Руханият

Қайырымдылық мекемесі бой көтерді

Аудан мешітінің ұйытқы болуымен Күршімде «Қайырымдылық мекемесі» атты жаңа ғимарат бой көтеріп, имандылықты өмірдің негізі деп түсінетін жандардың көңілдеріне шынайы қуаныш сыйлап отыр. Мұны бастапқыда жергілікті тұрғындар медресе деп те атай бастаған болатын, өйткені мұнда талапты жасөспірімдерге адами тәрбие мен діни дәріс берілетін болады. 

– Медресе деп атаудың жөні келе қоймас, – дейді Күршім аудандық мешітінің имамы Тілейбек Соянұлы. – Себебі медресе деген – іргелі білім ордасы, оның әлденеше жүз баланы оқытып, оларды толықтай тамақпен және киіммен қамтамасыз етіп отыратындай қаржысы болуға тиіс. Сондай-ақ медресенің кәдімгі университет болмаса да, колледждей оқу бағдарламасы, өзіндік қоры болады. Біз де бала оқытамыз, бірақ алдымен жиырма баланы іріктеп алып, оларды имандылыққа баулимыз, арабша сауат ашу курсынан бастап біршама білім нәрімен сусындата отырып, балалардың адами тәлім-тәрбие алуына жағдай туғызамыз. Бізде оқитын балалар бұл курспен, барша тағлым үдерісімен өздері оқитын мектептегі сабақтан тыс уақытта айналысады. Шәкірттеріміз осында тұратын болады, оларға үш уақыт тамақ беріледі.

Имамның айтуынша, қайырымдылық мекемесінің құрылысы толық аяқталған соң мұнда 40 балаға дейін орналастыруға болады. Бірақ мешіт басшылығы алдымен осы аталған жиырма шәкіртті қабылдап, тәжірибе ретінде бір қыс оқытып шығуды межелеп отыр. Ары қарай бала саны молая түсуі ықтимал.

Күршімнің бұрынғы ескі мешітінің жанынан орын тепкен мекеме алдымыздағы қыркүйек айынан бастап өз жұмысын жолға қоймақ. Бұл мекемені салу жобасын аудан мешітінің имамы ұсынса, демеушілік жасап, барша қажетті заттармен қамтуды «Төретоғам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан қажы Қасымханов өз мойнына алып отыр.

– Ескі мешітті қатымханаға айналдырып жатырмыз, – дейді Тілейбек қажы. – Оған аудан көлеміндегі қайырымды азаматтардың жәрдемімен күрделі жөндеу жасалып жатыр. Жөндеу жұмыстарын Аманкелді Юсупов деген азаматтың бригадасы жүзеге асыруда. Ал қайырымдылық мекемесі ғимаратын аудандағы белгілі құрылыс маманы Сайранхан Мәзенов басқарған тәжірибелі жұмысшылар салып жатыр.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button