Қайнаған тірліктің ортасында жүреді
Тәуелсіздік жылдарында шетелден елімізге миллионнан астам қандасымыз оралды. Егемен елге бет түзеген көштің тізгінін ұстаған азаматтардың қатарында оқыған ғылым өкілдері де, мал өсіру мен диқаншылықты жетік меңгерген еңбек адамдары да көп болды.
Осы ұлы көшпен Тарбағатай ауданының Маңырақ ауылдық округіне қоныстанған қандастарымыз аз емес. Деректерге сүйенсек, мұнда 41 отбасы – 139 адам көшіп келген. Біріншіден, демографиялық өсімді қамтамасыз етті, екіншіден, ұлттық салт- дәстүрімізді байытты, үшіншіден, жермен жұмыс істеп, ауыл шаруашылығының алға жылжуына септігін тигізді. Мал бағып, бау-бақша өсірумен қатар, ауылдық дәрігерлік амбулаторияда, мәдениет үйінде еңбек етіп жүргендері де бар.
«Бір ерекшелігі, қандастарымыз нарық заңдылығына бейімделгіш, жоқтан бар жасауға тырысатын, қиыншылыққа төзімді топтың өкілдері екенін бірден байқатты. Басқа жерді білмеймін, бұл ауылда жұмыссыз жүрген оралман көрген емеспіз. Әрқайсысы өз беттерімен тірлік етіп, сауда, құрылыс, мал шаруашылығы саласындағы қызу қайнаған тірліктің ортасында жүреді, есесіне әл-ауқаттары жақсы», – дейді Маңырақ ауылдық округінің әкімі Әбілхайыр Қожахметов.
Мәселен, 2007 жылы Қытайдың Дөрбілжін өлкесінен көшіп келген Мұратбек Қизатұлы алғашында отыз бас қана қой асыраса, кейін оны мыңға жеткізген.
Үкімет бекіткен бағдарлама бойынша балаларының болашағы үшін ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерге келіп, кәсібімен шұғылданып, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтардың бірі – Қарымсақ қыстағандағы «Қабыл» шаруа қожалығының жетекшісі Қабылхан Шәріпханұлы. Маңдай терінің арқасында «Қабыл» шаруа қожалығын құрып, бүгінде 70 жылқы, 60 сиыр, 100- ден астам қой түлігін өсіріп, тірлігін тіктеп алған.
– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген жақсы сөз бар. Тәуелсіздіктің арқасында атамекенге келіп, көңіліміз жайланды. Еңбегіміз жанып, тұрмысымыз жақсарды. Тәуекелге барып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарын пайдаланып, алға қойған мақсаттарға жету керек. Уақыт ешкімді тоспайды, тек табанды еңбек қана адамды арманына жеткізеді, – дейді қандасымыз Қабылхан Шәріпханұлы.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы.