ҚоғамТОП

Қауіпсіз жұмыс қайда бар?

Жыл басынан бері облысымыздағы жұмыс берушілердің 498 жұмысшысы алдындағы 308,3 миллион теңге жалақы берешегі 158,9 миллионға дейін азайды. Яғни, үш айда берешек мөлшері 51,5 пайызға кеміді деген сөз.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров мәлім еткендей, 2024 жылдың бірінші тоқсанында Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жеке және заңды тұлғалардың 454 өтінішін қараған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2023 жылдың сәйкес кезеңінде мұндай өтініштер саны 360 болған. Әдеттегідей, келіп түскен өтініштердің басым көпшілігі жалақы бойынша берешекті өтеуге қатысты болған. Былтыр мұндай 359 өтініш қаралса, биыл олардың саны 430-ға жеткен.

 

Жұмысшыларына 149 миллион теңге қарыз

 

Белгілі болғандай, биыл еңбек қатынастары саласында 108 (былтырғы көрсеткіш 157) тексеру жүргізілген. Оның ішінде профилактикалық бақылауға қатысты сегіз (былтыр – екі), жоспардан тыс 100 (былтыр 155) тексеріс бар. Осындай жұмыс нәтижесінде 401 заңбұзушылық анықталған. Оның 191-і еңбек қатынастарына қатысты болса, 210-ы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға бағытталған тексерістер екен.

Тексеріс қорытындысы бойынша 76 жұмыс берушінің  әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны да белгілі болды. Жалпы, бұл бағытта жүргізілген жұмыс нәтижесінде анықталған 401 заңбұзушылықтың 365-і (91 пайыз) жойылғанын айту керек. Қалғандары бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуде.

Сәуірдің 4-дегі жағдай бойынша облыстағы екі кәсіпорынның 328 жұмысшысы алдындағы берешегі 149,4 миллион теңге болған. Атап айтсақ, «Кэмонт» АҚ 286 қызметкеріне 136,8 миллион теңге, ал «ШығысСтройГрупп» ЖШС 42 жұмысшысына 12,6 миллион теңге қарыз екен.

– Жақында «Кэмонт» АҚ-ның мәселесі облыстық үшжақты комиссияның отырысында қаралды. Жеке сот орындаушылары палатасының филиалына жалақыны өндіріп алу туралы орындаушылық іс жүргізуді ерекше бақылауға алу жөнінде тапсырма берілді. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 5 наурызында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «ИртышСтройТрест» ЖШС-нің талап-арызы бойынша «Кэмонт» АҚ-ны банкрот деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын айту керек, – деп хабарлады Қ.Әбілқайыров.

Сондай-ақ «Востокшахтострой» АҚ 183 жұмысшысының алдында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша 51 миллион теңге сомасындағы берешегі бар екені белгілі болды. 2023 жылғы 9 қазандағы сот шешімімен кәсіпорын банкрот деп танылған. Ағымдағы жылдың 19 ақпанында банкроттықты басқарушы тағайындалып, кредиторлар талаптарының тізімін жасау бойынша жұмыс басталды.

 

Ұжымдық шарт жасаған ұтылмайды

 

Өңірде әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, ұжымдық шарттар жасасу жұмыстары да бәсеңдеген емес. Қазір ұжымдық шарттары бар кәсіпорындардың саны 5 431-ге жетті. Бұл – есепті кезеңде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шамамен 75,2 пайызы. Осы ретте, ірі және орта бизнес субъектілері 100 пайызға, ал шағын бизнес нысандары 69,7 пайызға қамтылғанын айтқан абзал.

