Қоғам

ҚАЙДА ДЕМАЛҒЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

ХАЛЫҚ КҮТІП ОТЫРҒАН ЖОЛ

Құрылысы 2017 жылдың көктемінде  басталған Осинов асуын айналып өтетін төте жол әлі салынып біткен жоқ. Аяқталмай қалған жолдың бойында жұмыс істеп жатқан тірі жан жоқ бүгінде. «Өскемен – Алтай Рахман қайнарлары» тас жолының 53 шақырымында бөлініп шығып, 71 шақырымында жолмен қайта қосылатын төте жол 2020 жылы салынып бітуі тиіс еді.  Құрылыс жүретін учаскелерді орман қорынан алуға бір емес бірнеше жыл кетіп, былтыр ғана шешілді. Енді жобаға түзету енгізілмекші, оның өзі жылға жуық уақытты алады делінуде, одан соң мердігерді таңдамақ. Қысқасы, үш ауданға, Бұқтырма жағалауы мен Катонқарағайдай қос бірдей курорттық  аймаққа апаратын жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төте жол келер жылы да аяқталмауы мүмкін.

Ай сайын қымбаттап, күн сайын құбылып жатқан заманда жыл жүріп әрең өзгерткелі жатқан жобаға келер жылы тағы өзгеріс, түзету керек болып жатпаса жарар еді дейсің…

– Бірнеше жыл бұрын Бұқтырма жағалауына бір сағатта жеткізетін төте жол құрылысы басталды дегенін естігенде қатты қуандық. Өйткені өзім Үлкен Нарын жақтың тумасымын, жиі барамын. Бұқтырма жағалауына, Катонқарағай жаққа да демалуға жиі барамыз. Осинов асуы еліміздегі ең тар, ең қауіпті тау жолы, соған қарамастан тәжірибелі, тәжірибесіз жүргізушілер де осы жолмен жүріп келеді. Біз алтайлықтар асудың әуресіне үйреніп алғанымызбен, ол араның бұрылыс, қалтарысын білмейтіндерге, әсіресе, жазда ағылып жан-жақтан демалуға келетіндерге, туристерге өте қауіпті жол. Автобус, көліктер аударылып, қаншама жол апаттары  жиі болып жатады. Енді міне, бес жылдан астам уақыт өтсе де айналдырған 12 шақырымдық жолды салып бітіре алмай жатыр, мына түрімізбен туризмді былай қойып, басқа салаларымыз қалай өркендемек?! – дейді Осинов асуындағы төте жолдың биыл да бітпейтінін бізден естіген алтайлық Саят Мамырбекұлы.

Біздің облысқа өзге жақтан, шетелден келетін демалушылар ең алдымен Бұқтырма жағалауы, Катонқарағай, Алакөл деп келеді. Қазіргі күні Самар жағалауы деп аталып жүрген Сарыбел ауылы тұсындағы Бұқтырма жағалауы да көпшіліктің іздеп баратын жеріне айналып отыр. Туристке де, қарапайым демалушыға да алдымен демалыс орнына жететін жолдың жайлы, қауіпсіз болуы маңызды. Осинов асуымен  қысқы, көктемгі, күзгі қолайсыз ауа райында жүру тіптен қауіпті.

Асқар Оразбаев, «Шығыс Қазақстан туристік қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:

