ТОП

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы

Уәлихан Тоқпатаев,

бас редактор

Тоқсанға толып жатқан DIDAR газетінің ұжымын Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев құттықтап, шығармашылық табыс, алдағы атқармақ ісімізге сәттілік тіледі. Бұдан артық құрмет, бұдан артық марапат жоқ шығар!

КазГУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, «Коммунизм туы» газетіне жолдамамен қызметке келгенімде басылым елу жылдығын тойлап, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып жатқан  еді. Содан бері қырық жыл өтіпті. Ол кезде газет тарихындағы ақтаңдақтар айтылмайтын. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ғана жоғалтқанымызды түгендеп, тарихи жолымызға үңіле бастадық.

Әр жылдары «Жұмысшы», «Социалистік Алтай», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» аталған басылым қара ормандай қалың оқырманымен бірге талайлы тағдырды бастан өткізді, үстемдік еткен қоғамдық формацияның өктем үнін де, жылымық жылдарындағы жылы лепті де жұртына жеткізіп отырды. Қай кезде де ұлтына қызмет етті, қазақтың қамын ойлап, мүддесін көздеді. Кеше де, бүгін де DIDAR  сол үрдістен жаңылмады. Әрине, бұл тұрғыда газеттің жолы даңғыл болды деп айта алмаспыз, басына оқтын-оқтын бұлт үйіріліп тұрды. «Жұмысшының» тұңғыш редакторы, Мағжан Жұмабаевтың туған бажасы, Алаш арыстарымен аралас-құралас болған Мақсұт Тайшыбаев «халық жауы» болып атылып кетті. Басын бәйгеге тіккен қайраткер басылымның бағыт-бағдарын  сол кезде-ақ айқындап кеткендей.  Бүгінге дейін зұлмат заманда, сол кезде атағы дүрілдеп тұрған Риддер қаласында алғашқы  ұлттық жұмысшы табын қалыптастырып, қазақ активін ұйымдастырған   арда азаматтың бейнесін санамыздан өшірмей, ұлықтап келеміз. Соңында қалған ұрпақтарымен байланысымыз үзілген жоқ.

Құдайға шүкір, басылымда ұрпақтар сабақтастығы жалғасты. Елімізге танымал қоғам қайраткерлері, талантты қаламгерлер түлеп ұшты. Әтина Жәкетова, Жұмағали Ысмағұлов, Шерияздан Елеукенов, Қапан Қамбаров, Ғаббас Қабышев, Жүніс Ыбыраев,  Уақап Қыдырханов, Кәдірбек Сегізбаев, Оралхан Бөкей, Кеңес Юсупов, Көкей Сақабаев, Мүсілім Құмарбеков, Тұрғазы Нұқаев, Серік Ғабдуллин, Хадас Наханов, Тоқтарбек Қызықбаев, Қапан Сапарғалиев, Қапар Қабаев, Талаптан Иманбаев, Тоқтархан Шәріпжанов, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімханов, Ғалым Байбатыров, Есімхан Орынбаев,  Мұрат Әміренов, Оспан Құранбаев, Ораз Жүнісов,  Оңдасын Елубай, Қайырды Назырбаев, Болат Салықбаев, Әлібек Қаңтарбаев, Бекәділ Сәдібеков, Мұрат Тастағанов,  Ғалия Омарханова, Рая Қайырбаева, Ғафура Сәрсенбайқызы, Жұмағазы Игісінов, Ермұрат Бапи, Сұңғат Әліпбай, Мұратхан Кенжеханұлы  еңбек еткен қара шаңырақ бұл!  DIDAR-дың мектебінде шыңдалып, бүгіндері республикалық БАҚ-тарда еселі еңбек етіп жүрген Думан Анаш, Азамат Қасым, Есімжан Нақтыбайұлы, Мерей Қайнарұлы, Тасқын Болатұлы сынды әріптестерімізді мақтан тұтамыз.

