Қоғам

Qaz Vac туралы не білеміз?

Қазақстандықтарға  отандық QazVac вакцинасы егіле бастады. Қазақстандық екпені алғашқы  болып еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой  салдырды. Препараттың алғашқы 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді. Қазақстандық вакцина бірінші кезекте коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне, полицейлерге, сондай-ақ мұғалімдерге салынады.

QazVac қандай вакцина

QazVac – “өлтірілген” вирустан жасалған вакцина. Препарат коронавирус ауруының вирусы мен оған қосылған иммуностимулятордан тұрады. Одан бөлек, құрамында су және аздап тұз бар.

Былтыр көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты COVID-19-ға қарсы вакциналық кандидаттардың тізіміне енгізді.

Көзі қарақты оқырман бұған дейін қазақстандық вакцина QazCovid-in деп аталып келгенін біледі. Ол вакцинаның ғылыми атауы болса, ал QazVac – бренд атауы.

Ғалымдардың айтуынша, клиникалық сынақтың 3-ші сатысы әлі жүріп жатыр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты аса қауіпті аурулар зертханасының меңгерушісі, профессор Леспек Құтымбетов клиникалық сынақтардың бірінші және екінші кезеңі қалай өткенін айтты.

-Бірінші фазаға 44 ерікті қатысты. Олардың 22-іне вакцинаның өзі салынса, қалған жартысына плацебо немесе “бос” дәрі, яғни, физиологиялық ерітінді егілді. Белгілі бір уақыттан кейін салыстырсақ, вакцина алған 22 адамда қанның құрамында гуморальдық иммунитет пен жасушалық иммунитет белгілері пайда болды. Одан кейін екінші фазада QazVac 200 адамға егілді. Гуморальдық иммунитет барлық егілгендердің ағзасында түзілгенін көрдік, – деді ол.

Ал клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне үш мың адам қатысты. Олардың арасында созылмалы аурумен ауыратындар да бар. Клиникалық зерттеудің үшінші фазасы әлі жүріп жатыр, тек 50 процентке ғана аяқталды. Үшінші кезең толығымен 9 шілдеде аяқталады.

Вакцинаның тиімділігі 100 пайыз деуге бола ма?

 – Вакцина шынында да қысқа мерзімде дайындалды.  Бірақ біз әу баста оның залалсыздығын тексердік. Оның залалсыз екенін толық сеніммен айта аламыз. Ал жүз пайыз тиімділік бола ма, болмай десек, жүз пайыз тиімділікті ешқандай вакцина бермейді. Мейлі ол Америкада, Ресейде, Қытайда, тіпті ғарышта дайындалсын, 100% тиімділік беретін вакцина өмірде болмайды. Егер жаппай қолданған кезде вакцина 80 немесе 70 пайыз тиімділік берсе, ол өте жақсы вакцина деп саналады, – деді QazVac-ты әзірлеген ғалым Леспек Құтымбетов.

 Жанама әсерлері

Леспек Құтымбетов – қазақстандық вакцинаны өзі алып, сынаған ғалымдардың бірі. Профессор екпе алғаннан кейінгі жағдайы туралы былай деген болатын.

-Ине салған жер аздап ауырды, кейбір әріптестерімнің терісі қызарды. Ине салған тұс бір-бір жарым күн ауырып жүрді. Ал басқа жанама әсері байқалған жоқ, – деді ғалым.

Вакцина салдырғаннан кейін, ол ай сайын қанын зерттеп отырған. Айтуынша, 21 күннен соң қан құрамында коронавирусқа қарсы антидене пайда бола бастады.

-Қырық-елу күнге дейін антиденелердің титрі жоғарылады да, одан кейін бірқалыпты тұрып, алты ай бойы сақталды. Қазір жетінші айға келгенде азайып кетті. Яғни вакцина алты ай бойы иммунитет береді деп толық айтуға болады”, – деді профессор. 

QazVac кімдерге салынбайды?

 -жүкті әйелдерге;

-ВИЧ, гепатит, созылмалы ауруы асқынғандарға;

-18 жасқа дейінгі балаларға.

 

Жаңа штаммдарға төтеп бере ала ма?

 Биыл наурызда Қазақстанда коронавирустың мутацияланған “британдық” және “оңтүстікафрикалық” штаммдары анықталғанын білеміз. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты QazVac вирустың жаңа түрлеріне қарсы тұра алатынына сендіріп отыр.

-Біздің отандық препараттан кейін пайда болатын иммунитет мутацияға ұшыраған кез келген вирусқа төтеп бере алады, – дейді институттың бас директоры Күнсұлу Закарья.

 QazVac қайда шығарылады?

  Бүгінде “QazVac”-тың алғашқы партиясы – 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді. Бірінші партия биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының өзінде жасалды. Мамыр айында екінші партия жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол да 50 мың доза көлемінде шығарылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық екпе барлық азаматтарға қолжетімді болу үшін QazVac өндірісін арттыратындарын айтқан болатын.

Кейін вакцинаны жаппай өндіру үшін оны Түркия кәсіпорындарында құю көзделіп отыр. Бүгінде түрік елімен бұған қатысты уағдаластық жасалған.

Ал күзге қарай Жамбыл облысында QazVac препаратын шығаратын арнайы зауыт ашылады.

Айта кетсек, QazVac вакцинасын жеткізу кезінде мұздатқыш қондырғылары қажет болмайды. Ол плюс 2-8 градус температурада тоңазытқышта тасымалданады.

 

 Әзірлеген –Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button