1960 жылдан басталады. Бұл сол тұстағы одақтас республикаларда кино өнерінің қарқынды дамыған тұсы. Қазақстандағы тұңғыш мультфильмнің, анимациялық киноның тууы мен дамуы, режиссер-аниматор, суретші және сценарист, өнерге еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмен Әбжанұлы Қайдаровтың есімімен байланысты. Әуелгі көрермендері қырықтың қырқасына шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты туынды автордың алғашқы туындысы және тұңғыш қазақ мультфильмі. Әмен Қайдаровтың бұл еңбегі әлемнің 48 тіліне аударылып сан тарапқа таралған екен. Қазіргі тілмен айтсақ сенсация дер едік. Осы арада бір ағамыздың әжуасы еске оралса езу тартып қоятынымыз бар. Қайбір жылы бір топ бүлдіршін үйде телевизор тамашалап отырған. Содан бұлар не көріп отыр екен деген оймен ағамыз экран алдына келе қалғаны. Біраз тұрды да басын шайқап: – Бізден қалған қарлығаштың құйрығының айырына мыналар әлі қарап жүр екен ғой, – деп мырс еткені бар.

Ол енді рас жағдай. Мультфильм жоқ емес бар, бірақ татымдысы аз. Айтпақшы, Әмен Қайдаровтың «Ақсақ құлан», «Қожанасыр құрылысшы», «Қырық өтірік», «Айнакүн» сынды еңбектері де өз көрермендерінің жүрегінен орын алған туындылар. Жаңа ғасырдың туындысы ретінде «Теке мен Қошқар», «Тастүлек», «Күлтегін» мультфильмдері де балалардың бақытына орай берілген базарлық болды. Әсіресе, «Қошқар мен Теке» мультфильмінің көрермені көп болды. Алайда осы қошқар мен текенің сақалын күзегендей қылып шығарған «Тоқты мен Серке» деген мультфильмді де көгілдір экраннан көріп қалдық.  Біртүрлі. Мысалы, «Ата мен апа» «аю мен қасқыр», «ит пен мысық» деген қабысқан атаулар болады. Ал өрісте қосылмайтын тоқты мен серкені көгілдір экранда қосып бала санасына құю қаншалықты ұтымды?! Міне, осындай көзге көрінетін және көрінбейтін кемшілігі бар мультфильмдер жоқ емес. Ол енді ойын баласын қызықтырып, тәрбиенің тағаны бола алмасы анық. Қазақ руханиятында түсіре білген адамға тақырып жетерлік еді. Мысалы, «Алпамыс» пен «Ертарғынның», «Қобыланды» мен «Ертөстіктің», «Тоныкөк пен Білгенің», «Қабанбай мен Бөгенбайдың» ерліктерін дәріптеуге болар еді. Өйткені бүгінгі ұрпақтың тілі мен ділі экран алдында қалыптасып жатқаны жасыруға келмейтін шындық. Оларды «Маша мен медведь» мультфильмі көбірек қызықтырады. Сондықтан да ой-санасы орманға қарап ұлып, тәрбиесі мен тілі бұзылып, өзге мәдениеттің өзегімен кетеді. Бұдан құтқаратын бірінші жол – ана тілі болса, екіншісі өрнекті экран тілі. Анасы әуезді әлдимен тербетіп, көгілдір экран «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» қазақ тілді туынды таратса болғаны.

Шегініс және ұмтылыс

Біздің бағындырған белесіміз, алған асуымыз белгілі болды. Енді тарихқа сәл шегініс жасап көрейік. Жаһан жұртына бұл жаңалықты алғаш рет ағайынды Льюмерлер кинематографияны ойлап табу арқылы жеткізген. Ал тарихта тұңғыш рет суретке жан бітіріп, жүріп бара жатқан адамның бейнесін салған – бельгиялық физик Жозеф Плато деген тұлға. Осыдан кейін австриялық профессор Симон Фон Штамфер және өзге де ғалымдар экранда қозғалмалы бейнелерді көрсете алатын айналмалы дисктер немесе сурет салынған ленталарды қолданып, фенакистископ және стробоскоп құрылғыларының пайда болуына себепші болды. Алғашқы мультфильм кейіпкері түрлі-түсті динозавр Гертиді 1914 жылы Уинзер Маккей салды. Осылайша анимациялық фильмдерге арналған сурет салу басталып кетеді. Осыдан кейін бес жыл өткенде барып француз суретшісі әрі инженері Эмиль Рейно мультфильм шығаруға арналған құралды жетілдіріп, көріністі ұзартып, 15-20 минуттық  комедиялық лента жасап шығарады. Осылайша ол 1892 жылы 28 қазанда Париждегі  Гревен музейінде өзінің алғашқы лентасын халыққа көрсетеді. Міне, бүгінгі таңда біз қол жеткізгенімізбен нәтижелі жұмыс істей алмай отырған өнер туындысының тарихы осылай басталған. Десе де қазіргі уақытта қазақстандық мамандар бұл салада жұмыс істеу керек екендігін түсінді. Бала тілінің теледидардың тетігінде, интернеттің игілігінде екендігіне көз жеткіздік. Сондықтан бұл саланың қоржынын қазақ руханиятымен толықтыруымыз қажет.

– Қазақ анимациялық фильмдерінің ең алғашқы туындысы Әмен атамыздың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» болатын, ең биік жетістігі де осы туынды еді. Бірақ біздің «Мұзбалақ» деген толық метражды фильміміз шықты. Ол туынды қазақ анимациялық фильмдерінің қай деңгейде екенін әлемге дәлелдеп берді. Қазіргі таңда жақсы жаңалығымыз да жоқ емес, алдағы уақытта қазақ фильмінің ішінен қазақ мультфильмі жеке шаңырақ болып құрылғалы жатыр. Енді жеке өндірістік ошақ ретінде құрылып, жұмысын бастамақ. Бірақ бізде жұмысты бірізділікпен алып жүру жоқ. Арнайы мамандар даярлап, оларды жұмыспен қамту мәселесі де қарастырылу керек. Мысалы, өткен жылы «Балалар жазушыларының жылы» деп жарияланды. Мен бірде-бір балалар киносының түскенін көрген жоқпын. Тіпті, «Балапан» телеарнасынан басқалар анимациялық фильмдер түсірген жоқ. Ал биыл Балалар жылы деп жарияладық. Балалар үшін ең үлкен базарлық анимациялық фильмдер болуы керек. Кейде осындай істерді бастап кетуге заңнамалық кедергілер болып жатады. Осындай жағдайдан кейін мамандарды жоғалтып аламыз, олар басқа салаға кетіп қалады. Бұл енді уақытша қиыншылықтар. Ал жетістіктеріміз де баршылық, – депті жуықта берген бір сұхбатында Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы Жәнібек Оразалы.

Біз осылай өткенге шегініс жасай отырып, алға ұмтылыс жасауымыз қажет. Сонда ғана кемшілікті түзеп, жат мәдениеттің жаулап алуынан аман қалмақпыз. Баланы интернет пен теледидардан біржола бөліп әкете алмайтынымыз ақиқат. Сондықтан да күй сандықтың қоржынын қазақ тілді мультфильмдермен толтырып, осы кеңістіктен қазақ руханиятының қорын жасақтауымыз қажет.

 Алтай Ғали-Асқар

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button