Қоғам

Қазағаң салған әндер-ай

      Есімі елге  танымал әнші-термеші, ардагер спортшы, кезінде атағы жер жарған Қалғұты халық театрының белді актері болған Қаратоғай ауылының тұрғыны Қазымбек Әбдірахмановты өнерсүйер қауым жақсы біледі.

Мәдениет саласында 32 жыл табан аудармай тер төгіп, зейнет демалысына шыққан соң да осы саланың қам-қарекетінен тыс қалмай, барынша атсалысқан арда азамат бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус дертіне ұшырап, 71 жасында көз жұмған болатын. Оның әсіресе, бір кездерде қараусыз қалған Қаратоғай ауылдық клубын бұзып алмақ болғандарға жан сала қарсылық көрсетіп, киелі шаңырақты аман алып қалғанын ауылдастары жыр етіп айтады. Соның арқасында аман қалған еңселі ғимарат бүгінде күрделі жөндеуден соң жарқырап-жайнап, ауыл тұрғындарына айтарлықтай қызмет көрсетіп тұр.

«Орнында бар оңалар» дейді халық нақылы. Қазымбек ағамыздың артында бір ұл, үш қызы, 14 немересі қалды. Ұлы Айдынның ұсынысымен клуб меңгерушісі Бекболат Солтанғожиннің, ұстаз Саягүл Сағиеваның   мұрындық болып, ардагердің өзі ұзақ жылдар еңбек сіңірген мәдениет саласы  қызметкерлерінің  қолдауымен марқұмның өмірден өткеніне бір жарым жыл толуына орай Қаратоғай ауылында өнер иесін еске алуға арналған «Қазағаң салған әндер-ай!» атты кеш өтті. Ал бұл жиынның бүкіл қауымды елеңдеткен айтулы мерекеге айналғаны шындық.

Алдымен Қазымбек Әбдірахманұлының өмір жолы, өнермен алған  белестері жайлы бейнематериал көрсетіліп, оны жақсы білетін қауым өнерпаздың тірі күніндегі шырайлы шақтарына тағы бір мәрте куә болды. Дарынды актердің театр құрамында жүріп Мәскеуге, Румынияға барған сапарларынан үзінділер көрсетіліп, мұның өзі нетүрлі қызықты естеліктерді қайта тірілтті.

Әдейілеп дайындалған концертке Есен Мәженов, Бақытбек Масалиев, Сымбат Қалиакперов, Абылайхан Бақыт, Мұғира Бек, Зейнұр Солтанғұлов  сияқты ауданның белгілі әншілерімен бірге бірқатар балғын өнерпаздар да атсалысты. Аудандық Мәдениет үйінің әншілері Дина Бахтахунова, Гүлсім Құсайынова, Әдия Шепенова, Жанерке Есқазы, Ақши ауылынан келген әнші Жәнібек Оралбаев бұл жолы аянып қалған жоқ. Ал кешті бастан-аяқ музыкамен көркемдеген Рафхат Түсіпбаев пен Серікхан Ахметовтің еңбектерін атамай кетудің жөні жоқ.

Қазымбек қарттың бауырында өскен немересі 12 жастағы Берен атасы үйреткен әйгілі «Балбырауын» күйін күмбірлете төккенде, қаршадай баланың мына өнеріне көрермендер шынымен таңырқады. Ал 10 жастағы немересі Назар атасы қашанда келістіріп орындайтын Н.Тілендиевтің «Өз елім» әнін нақышына келтіре шырқағанда жиылған жұрт: «О, пәлі, Қазымбек өлген жоқ екен, ат тұяғын басар тай-құлындары өсіп келе жатыр екен!», – десіп, сүйінішпен қол соғып жатты. Кенже қызынан туған жиені Гүлшаһар талшыбықтай майысып би билегенде, оған айтылған қошеметтің де мол болғаны рас.

Сөз кезегі берілгенде қарт ұстаз, еңбек ардагері Есен Сағиев, Қазымбектің ағасы Тұманбек, інісі Сайымбек, олардың жұбайлары өздері емен-жарқын араласып, бірге өмір кешкен абзал азамат жайлы жүрек тербер жылы естеліктер айтып, жұрт көңілін тебірентті. Әйгілі әншілігімен қатар қартайғанша волейболдан ешкімге дес бермей кеткен айтулы спортшы ретінде де танымал ағалары жайлы онымен ұзақ жылдар бойы тонның ішкі бауындай жақын араласқан інілері Хасен Зәкәрия, Есен Мәженов, ақшилік Әділ Әбікенов сияқты көзкөрген азаматтар елжірей естелік айтып,  сағынышты сырларын шертті.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған концерт барысында Қазымбек ағамыздың сүйіп орындайтын әндері шырқалып, кезінде Күршім өңіріне арнайы сапармен келген белгілі музыка маманы, композитор Ілия Жақановтың «Әселім жаным» әнін ең бірінші қаратоғайлық жас әнші Қ.Әбдірахмановқа айтқызып, сосын жалпақ жұртқа таратқаны туралы тың естеліктер ортаға салынды. Міне, айтулы өнерпаздың жастайынан аузы дуалы адамдардың көзіне түсіп, солардың қолдауына ие болғанын осы көріністен-ақ айқын аңғаруға болады.

Кеш соңында сахна төріне көтерілген әншінің зайыбы Ләш Қайнолдақызы мен ұлы Айдын, қызы Ардақ көздеріне жас ала тұрып, осы кешті ұйымдастырып, атсалысқан, демеу-қолдау жасаған адамдарға  алғыстарын айтып, шынайы ризашылықтарын ортаға салды. Қызықты да сауапты кездесуге келіп, тамашаға кенелген көпшілік өз кезектерінде «осындай ғибратты кештер жиі болып тұрса екен»  деген тілектерін білдіріп, разы-қош көңілмен тарқасты.

Х.Қайроллаұлы, Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button