ӨзектіТОП

“Қазақ мектебіне бірде-бір ғимарат салмаған”

Риддердегі тұңғыш әрі жалғыз қазақ мектебі – «Шаңырақ» көпсалалы гимназиясы 63, 85 жыл бұрын тұрғызылған екі бөлек ғимаратта отыр. Екі ғимараттың көнесі мектеп емес, Пионерлер үйі ретінде 1936 жылы салынған.

Біз ғимаратты аралау барысында бөлмелер әлі күнге ескі әрі ауыр ағаш есіктермен тұрғанын, бірінші қабаттың едені тозғанын көрдік. Спортзал мен асханаға барар дәліздің төбесі аласа – ересек адам еңкейіп барып өтетініне, спортзал ішінің тар – волейбол мен футбол ойнауға қолайсыз екеніне көз жеткіздік. Жертөледегі киіну бөлмесіне де түстік. Оқушылар оны «үңгір секілді» деп кейіді. Кейінірек мектеп директоры мен мұғалімдер бөлме саны жеткіліксіз екенін айтты. Ең бастысы – «Пионерлер үйі» аталған ғимараттың пайдалану мерзімі 22 жыл асып, екіншісінің уақыты жетіп тұр. Қала әкімдігінің мәліметінде мектептердің пайдалану мерзімі 57-63 жыл екені жазылған.

(Киіну бөлмесі)

 

«Бір балам мұнда, екіншісі анда»

Риддерге жеткенде көшедегі жұрттан жол көрсетуін өтіндік.

– Бастауыш бөлімін іздеп жүрсіздер ме? Әлде үлкені керек пе? – деп сұрады олар өзімізден. Айтуы бойынша, біріншісі – «Безголосов, 16», екіншісі «Жеңіс көшесі, 1» мекенжайында орналасқан.

Әуелі барғанымыз бастауыш сыныптарға арналған ғимараты болып шықты. Кішкентай оқушыларды сабағынан алып қайтып бара жатқан ата-аналар аула ішінде пікірін айтып берді. Ғимараттың тозып бара жатқанын, бірнеше жыл бұрын төбесі түсіп кеткенін қынжыла жеткізді. «Кім баласының заманауи үрдістерден қалғанын қалайды?» деді.

– Көпбалалы анамын. Үш балам мектеп жасында. Алты және 11-сыныптағы балаларым «Шаңырақта» оқиды. Кіші ұлымды №14 мектепке бердім. Себебі «Шаңырақтың» автобусы біздің алтыншы шағын ауданға келмейді. Қатынау уақыты мен жолақысын қиынсындым. Ал мына алтыншы сыныптағы балам қашықтан оқып жатқан соң «Шаңырақта» қалды. Өзі №14 мектепке ауыспаймын деп жатыр. Мектебін жақсы көреді. Мен тұратын үйде көпбалалы ана көп. Олардың да мәселесі тура осындай. Үйіміздің жанынан мектеп салынып жатқанын көріп, қатты үміттеніп отырмыз. Қазақ мектебі біз жаққа келгенін қалаймыз. Тарихқа көз жүгіртсек те, Риддерде қазақ мектебіне бірде-бір ғимарат салынбаған екен. Барлық көпбалалы ананың тілегі – осы, – деді Сәуле Бақытбекқызы.

(Спортзал мен асханаға баратын дәлізден осылай еңкейіп барып өттік)

– Бір балам осында, екінші балам басқасында оқиды. Екі жаққа қатынау жалғыз мен емес, барлық ата-анаға қиын. «Шаңырақтың» жол жиегінде орналасқаны өте қорқынышты. Көліктер көп жүреді, – деді тағы бір көпбалалы ана Алма Ахметова.

– Қызым осы мектепті бітірген. Немерем де осында білім алып жатыр. Бұл мектеп тар болып тұр. Алла тағаланың берген балалары өсіп-өркендесе дейміз. Іргетасы қаланып жатқан жаңа ғимаратты осы мектепке берсе деймін, – деді қария Қизатолла Бастаубаев.

Балалары тек аралас мектепке баратын ата-анамен де тілдестік.

– Балаларым «Шаңырақ» гимназиясында оқыса деймін, бірақ алысқа жіберу қолайсыз. Біздің жетінші ауданға №16 аралас мектеп жақын болып тұр, – деді Лаура Абилева.

Ата-аналар аралас және таза қазақ мектебінде айырма «жер мен көктей» екенін, қазақы ортаның тәрбиесі бөлек болатынын айтады.

Бастауыштарға арналған ғимаратта алдымыздан оқу ісінің меңгерушісі шыққан болатын. Ол бізді «бас ғимаратқа» бағыттады.

– Бұл жаққа да бас-көз болатын бір адам керек, сондықтан осындамын. Екінші ғимаратқа барыңыздар, директор сонда, – деді.

 

Директордың өтініші

 

Директор Сәуле Уезбаева ата-аналардың айтқанын растады. Өзі де мектепте бар мәселені айтып беруге келісті.

