Қауіпті індетпен күресіп келеді

Облыстың бірқатар аудандарының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларында көп жылдар қызмет атқарған, жақында зейнеткерлік демалысқа шыққалы отырған Берік Тлебалдин – жоғары санатты дәрігер, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Семей қаласына сіңірген еңбегі үшін», «Семей-Невада» қоғамдық қорының мерекелік медальдары мен Елбасының Алғыс хатының иегері.
– Мен бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауылында дүниеге келдім, сол ауылда балалық шағым өтті. 1976 жылы мектепті бітірген соң Семейдегі медицина институтына оқуға түсу емтиханын тапсыру сәтсіз аяқталды. Сол жылы еңбек жолымды құрылыс мекемесінде қатардағы құрылысшы мамандығынан бастауыма тура келді. Бала кезімнен «адам жанының арашасы – дәрігер болсам» деген арманыма жету мақсатында 1977-1983 жылдары Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын «Санитарлық дәрігер» мамандығы бойынша оқып бітірдім. Сол жылдың тамыз айында Семей облысы Ақсуат аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында санитариялық дәрігер лауазымында жұмысым басталды.
Медицинамен қатар, мемлекеттік қызметте жүргендіктен 2010 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Құқық» мамандығын сырттай оқып, кейіннен «Юриспруденция бакалавры» біліктілігі берілді.
Отбасылық өмірім жайлы айтар болсам, жарым Алмагүл Жақсылыққызы екеуіміз әр уақытта қатар жүріп, облысымыздың медицина мекемелері мен санитарлық-эпидемиологиялық басқармаларында бірге қызмет атқардық. Жұбайым қызметте әріптес, үйде адал жар, аяулы ана болып, үнемі қолдау көрсетіп, отбасының ұйтқысы болып келе жатыр. 40 жылдай уақыт тату-тәтті өмір сүрудеміз. Ол кісі қазір зейнеткер. Осы шаңырақтан түлеп ұшқан екі ұлым мен бір қызым біздің үмітті ақтаған перзенттер. Үшеуі де жоғары білім алып, әр салада еселі еңбек етуде, – дейді Берік Жандыбайұлы.
– Сіз облысымыздың бір емес, бірнеше аудандарында жұмыс істеген екенсіз. Осы жылдары қандай қауіпті індеттер болды?
– Санитарлық-эпидемиологиялық қызметте жүргенімде көптеген қауіпті індеттермен күресуге тура келді. Мысалы, алғаш жұмысымды бастаған жылы Ақсуат ауылында Ауғанстаннан келген әскери азамат «безгек» (малярия) ауруымен сырқаттанып, жедел түрде арнайы іс-шараларды іске асырдық.
Семей облысының Таскескен (қазіргі Ұржар ауданы) аудандық санэпидстанцияда бас дәрігер болып жүргенде аудан орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Қопа ауылында дифтерия ауруының күрт өршуі басталып, сол ауылда он күндей ауданнан арнайы құрылған бригаданы басқарып, күндіз-түні жұмыс істеп, індеттің бетін қайтардық.
Аягөз ауданында қызмет істеген кездері тұрғындар арасында «Сібір жарасы» шығып (өкінішке қарай, бір адам осы аурудан қайтыс болып кетті), дерттің одан ары кең таралмауы үшін санитарлық-профилактикалық шаралардың кешенін жасап, ауыздықтадық.
– Пандемия басталғалы ең ауыр жүк санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мойнына түсті деуге болады. Сол туралы не айтар едіңіз?
– Иә, коронавирус пандемиясы басталғанда санитарлық-эпидемиологиялық қызметке оңай болған жоқ. Алдын ала теориялық семинарлар мен оқу-жаттығу сабақтарын өткізгенімізбен, алғаш індетпен бетпе-бет келгенде көптеген қиыншылықтар болғанын жасыра алмаймын. Біздің облысымызда алғашқы науқастар Семей қаласында тіркелді. Сол кезден бастап біздің басқарма мамандары күндіз-түні, демалыс, мереке күндері дегенді ұмытып, аурумен күресудің алдыңғы шебінде болды. Бастапқы кезде материалдық-техникалық базаның нашарлығы, көлік, арнайы қорғаныш киімдері, қарапайым санитайзерлер мен залалсыздандыру заттарының жетіспегендігін айтпаса болмас. Осындай жағдайларға қарамастан, біздің басқарма қажетті жұмыстарды ұйымдастырып, санитарлық-гигиеналық және індетке қарсы алдын алу шараларын жүргізуде оң нәтиже көрсетті деп айта аламын.
Ауырған науқас туралы жедел хабарлама ең алдымен санэпидбақылау басқармасына түсіп отырды. Содан кейін біздің мамандар дереу эпидемиологиялық тергеу жүргізіп, індет ошақтарын оқшаулап, науқаспен қарым-қатынаста болғандарды анықтап, оларға бақылауды қамтамасыз етті. Ауру шыққан жеке үйлерге және мекемелерге дезинфекциялық шаралар өткізуге атсалысты. Міне, осындай жұмыстарды жедел түрде іске асыру үшін біздің қызмет өте қажет болды.
– Жұмыс – саналы өмірдің басым бөлігін құрайды. Жалпы қызмет еткен жылдары болған қызықты және қиын болған 1-2 жағдайды айтып берсеңіз.
– Осы қызметке 40 жылдай өмірімді арнадым. Әрине, жұмыс болған соң шешуі қиын әртүрлі мәселелер де кездесті. Жұмыс бабымен кәсіби міндеттерімді таза атқарамын деп талай азаматтармен «алакөз» болған кездерім де болды. Өйткені жұмысын тексеріп, беті ашылған кемшілігі үшін айыппұл салған адамды кім жақсы көреді дейсіз. Аллаға шүкір, сол азаматтармен әлі күнге дейін түбегейлі араздасып көрмеппін, бір-бірімізбен кездесе қалсақ, сәлеміміз түзу.
Есімде қалған қызық жағдайлар көп, соның бірін айтып берейін. Таскескен аудандық санэпидстанциясында қол астымда солтүстік өңірде туып-өскен, біздің жаққа келін болып түскен орыстілді маман қызмет істеді. Ауылдағы балабақшаның санитарлық жағдайын кезекті бір тексеру кезінде орын алған кемшіліктер үшін жаңағы маманым өзінің туған енесіне хаттама толтырып тастаған екен. Бір жағынан күлкілі, бір жағынан жұмыстың аты жұмыс.
Ал енді қызмет еткен жылдары болған қиын жағдайлар туралы айтар болсам, ең қиыны өздеріңіз білесіз, осы пандемия болды. Жұмыстың ауырлығынан бөлек, қаншама туысқан, таныстар қауіпті індеттен көз жұмды. Сол жаныма батады. Көзге көрінбейтін жаумен шайқасу біздің саланың мамандарына оңай тиген жоқ.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұжымы Сіздің осы саладағы елеулі еңбегіңізге алғысын білдіре отырып, зейнет жасына толуыңызбен құттықтап, торқалы тойыңыз бала-шағаңыз бен туған-туыстарыңыздың арасында қызықты өтуін тілейді.