«Әр өңірдің шежіресі, айнасы тұрғысынан пайымдасақ, бүгінгі биігімізден өткенге көз жіберсек, тоқсан жыл бойы үзбей шығып келе жатқан DIDAR газетінің беттерінде де тасқа басқан таңбадай тағдырлы тарих жатыр. Алғашқы нөмірі «Жұмысшы» деген атпен жарық көрген басылым одан кейін «Социалистік Алтай», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» атанды. Мұқым халықты бір тарының қауызына сыйғызып, иіріп-жусатқан кеңестік дәуір мен коммунистік идеология айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізсе де бұл газет қай кезеңде де ұлан-ғайыр өлкенің шежіресін жасап, жасампаз елдің ерлік еңбегін паш етті, ұлтымыздың еңсесін тіктеп, рухын көтеретін ақылгөй де дана, алдаспандай өткір ақпарат құралына айналды. Газет жылнамасында қара ормандай қазақтың тар жол, тайғақ кешуі, қуғын-сүргіні мен сұрапыл жылдары, қуанышы мен қайғысы, мамыражай тірлігі мен қайта өрлеуі, бір сөзбен айтқанда, маңдайына жазылған тағдыры бедерленген. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаймын деп, сол тағдыр тауқыметін бірге тартты. «Жұмысшының» алғашқы редакторы Мақсұт Тайшыбаев «халық жауы» болып, атылып кетті. Әр жылдарда редактор болған Төленді Баймұратов, Мырзабек Мергембаев, Зәйтүн Сыздықов, Бейсек Исабеков, Бейсенғали Тәйкіманов, Мұқан Әбуғалиев, Омарбек Қайсанов, Манап Салықбаев, Жұмәділ Әділбаев сынды абзал да абыз ағаларымыз дәстүр жалғастығын сақтап, басылымның беделін түсірмей, туын жықпай, бүгінге жол салған қаламы қарымды, ойы ұшқыр, кісілік келбеті келісті қайраткер-қаламгерлер. Олар социализм мен коммунизмнің туын желбіретіп жүріп-ақ газетті елдік пен ерліктің, ұлттық намыстың жаршысы етуге ұйтқы бола білді»,–деп толғанады газетіміздің тарихи жолын ғылыми тұжырымдап, кандидаттық диссертация қорғаған басылымның он бірінші редакторы Айтмұхамбет Қасымов.

2006 жылы редакция өткен тарихын түгендеп, өзінің мұражайын ашқан еді. Биыл жазда облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауының арқасында мұражайға Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық музей-қорығынан орын бөлініп, сол жерге көшірілді. Яғни бұл – газет тарихының екінші тынысы ашылды деген сөз. Жалпы, біз осы  90 жылда қазақ баспасөзінің қара шаңырағында жұмыс істеген әрбір журналисті ұмытқан емеспіз. «Шығыс ақпараттың» баспаханасынан әр жылдары шыққан «Тарихи жол», «Шығыс Қазақстанның шынайы шежіресі» атты жинақтарда газеттің барлық бас редакторлары, журналистері, қоғамдық  тілшілері жайында барынша сыр шерттік, қаламгерлердің өздері естелік айтты.

Тәуелсіздік жылдарында жаңғырған ой-санамен бірге DIDAR  да қайта түледі. Сөз бостандығы мен ой еркіндігіне дес берілген соң, ел мен жер тарихын, тіл тағдырын, діл мен дін тұтастығын, ұлттық рух пен ұрпақ тәрбиесін басты тақырыпқа айналдырдық. Тәуелсіздігіміздің жылнамасын жазуға ден қойдық. Кезінде Алаштың астанасы болған қасиетті Семей елі өрісімізді кеңейтіп, өремізді өсірді.  Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген ұлылар мекенінің руханиятын паш етуді мақсат тұтып,  тың жобаларды қолға алдық. Былтырғы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойынан тағылым алдық. Ең бастысы, дала данышпанының өзі де, сөзі де қазіргідей алмағайып заманда қажет екенін қалың оқырманмен бірге түйсіндік.