Оның айтуынша, мектеп екі емес, шын мәнінде, үш бөлек ғимаратта. Оқушылар шеберханасы гараж бен қойманың жанында, қаладағы зауытпен жалғасып тұр.

(Шеберхана)

– Риддерде барлығы 15 мектеп. Жалғыз қазақ мектебі – осы. Біздегі ең бірінші мәселе – бір мектептің екі ғимаратта орналасуы. Екі ғимарат та ескі. Біріншісіне 85, екіншісіне 63 жыл болды. Мұғалімдерге екі ортада жүгіріп жүруге тура келеді. Әсіресе ағылшын, орыс тілі, информатика, өзін-өзі тану, денешынықтыру және музыка пәні мұғалімдеріне ауыр. Бір ғимараттағы оқушыларын сабақ үстінде қалдырып, екіншісіне баруға мәжбүр болады. Күні бойы осылай сабылады. Дәл сол секілді материалдық жабдыққа жауапты шаруашылық меңгерушісі мен сабақ барысын қадағалайтын директор – менің өзім де екі ортада шапқылап жүреміз.

Тағы бір мәселе – бастауыш мектебіміз үлкен жолдың бойында тұр. Көлік ағыны қатты. Кішкентай балаларға өте қауіпті.

Ал уақыт өткен сайын оқушылар саны көбейіп барады. Кабинеттер саны жетіңкіремейді. «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік облыстардан және Шығыстағы аудандардан қазақ отбасылар көптеп келіп, қоныстанып жатыр. Олардың кейбірі баласын өздеріне жақын №14 пен №16 аралас мектепте қазақ сыныптарында оқытады. Бірақ ол жақта қазақ сыныптары тоғызға дейін ғана болғандықтан, 10-11-де бізге бәрібір келеді. Ата-аналар баласын қазақы ортаға беруді қалайды.

(Директор Сәуле Уезбаева)

Біздің жағдайды барлығы біледі. Бірақ әзірге шешілген жоқ. Сондықтан осы білім ордасының директоры ретінде бүкіл ата-ана мен педогогтық құрам атынан қала мен облыс басшылығынан бізді талапқа сай ғимаратқа ауыстыруын сұраймын. Қазіргі уақытта қалада жаңа мектеп құрылысы басталғаны белгілі. Соны біздің мектепке берсе екен, – деді директор Сәуле Уезбаева.

Директордың айтуынша, қала басшылығы тарапынан «Шаңырақ» гимназиясына жақсы көңіл бөлініп жатыр.

– Қала әкімдігі мен білім бөлімі мектепке қаражат бөліп, жабдықтауға жақсы көмектеседі. Жуықта облыстан бөлінген компьютерлердің 60-ын бізге берді, бірақ одан спорт залды кеңейтіп, сыныптар санын арттыра алмайтынымыз белгілі. Оқушылардың арманын орындау үшін заманауи ғимарат керек болып тұр, –  деді Сәуле Уезбаева.

 

Мектеп мақтаныштары және мұғалім мәртебесі

 

Тоғызыншы сыныпта оқитын Бекзат пен Дидар волейболды жақсы көреді және әскери сайыстарға қатысады. «Шаңырақтың» атын шығарып жүрген екеуі биыл облыстық жарыста бірінші орын алған. Мектептің кадет сыныбындағы оқушылар біз барғанда спорт залда жаттығып жүрді.

– Өзіңіз көріп тұрғандай, волейбол торы қабырғаға тым жақын құрылады. Өйткені спортзал тар. Ал бұл ойында шетке кеткен допты жүгіріп барып қайырып ойнау керек. Мұнда ол қауіпті. Ал ұлдардың киінетін бөлмесін жертөлеге істей салған. Егер арнайы бөлме болса, айна, беті-қолды жуып-шаятын жабдық пен басқа да керек заттарды қоюуға болар еді. Біздің мектептің тұрғанына ұзақ уақыт болғаны былай-ақ көрініп тұр. Жаңасын салып берсе жақсы еді. Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндік, – дейді Бекзат.

– Дене тәрбиесі мен әскери жаттығудан соң беті-қолымызды жуып-шаятын жер жоқ. Өйткені оны орнататын киіну бөлмесі кішкентай. Кеңірек болса жақсы болар еді, – дейді Дидар.

Кадет сыныбының тәрбиешісі Заңғар Бекенұлы шәкірттерін мақтан тұтады.

– Мектептің тұрған орны не ары, не бері емес. Жазда аулада, арнайы алаңда өткізуге тиіс жаттығуларымыз бар. Оған мүмкіндік жоқ. Мына жағымызда лицей, екінші жағымызда жол, үшінші жақта зауыт тұр. Жаңа мектеп болса, ауласы кең болар еді, арнайы бөлме жабдықталар еді, тағы да кадет сыныптарын ашуға болар еді. Сонда балалардың бір-бірімен бәсекелесіп, деңгейі өседі. Жарыстарда өздерін сенімді ұстайды. Бізде қазір бір ғана кадет сыныбы бар, – дейді Заңғар Бекенұлы.

