Қоғам

Қауіпсіздік ережелерін мультфильм арқылы түсіндіреді

Дәурен Аллабергенұлы

Облыстың құтқарушылары балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін үйрететін мультфильмді таныстырды.

Өкінішке қарай, жаз басталғалы өңірде қауіпсіздік шараларын сақтамаған 18 адам суға кетсе, оның үшеуі балалар. Облыс құтқарушылары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

– Жаз мезгілінің басынан бері өңірде қауіпсіздік шаралары сақталмаған жағдайда 18 адам суға кетті, оның ішінде үш бала бар. ТЖД қызметкерлері құтқарғандар саны 11 адам, оның екеуі бала. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының аумағында бірінші жағалау сызығында орналасқан 57 демалыс базасы бар. Осы базалардың барлығында акватория түбін тексеру және тазалау жүргізілді, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды, – деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков.

Ал жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Андрей Ларионовтың айтуынша, шомылу маусымы басталғаннан бері 770 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бүгінгі күнге дейін жеке демалыс аймақтары иелерінің су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері талаптарын орындамауы, атап айтқанда, су маңындағы демалыс орындарын жабдықтамауы басты проблемаға айналып отыр.

Балаларға шомылу кезіндегі қарапайым ережелер қолжетімді әрі түсінікті болу үшін құтқарушылар «MediaPRO.KZ» ЖШС-мен бірлесіп «Тентек пен Айяның бастан кешкен оқиғалары» туралы мультфильмді шығарған.

– Балаларға су қоймаларына ересектерсіз бару қауіпті. Біз олардың оқыту процесіне стандартты емес көзқарасты қалайтынын жақсы білеміз. Сондықтан дәл осы әдісті қолдануды шештік. Кең ауқымды профилактиканың, өткізілген акциялардың, рейдтердің және өскелең ұрпақпен жұмыстың арқасында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының және баспасөз қызметінің қызметкерлері ағымдағы шомылу маусымында 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда балалардың суға кетуін 2,5 есеге дейін төмендетті. Мультфильмді ТЖД-нің Instagram және YouTube ресми парақшасынан көруге болады. Мәтіннің авторы – өскемендік Илья Волков, ал компьютерлік графика мен анимацияны «MediaPRO.KZ» маманы Денис Костив жасады, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Марина Лискова.

Сондай-ақ ведомство қызметкерлері алдағы күндері өңірде ауа температурасы +35 градусқа дейін көтерілетінін айтуда. Сондықтан азаматтардан демалыс кезінде аса қырағы болуды және судағы қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтауды ескертеді.

Осы айдарда

Back to top button