Қоғам

Қазан-ошағы араласып жатады

     Ел бірлігі, ағайын туыстың ынтымағы дейтін бір ғажайып құндылық қой. Егер көршілес тұратын бірнеше басқа ұлттардың өкілі болса, тіпті, ғаламат! Тіпті, ондай адамдардың  ыдыс-аяғына дейін араласып, арқа-жарқа болып жататынына кейде қызыға қарайсың.

Сондай жандар Аягөз өңірінде баршылық. Олар – бір кездегі автомеханик Аман Бесбаев пен запастағы әскери жігіт Михаил Асмоловтардың отбасылары. Миша мен Назгүл іштеріндегі жастары кіші болса, Аман аға мен Баян апай осылардың бәрін үнемі ұйыстырып отыратын саялы да берекелі қарашаңырақ.

… Көктем шыға жер-дүние бусанып, ағаштар бүршік жара бастайды.  Сенбі күні көршілер Аман ағамыздың есігі алдындағы ағаш сәкіге жайғасып алып, Михаил Валерьевич пен Назгүлдің балаларын ермек етеді. Негізі Миша Тарбағатай ауылының тумасы Назгүлмен бас қосып, Диана, Тимур атты қос перзент сүйген. Ал Михаил әскери міндетін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Қазір қаладағы бір ірі ЖШС-де еңбек етеді.  Өз ісіне тым ұқыпты, тиянақты жігіт мұнда да әріптестерінің арасында зор  беделге ие болған. Ботақандарын жетектеп келе жатқан Михаил:

– Дед, смотри, дети почему-то к вам тянутся! – дейді күлімдеп. Мұндайда ақкөңіл келіншегі Назгүл де жарқылдап, іштегі ойын жайып салады.

– Аман ағаның қалтасынан үнемі мәмпәси, кәмпиттер үзілмейді. Балалармен қалжыңдасып, ойнатады. Ондай атаны қандай бала жек керсін!? Ал Баян апай асты-үстімізге түсіп, бәйек болып жатса, балалар да ыстық ықылас пен жылы қабақты бірден аңғарады ғой, – дейді Назгүл де кіші ұлын алдына алып отырып. Мұндай кезде көп сөзі жоқ, жүрегі мейірімді Баян апай аялы көздерін бір төңкеріп тастап, күлімдейді. Қарап тұрып, риза боласың. Іштей жарасымды тірлік кешіп жатқан Асмолов пен Бесбаевтардың тату тірлігіне қызығасың…

– Көршіңіз қандай адам деп жатырсың ғой, бауырым. Жауап берейін. Назгүл қазақы ортадан шыққандықтан ба, өте кішіпейіл, жан баласын жатсынбайтын келіншек. Ал Миша болса,  ол да осы ортаны бөтенсімейтін, бір тамаша жігіт. Назгүл үйде жоқ болса да, «Пойдем  к деду!» деп қос құлыншағын ертіп келіп, бізбен әңгімелескеннен жалықпайды.

–Өзіңіз көріп тұрғандай, біздің үйіміз бен Аман ағаның үйінің арасында үй жоқ. Сондықтан үнемі қазан-ошағымыз араласып, ақар-шақар болып жатамыз.  Біреуіміз бір жаққа кетсек, кілтімізді бір-бірімізге тастап жүре береміз. Мәселен, көршілер үйінде болмаған кезде біреулер келетін болса, Миша міндетті түрде барып біледі. Біздің осындай тірлігімізге маңайымыздағы көршілер қызығады,  – дейді Назгүл. – Негізі Баян апайды да, Аман ағаны да балаларым жақсы көреді. Сосын ылғи да осылай қарай аттың басын бұрып тұруға тура келеді.

Иә, қарапайым халық осындай. Тірлігі де, бірлігі де жарасып өмір сүреді.

Берікхан Тайжігіт , Аягөз ауданы.                                                                   

Осы айдарда

Back to top button