Қайрат Малғаждаров өлкетанушы, журналист: – Қазақтың қайсарлығы менің рухымды оятты
Байырғы баба тарихтың тамыры ауылдағы таулардың қойнауы мен қазыналы қарттардың кеудесінде. Оны жұртқа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген журналистер мен өлкетанушылардың қатары көп. Осындай тұғырлы тұлғаларадың бірі Қайрат Малғаждаров биыл алпыстың асқарына шығып отыр. Өлкетанушының мерейлі жасы қарсаңында сұхбаттасып қайтқан едік.
– Туған жер, өскен ортаңыз туралы толғай отырсаңыз?
– Мен сонау 1962 жылы Ақсуат ауданындағы Базар өзенінің жағасындағы Көкжыра ауылында дүниеге келдім. Әкем Қапай Мәлікаждарұлы Ақсуат өңіріндегі атақты ұстаздардың бірі болды. Анамыз қыржы Сүттібай батырдың қызы. Сүттібай батыр Тарбағатай өңіріне әйгілі батыр, сері, өнерлі адам болған. Менің тұлғалық қасиетімнің қалыптасуына ұстаз әкемнің, текті анамның және Ақсуат, Көкпекті өңірінің зиялы адамдарының тигізген әсері көп болды. Бала күнімізден өскен ортамызға қарап бой түзедік. Соның ішінде халық өнерін дәріптеуді нағашымыз Бағаналы Саятүлекұлынан, Тілеген Хасенұлынан көріп үйрендім. Ал менің жазушылық, журналистік жолға түсуге анамның ықпалы болды. Асыл анамыз Сапарбек деген атына лайық ер көңілді жігерлі адам болды. Мал бағып жүріп тыста еркектің шаруасын тындырса, үйде отбасының қызметін де тындырып тастайтын. Ауыл арасындағы тойларда ән айтып, өлең шығарып «кәдімгі Сапарбегіміз» деп абысын-ажын құрмет тұтатын.
– Болашақта кім болсам деп армандадыңыз?
– Мен Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте оқи жүріп, «Балдырған» қабырға газетіне сурет салып, өлең жазып, Жаңылхан Шоланова мұғалімнің тәрбиесін көрдім. Мектеп қабырғасында оқып жүріп «Балдырған» журналында жарияланатын балалар өлеңдерін жатқа соғатынмын. Сол кезде елімізде Қазақстанға Сібір өзендерін бұру үрдісі жүріп жатқан еді. Мен әу баста сушы, мұрап гидротехник болуды армандадым. Алайда орта мектепті бітірген соң Өскемен қаласындағы жаңадан ашылған бастауыш сыныптар мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық училищені тамамдадым. Сол кездегі оқытушыларымыз әкемнің досы Ізғұтты Айтықовтың қарындасы Ақшабике Құрманбаева, Шығыс Қазақстанға әйгілі тұлға Естай Ақажановтың қызы Гүлная Қалиева, Қазима Жетпіспаева, Мінуар Жәкібаева, Мақаш Үшкемпірова, Мария Жұмағұлова қатарлы ұстаздардың тәлімін көрдім. Арманның жетегінде жүріп әртіс болып кеткен кезім де болды. Сонау 1978 жылдары Бадыған Төлеуханов құрған кеншілер сарайындағы «Маздақ» театрында қойылған «Бөлтірік бөрік астында», «Ажар мен ажалда» басты рөлдерді сомдап, Өскемен жұртшылығына әртіс ретінде танылғаным тағы бар.
– Әдебиетке әуестігіңіз қалай басталған еді?
– Училище қабырғасында «Жас қанат» әдеби үйірмесін құрып, Өскемен қаласында ақын, жазушылармен кездесу өткізіп тұратынбыз. Тұрғазы Нұқаев, Тоқтарбек Қызықбаев, Ғалым Байбатыров, Серік Ғабдуллин, Серікқазы Қорабаевтың әдебиеттегі жетістіктерінен үлгі алдық. Сол кездегі пединститутта Серікқазы Қорабаев құрған «Жас толқын» жастар клубының белсенді мүшесі ретінде қаланың рухани өміріне араласып, Өскемен тарихын, маңайындағы ауылдардың шежіресін жинататын. Социалистік Еңбек Ері Жәпек Алдабергеновтің жастарға айтқан үлгі-өнегесін тыңдап, азаматтық позициямызды қалыптастырдық.
Басқа ұлт өкілдері қазақтарға жол бермей тұрғанда ел иесі, жер иесі екенімізді ұмыттырмаған Юмаж Уалиев, Уалиахмет Байдельдинов, Мақаш Үшкемпірова аға-апайлардың тәлімін тыңдап, соларға ұқсап бағуға тырыстық. Өскемен жастары қай салада болсын алда болды. Спортшылар мен әншілер тайсалмай қалалалық жарыстарда жүлдені талайдың қолынан жұлып алатын кездерді көрдік. Міне, осындай қазақтың қайсарлығы менің рухымды оятып, әдебиетке әуес етті.
– Бала кездегі армандарыңыздың қаншасына қол жеткіздіңіз?
– Балалық шақтағы армандарымның бірі жазушы болу еді, бүгінде 13 жинағымды шығардым. Адамның арманы болмаса құр бекер «ас ішіп, аяқ босатады» деп Мақаш апамыз айтқандай Өскеменнің атын шығаруды ойлайтынбыз. Қала көшелеріне сол кезде еккен талдарымыз, баққан гүлзарларымыз Бітібаева көшесінедегі педколледж жанында әлі де жайқалып тұр. Қозы Көрпеш пен Баяндай болып қосылған жарым Руфина Тоқтағалиқызымен өткен сегіз жылым ең бақытты кездерім екен. Өкінішке қарай алтын асықтай ұлымыз дүниеге келген соң шаңырағым шайқалды. Орындалған арман да көп, өткен күнде өкініш те жоқ емес!