Бүгінгі мерейтойлық арнауда  2009  жылдан «Шығыс ақпарат» медиахолдингін алты жылдай басқарып, DIDAR-дың  мазмұны мен макетіне тың өзгеріс, жаңа леп әкелген жазушы-публицист Нұржан Қуантайұлының шығармашылық еңбегін ерекше атағымыз келеді.  Танымдық дүниелерді арқалаған қалың DIDAR-дың  апта сайын оқырманға жол тартқанына он жылдай уақыт болды.  Соған орай ел ішіндегі қоғамдық тілшілеріміздің белсенділігі артты. Редакция қоржынына жыл сайын төрт мыңнан астам хат түсетін болды. «Алаштан шыққан алғашқылар», «Қағаз бетіндегі айтыс», «Сөзіне сүйсінсең, өзіне құл боласың», «Көнерген сөз көмбесі», «Адамның кейбір кездері – көңілде алаң басылса…», «Ауылдың айтқыштары», «Айтылмай кеткен ақындар», «Біздің балуан: танылмай қалған тарландар»  сияқты айдарлармен берілген дүниелерді оқушы қауым жылы қабылдады. Әдебиетке, мәдениетке, өнерге арналған топтамалардан басқа, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін арнайы бет арнап келеміз.  Шығыстан шыққан барша таланттарды, қоғам қайраткерлерін, ақын-жазушыларды, сазгер-әншілерді, спортшыларды  астанадан, Алматыдан, өзге өңірлерден іздеп-тауып, «DIDAR-дың қонағына» шақырып, сұхбат алуды жалғастырып отырмыз.  Бұйырса, әлі талай жаңа жобаларды оқушы назарына ұсынамыз. Бұған DIDAR ұжымының шығармашылық әлеуеті жетеді.

Ал аға буынның тарихи жолын жалғастырып, елдің бүгінгі өмірі, тұрмыс-тіршілігі жайында қалам тартып жүрген журналистерімізбен оқырман қауым нөмір сайын жүздеседі. Редакциямызда журналистердің үш буыны қызмет ететінін мақтан тұтамыз. Әріптестеріміздің  бәрі талантты, білімді, білікті. Олардың көтеріп жүрген сан-салалы тақырыптарынан еліміздің, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани  тынысын сезінесіз. Ал жауапты хатшымен бірге газетті мазмұнына сай түрлендіріп шығаратын беттеушілер мен корректорлардың, фототілшінің еңбегі бір төбе. Редакция ұжымының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайындағы мақаланы да осы нөмірден оқисыздар.  Еңбегіміз жеміссіз емес. Елбасы мен Президент саясатын, осы орайдағы облыс басшылығының ұтымды ұйымдастырушылығын кеңінен насихаттағанымыз үшін Президенттің баспасөз саласындағы Грантына, Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығына ие болдық.

Құрметті оқырман, DIDAR-дың 90 жылдығы – Сіздің де тойыңыз, мерей-мәртебеңіз. Біз оқушы қауымға арқа сүйейміз. Әлемді жайлаған мына індеттен құтылып, қалыпты өмірге аяқ бассақ, аудан-ауылды аралап, оқырманмен  жаппай жүздесулер ұйымдастырмақ едік. Карантиндік шектеулер оған мүмкіндік бермеді. Десек те, оқырмандарымыздың газетке жазылып, үшбу хат жолдап жатқаны қуантады. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізді демеп, қолдағаннан артық парыз жоқ. Тоқсан жылда Сіздерге газеттің 18131 нөмірін ұсыныппыз. Енді жүзжылдыққа аяқ бастық. DIDAR-дың ғасырлық тойын тойлауға жазсын! Ал Тәуелсіздік шежіресі басты тақырыбымыз болып қалмақ.

 

Осы айдарда

Back to top button