Қоғам

Қауіпсіздікті елемегендер жауапқа тартылды

Ержан Әбіш

«Шығыстүстімет» кәсіпорнына тиесілі Орлов кенішінің шахтерлері 700 метр тереңдікте +42 градус температурада жұмыс істеген, онда күкірт газының мөлшері де шамадан артық болған. Бұл деректер облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында айтылды, жиында ірі кәсіпкерлік субъектілерін еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша тексерудің нәтижесі талқыланды.

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Жұмаділов, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

– Шығыс Қазақстандағы тау-кен өндіру саласының негізгі кәсіпорындары – «Казцинк» және «Шығыстүстімет» серіктестіктері. Сондықтан прокуратура былтырғы желтоқсанда аталған кәсіпорындарды тексеріп, еңбек заңнамасының, өртке қарсы және өнеркәсіптік қауіпсіздік, санитарлық талаптардың көптеген бұзушылықтарын анықтады, – деді облыс прокуроры Алмат Байшолақов.

Ресми статистикаға сай, соңғы төрт жылдағы 688 жазатайым оқиғаның 174-і тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Өндірістік жарақаттану саны бойынша дәстүрлі түрде тау-кен металлургия саласы бірінші орында келеді, онда барлық жазатайым оқиғалардың 25 пайызы (174) және қаза тапқандардың 10 пайызы (7) тіркелген.

Тек 23 мың адам жұмыс істейтін «Шығыстүстімет» және «Казцинк» серіктестіктерін тексеруде қауіпсіздік нормаларын елемеу, жарақаттану фактілерін жасыру, өндірісті жаңғыртпау сияқты 1200-ден астам бұзушылық анықталды. Аталған кәсіпорындар кеніштеріндегі әр үшінші жұмыс орны қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. «Шығыстүстімет» ЖШС Орлов кенішінің шахтерлері 700 метр тереңдікте +42 градус температурада жұмыс істеген, норма – +26С, онда күкірт газының мөлшері де артық. Малеев кенішінде («Казцинк»), Ертіс шахтасында («Шығыстүстімет») толық тозған 120-дай жабдық анықталды. Әр шахтада жарықтың, ауа тазарту жүйесінің, бекітпелердің болмауы тіркелген.

Өзекті мәселенің бірі – жарақаттануды жасыру, осындай 16 дерек анықталды. Көбіне еңбеккерлер жұмысынан айырылудан, басқа себептерден қорқып айтпайды. Жазатайым оқиғаны жасыру зардап шеккен қызметкерді заңда көзделген қолдау шараларынан айырып, жұмыс берушіні жауапкершіліктен босатады.

Анықталған бұзушылықтар бойынша 1 қылмыстық, 22 әкімшілік іс қозғалды, 13 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Шахталардың жеті забойына қосалқы шығу жолдары төселді, 15 қауіпті жерге бекіткіштер орнатылды, «Казцинктің» Тишин, Шубинский, Риддер-Сокольный кеніштеріндегі 39 ескірген жабдық жаңартылды. Алғаш рет өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің талап-арызы бойынша температуралық режимді бұзған екі кеніш қызметі сот шешімімен тоқтатылды.

Сондай-ақ облыс прокурорының өкімімен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы жарақаттануды азайту, бұзушылықтарға жол бермеу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі.

Алмат Байшолақов уәкілетті мемлекеттік органдарға еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайын жақсартуды, жарақаттанушылыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырып, кәсіпорын басшыларының негізгі мақсаты қауіпсіздік шараларын сақтау екенін ескертті.

Осы айдарда

Back to top button