– Қазіргі таңда өлкетану тақырыбына көбірек қалам тербеп жүресіз?
– Иә, өлкеміздің тұнған тарихын жұртқа жеткізу үшін, дархан даламыздағы таңбалы тастар, мықтың үйі мен сақ қорғандарын зерттеп оқырмандарыма жеткізуге тырысып келемін. Солардың ішінде географиялық тұрғыдан өзіме жақын Қара кезең таңбалы тастарын, Боршабұлақ петрогливтерін, Қалыбай геоглифеарін зерттеп Көкпекті ауданының киелі жерлері туралы кітап шығардым.
– Осы өлке тарихын зерттеу барысында тағы қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?
– Өлке тарихын зерттеу барысында Көкпекті энциклопедиясын шығарып, оны оқырман назарына ұсындық. «Бұны не үшін бастадық?» деген сұраққа айтарым: «Өз елінде, өз жерінде қазақ баласы төрде болуы керек» деп алаш азаматтары араман еткен. Сол арманның бастауы ел тарихын түгендеп, қазақтың ешкімнен кем емес тарихы, мәдениеті барын жалпақ жұртқа жеткізу болды. Біздің өңірде күйші, балуан, батыр, би, ғұлама, қажы бәрі де болған. Мен солардың тарихын зерттеп, жұртқа насихаттадым. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға достарым Қайдар Асқарұлы, Нұрлан Үмітқазыұлы қолдап, үнемі көмектесіп отырды.
Көкпектіден қаламгерлер көп шыққан.
– Өлке тарихымен қоса, «Көкпекті» журналында көп жыл еңбек етіп, киелі жерлер туралы ақпаратты жариялап отырдыңыз. Қазіргі таңда журналдың халі қалай?
– Мен Көкпекті ауданы аумағындағы 73 археологиялық нысанды тауып, киелі жерлер тізіміне тіркеттім. Көкпекті ауданының тарихи, киелі жерлерінің картасын жасауға атсалыстым. Ал «Көкпекті» журналының 34 нөмірін терімді төгіп, қанымды қайнатып шығардым. Бүгінде әр нөмірі аудан тұрғындары үшін қастерлі жәдігерге айналып отыр. Қазіргі таңда басылымды Дархан Бердібек қайтадан қолға алып, «Киелі Көкпекті» деген атпен шығаруда. Арада бір жыл шықпай қалып еді, аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен қайта қолға алынды.
– Журналист. Өлкетанушы. Осы екеуінің қайсысы сіздің тұлғалық қасиетіңізді көбірек ашады?
– Жалпы мен өзімді өлкетанушы ретінде көбірек бағалаймын. Сол салада көбірек шығармашылық жетістікке жеттім. Ал журналистігім болса, сол тапқаным мен жазғанымды жұртқа жеткізу жолындағы әрекетім шығар.
– Өзіңіз жүрген өңірдегі журналистиканың халі қалай?
– Көкпектіден қаламгерлер көп шыққан. «Айқап» журналы мен «Қазақ, «Сарыарқа» газеттерінде көкпектілік Қоқаш қажының, Отыншы Әлжанның мақалалары шығып тұрған. Көкпекті жеріндегі журналистер Мұрат Қалматаев, Тұрсын Жабаев, Қалихан Алтынбаев, Сәбит Шөмшеков сынды журналистер бүгінгі қалам ұстаған азаматтардың ұстаздары. Қазір де жаман емес, Дархан Бердібек деген жас журналист сол жолды жалғап келеді.
– Алпыстың асқарына шықтыңыз, алда қандай жоспар бар?
– Алдағы жоспар «Көкпекті энциклопедиясының ІІ томын шығару. Хан Қисық пен Тана мырза туралы тарихи кітап шығару. Ел тарихы дегеніміз – қасиетті халқымыздың қазынасы, жылдардың жылманасы. Осы тарих ұрпаққа жетсе, ата-бабаларымыздың ешкімге кіріптар болмай кең далада құландай көсілгенінің белгісі емес пе?! Олардың бізге мойыма, тайма, есеңді жіберме деген сөзі бүгінгі күннің ұранына айналса. Сол жолда әлі де аянбай еңбек етсек деген мүддені бетке алып, руханиятқа үлес қосуды мақсат етіп келемін.
– Сүбелі сұхбатыңыз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы
Қысқаша өмірбаяны
МАЛҒАЖДАРОВ Қайрат Қапайұлы 15.07.1962 жылы туған, ақын, журналист, өлкетанушы. Өскемен педагогикалық училищесін 1981 жылы бітірген. Құқық қорғау органдарында, аудандық «Жұлдыз» газетінде қызмет еткен. Қаламгердің 1979 жылдан бері аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде өлеңдері мен мақалалары жарияланып келеді. Көкпекті өңірінің табиғаты мен тарихын жырға қосып, туған жерін әспеттеген, заман туралы тереңнен толғаған «Ардақтаймын Алтайды», «Тілім барда», «Туың биік желбіресін Тәуелсіз Қазақстаным» атты жыр жинақтарының авторы. Орыс жазушысы Г.Гребенщиковтың қазақ тақырыбына жазған бірнеше шығармасын қазақ тіліне аударған.