(Терезеден қарағанда мектептің артқы көрінісі)

Ұстаздар қауымы «елде педогог мәртебесі көтеріліп жатқан тұста біз ұмыт қаламыз ба?» деп алаңдайды.

– Екі ғимарат бір-бірінен алшақ. Мұғалімдер, әсіресе тіл мамандары екі ғимарат арасында жүріп сабақ береді. Өздеріңіз білетіндей, қазір педогог мәртебесі көтеріліп жатыр. Сондықтан біздің ұстаздардың жағдайын жақсарту керек деп ойлаймын. Риддер қаласында салынып жатқан жаңа мектепті бізге беруін сұраймын, – дейді кәсіподақ ұйымының төрайымы Алима Қойшыбекова.

Осы іргетасы қаланып жатқан мектепке келсек…

Мұрат Байжұменовтың айтуынша, құрылыс былтыр аралас мектеп болады деп басталған. Бірақ жаңа мектеп болып ашыла ма, әлде апатты хәлде деп танылған бір мектеп көшіріле ме – ол жағы ата-ана, педогог, депутат және жұртшылықтың пікірін ескере отырып анықталады.

 

Пайдалану мерзімі асып кеткен

 

Риддерде, 2020 жылдың басындағы ресми санақ бойынша, 56 455 адам тіркелген. Оның 8 823-і (15,6%-ы) қазақ. Биылғы мәліметте қала халқы азайғаны байқалады – 55 888 адам.

Бірақ қазақтар саны оңтүстік облыстардан көшіп келген отбасы, «Серпін» бағдарламасымен оқып, тұрақтап қалып жатқан студент, Шығыс Қазақстан облысы ішіндегі әлеуеті төмен ауылдардан қоныс аударған шаңырақ және қандастар есебінен жыл өткен сайын артып келеді.

– Жұмыс күші артық өңірлерден 2015-2020 жылдар ішінде 318 отбасы (851 адам) көшіп келді. Оның ішінде 2017 жылы диплом алған 20 «серпіндік» студент, 2019 жылы екі студент тұрақтап қалды. Облыс ішіндегі ауылдардан – 17 отбасы (50 адам), қандастардан екі отбасы (7 адам) келіп қоныстанды. Жұмыс күші артық өңірлерден келгендерге бір реттік төлем және 12 ай бойы тұрғын үй жалдауы үшін қаражат беріліп жатыр, – деп жауап берді Риддер әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменов.

(Ескі әрі ауыр есіктердің бірі асханада да тұр)

Риддер әкімдігі мен облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың ақпараты бойынша, «Шаңырақтың» ғимараттары «мектеп типінде» деп саналады. Жағдайы қанағаттанарлық күйде, апат қаупі жоқ. Мектептің екі ғимаратта орналасуы санитарлық-эпидемиологиялық талапқа қайшы келмейді. Жалпы, қаладағы білім ошақтарында орын тапшылығы жоқ.

Бірақ «Шаңырақтың» бір ғимаратының пайдалану мерзімі асып, екіншісінің уақыты жетіп тұр – биыл соңғы жыл. Ресми жауапта «Барлық 15 мектеп 1933-1989 жылдар аралығында салынған. Олардың орташа пайдалану мерзімі 57-63 жыл аралығында» деп жазылған.

Мұрат Байжұменовтың айтуынша, «Шаңыраққа» оқушыларды тасымалдайтын автобус жүреді. Дегенмен, автобус бармайтын аудандар бар және ол жақтағы ата-ананың кейбірі баласын аралас мектепке амалсыз беріп отыр. Солардың бірі жоғарыда бізге пікірін айтқан.

– «Шаңырақты» жаңа ғимаратқа көшіру жергілікті атқарушы органмен бірлесе қабылданады, – дейді Сайрангүл Жұмаділова.

… «Шаңырақтың» гимназия аталғанына 10, орта мектеп болғанына 20 жыл. Жалпы, тәуелсіздіктің бірінші жылдарынан бастап жексенбілік мектеп, орталау мектеп ретінде жұмыс істей бастаған.

Осыдан 11 жыл бұрын, 2010 жылы сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов мектепке барып жай-күйімен танысқанын айтып, бұрынғы білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа хат жолдаған. «Риддер қаласындағы «Шаңырақ» қазақ орта мектебіне жаңа ғимарат салу жобасының тиісті жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Бірақ 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл мектеп құрылысына қаржы көзделмеген» деп жазған. Ал министр: «Риддер қаласында жаңа мектеп ғимаратын салуға жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылысқа қатысты өтінім және тиісті құжаттар министрлікке белгіленген тәртіпте ұсынылмаған», – деп жауап берген.

(Екі ғимараттың бірінің сыртынан қарағандағы көрінісі)

«Шаңырақ» мәселесі 2010 жылдан бастап көтерілсе де, әлі күнге бүтін бір ғимаратқа жарымай келеді.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button