– Осинов асуының қауіпті жолына қарамастан Бұқтырма жағалауына, Катонқарағай өңіріне баратын демалушылардың легі биыл еселіп артатынын аңғарып отырмыз. Егер төте жол салынып қойған болса бір емес, бірнеше еселеп артар еді. Жаз бастала салып біздің өңірге ресейлік туристер көптеп келіп жатыр. Қазірдің өзінде бізге келіп жатқан жалпы демалушылардың 20 пайызын солар құрап отыр. Ресей рублінің теңгеге шаққандағы бағамы да жоғары болып, нығайып отыруы себепті, олар үшін біздің облысқа, елімізге келіп демалу әлдеқайда қолжетімді, арзан, тиімді болып тұр. Ана жолы ресейлік туристер біздің демалыс базасындағы балалардың «Балақай» демалыс орынының он күндік жолдамасының бағасын көріп, арзандығына таңданып, «Бұл соманың ішіне тамағы кіре ме? Тамағымен керек» деп,  тәптіштеп сұрап жатыр. Әрине, тамағымен бірге екенін айтып, түсіндірудеміз. Бұқтырма жағалауындағы  демалыс базамызға  Барнаул, Томск, Омск өңірлері жақтан демалуға әсіресе, балалар тобы көптеп келіп жатыр және бір емес, бірнеше маусымға жолдама алуды ойластырып жатқандарын айтып, хабарласуда. Тәулігіне 400 бала демала алатын демалыс орнының он күндік бес маусымының 20 пайызын қазірдің өзінде ресейлік балалар алдын ала броньдап алып отыр.  Ал біздің облыста  балалар демала алатындай  жазғы демалыс орындары тым аз, жоқтың қасында. Ресейліктердің төлем қабілетінің жоғары болып тұруына байланысты биыл болмаса да, келер жылы өңірдегі жекеменшік демалыс орындарында өзіміздің балаларға орын жетпей қалуы да мүмкін. Әңгіме жыл сайын сол демалыс орындарында демалып келе жатқан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балалары туралы болып тұр. Қарағандыдағы әріптестерімізден де осындай жағдайды естіп, біліп отырмын. Бұл нені білдіреді? Бұл бізде балалар лагерін көптеп салу қажеттігін, балалар лагерін ашқан кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажеттігін білдіреді.

КӨЛІК  АЛСА, 25 ПАЙЫЗЫ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Нартәуекел деп туризм саласында еңбек етіп жатқандардың, демалыс қызметтерін көрсетумен айналыссам деп жүргендердің құлағына алтын сырға! 2022 жылдың  қаңтарынан бастап кәсіпкерлерге туристік нысандарды салу және қайта жаңғырту, жол бойында қызметтер ұйымдастыру, туристік көліктерді, автобустарды, тау шаңғысы техникаларын сатып алу, әр шетелдік турист үшін ақша төлеу, санитарлық-гигиеналық тораптарды салу, күтіп-ұстау және балаларға арналған әуе билеттерін төлеу тәрізді кеткен шығындардың белгілі бір бөлігін өтеп, қайтарып беретін мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілді.

Енді Қазақстан Республикасының аумағына туристік мақсатта ұшақпен келген шетелдік әр туристке кеткен шығын 15 мың теңге мөлшерінде субсидияланып отырылады. Субсидияны алу үшін тапсырысты әр жылдың бірінші желтоқсанына дейін Мәдениет және спорт министрлігіне қағаздағы құжат немесе электронды форматта жолдау қажет. Субсидия қаражаты өтінімді он күн ішінде қарап, қолдау көрсететін комиссияның шешіміне сәйкес, 40 күн ішінде төленеді.

Бұл жердегі құжаттар пакеті стандартты – туристік оператордың құрылтай құжаттары, отырғызу билеті, шетелдік туристке жасалған құжаттар және турист пен екі арадағы келісімшарт кіреді. Жыл көлемінде өтінім беріп, өтемақы алуға болады. Ол үшін E-Qonaq порталында әр турист туралы деректерді толтырып отыру қажет.

Кәсіпкерге  тау шаңғысы демалысына қажетті құрылғыларды сатып алғаны үшін кеткен шығындардың 25 пайызы қайтарылып беріледі. Субсидиялау жыл бойы жүргізіледі.

Балалардың ұшақ билеттерінің шығындарын өтеуге байланысты қолдау тек қана туристік операторларға ғана көрсетіледі, өтінімдер жыл сайын бірінші желтоқсанға дейін «Қазақ Туризм» ҰК арқылы қабылданады. Демалыс аймағына ата-анасымен немесе жақын туыстарымен ұшып бара жатқан баланың әуе билеті 100 пайыз мемлекет тарапынан субсидияланып, төлем 45 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Биылдан бастап, сондай-ақ кәсіпкердің туристік нысандарды салуға кеткен шығындарының 10 пайызы, туристік көлік, шағын «Газель», автобус сатып алуға кеткен шығындардың 25 пайызы субсидияланбақ. Көлік құралы жүргізушінің орнын есептемегенде сегіз орындық болуы міндетті. Сонымен қатар аталған көлік құралын бес жыл көлемінде сатуға болмайды. Сатып жіберген жағдайда  мемлекет тарапынан берілген қаражат қайтарылып алынады. Санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға бөлінетін субсидия шарты бойынша ай сайын әр нысан үшін 83 мың теңгеден субсидия төлеп отыру қарастырылған.

САМАР ЖАҒАЛАУЫ БҰҚТЫРМАДАҒЫДАЙ БҮЛІНБЕСІН

Биыл қайда демалғыңыз келеді? Шығыстың қай шетіне, қай қиырына барсаңыз да алдыңыздан бір тарихи өлке, бір демалыс орны, тамаша табиғат шығары сөзсіз.

Облыста туризм әрі қарай өркендеу үшін өңірдегі туристік нысандарға апаратын жол жақсы болуы керек алдымен. Ел елеңдеп, барсақ, емделсек, көрсек деп жүрген жердің бірі Катонқарағай болса, ол жаққа баратын жол шалғайлығынан бұрын талапқа сай емес, әрі тар. Марқакөл жақтың жолы да солай. Сібе көлінің жағалауына жету жылдам болғанымен, көңілді «тазалығы» түсіріп тұр. Алыс та болса Самар жағалауы бүгінде  демалушылардың үлкен қызығушылығын тудырған демалыс орынына айналып отыр. Бірақ Бұқтырманың бұл жағалауы да бүлініп, ластанбас үшін осы бастан демалыс орындарын жағалауға орналастыру жағына, тазалық жағына мықтап назар аудару қажет. Алакөлдегідей етіп, аса тартымды деген учаскелерді анықтап, бөліп, перспективасын жеке қарастыру қажет. Бұл «Шығыс Қазақстан туристік қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Асқар Оразбаевтың ойы.

– Самар жағалауы жақтан беріліп жатқан учаскелердің мақсатты пайдалануын қатаң қадағалау қажет. Бұқтырма жағалауына қалай болса солай салынған құрылыс нысандарының салдарынан ол жақта қазір бос жер учаскелері қалмай қалды. Соңғы жылдары елімізде отандық туризмді дамытуға бағытталған маңызды шаралар қолға алынып жатыр. Соның бір дәлелі – «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясының құрылуы, компания біраз шараны қолға алды, нәтижесін көріп те жатырмыз. Айталық, осы «Қазақ Туризм» компаниясы инвестор тауып әкелетін болса,  Бұқтырма жағалауында шетелге, елімізге әйгілі бола алатындай үлкен де тартымды демалыс базасын, туристік нысан салатын жер жоқ. Бұқтырма жағалауынан демалыс базасын саламыз деп жер алғандар төрт үй салып, оны саяжай сияқты ғана пайдаланып жатыр, мақсатсыз. Одан мемлекетке салық түсіп отырған жоқ. Мүлік салығынан басқа. Жұмыс орны ашылған жоқ. Яғни, құжат жүзінде  туристік нысан делінген орындардың қызметтерінен мемлекетке ешқандай пайда келіп жатқан жоқ. Бұқтырмада құжат бойынша 700-ге тарта туристік нысан бар, бірақ іс жүзінде олай емес, ал Алакөлде бұдан үш-төрт есе аз, бірақ ол жақтан түсетін салық  әлдеқайда көп, – дейді өңіріміздің табиғаты көрікті жерлерінде туристік нысандардың бейберекет салынуы ол жерлерді бүлінуге, аздырып, тоздыруға әкеліп жатқандығын  айтқан  туристік қауымдастық төрағасы.

Облыстағы туристік нысандарға аспаз, үй жинаушы, электр маманы сияқты қызметкерлердің ауадай қажет болып отырғаны да кәсіпкерлердің жыл сайынғы маусымдық мәселелеріне айналған. Алакөлдегі, Бұқтырма жағалауындағы ірі демалыс орындарына барған аспаздың еңбекақысы 250 мың теңгеден кем емес, жатар орыны, ішер тамағы тегін болғанымен, баратындар аз дейді. Туристік бизнес мамандықтарын оқып жатқан студенттер, бітірген жастар алыстағы демалыс орындарына барып тәжірибе жинап, ақша тауып,  жұмыс істегеннен көрі қалада жүргенді қалайтын көрінеді. Бұл да ішкі туризмнің көп түйткілінің бірі.

Осы айдарда

Back to top button