– Сондай-ақ бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Enbek.kz ақпараттық жүйесіне деректерді енгізу арқылы ұжымдық шарттарды цифрландыруға бағытталған жұмыстар қолға алынған, – деп хабарлады басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, қазір цифрландыру аясында мемлекеттік еңбек инспекторларымен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек кітапшаларын цифрландыру және HR Enbek жүйесінде электронды еңбек шарттарын тіркеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Тағы бір айта кетер жайт, облыста тұрақты түрде үшжақты комиссия отырыстары өткізіледі. Наурыз айының орта шенінде өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында жұмыс істеп тұрған және банкрот деп танылған кәсіпорындардың жалақы бойынша берешегін өтеу мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ қазір 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның облыстық келісіміне қол қою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

 

Жазатайым оқиғалар азаймай тұр

 

Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында өндірісте 19 жазатайым оқиға тіркеліп, 24 адам зардап шекті. Салыстырып қарар болсақ, 2023 жылдың бірінші тоқсанында мұндай 23 оқиға тіркеліп, дәл биылғыдай 24 адам түрлі жарақат алған болатын. Өкінішке қарай, биылғы оқыс оқиғаларда төрт адам (былтыр бір адам) көз жұмған. Тағы 13 адам ауыр жарақат алған.

Қайрат Әбілқайыров хабарлағандай, облыста өндірістік жарақаттану былтырғы деңгейде қалған. Жалпы, жазатайым оқиғалардың басым көпшілігі Өскемен қаласында тіркеліп, 10 адам (бір – өлім, төрт – ауыр, бес – жеңіл жарақат) зардап шеккен. Сол сияқты, Ұлан ауданында – бес (екі адам қайтыс болған), Алтай ауданында – үш (бір өлім), Глубокоеда үш, Риддерде екі, Шемонаихада бір адам түрлі жарақат алған.

– Арнайы тергеу амалдары нәтижесінде полиция органдарына кінәлі адамдарды жауапқа тарту бойынша 22 материал жолданып, 40 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жұмысшыларды жазатайым жағдайдан сақтандыру мақсатында жасалған шарттардың үлесі де артты, Бүгінде мұндай жұмыспен облыстағы кәсіпорындардың 65,1 пайызы қамтылған, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Мамандардың сөзіне сенсек, 21 кәсіпорында 87 өндірістік нысан мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын қамти отырып, қажетті аттестаттау жүзеге асырылған. Облыстың 185 кәсіпорнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша OHSAS 18001, ХЕҰ-АҚҚ стандарттары енгізілген.

Сондай-ақ, құзырлы басқарма, полиция департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, облыстық кәсіподақ орталығы және шағын және орта бизнес қызметкерлерінің кәсіподағы арасында өндірістік жарақаттануды жасыруға жол бермеу бойыша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

– Облысымызда өндірістік жарақаттануды азайту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік әрі ішкі бақылаудың тиімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау мақсатында 2025 жылға дейін Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленген болатын. Облыстың 14 кәсіпорнында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді, онда денсаулық жағдайы бойынша қауіпсіз жұмыс жүргізуді бақылау және персоналды қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқыту жөніндегі жұмысқа ауыстырылған 64 адам қызмет етеді, – деп мәлім етті Қайрат Әбілқайыров.

Осы ретте, 17 кәсіпорын шарттық қатынастар шеңберінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушіден мердігерге дейінгі бақылаудың сатылы моделін енгізгенін айту керек. Облыста еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 704 өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Бұған қоса 42 кәсіпорын «VisionZero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылған.

 

Климаттың өзгеруіне арналмақ

 

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) өндірістегі жазатайым оқиғалар проблемасына әлем жұртшылығының назарын аудару мақсатында 28 сәуірді Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні деп жариялағаны белгілі. Бұл күн алғаш рет 2003 жылы аталып өткен. ХЕҰ деректеріне сенсек, жыл сайын әлемде өндіріс орындарында болған жазатайым оқиғалар 2,3 миллион адамның өмірін қияды. Осыған байланысты жыл сайын Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні белгілі бір мәселеге арналады. Ал биыл «Климаттың өзгеруінің еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына әсері» тақырыбы таңдап алыныпты.

Негізі, бұл тақырып кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі ауа райының өзгеруі еңбек саласына да, әсіресе жұмысшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына айтарлықтай әсер ететіні жасырын емес. Климаттың өзгеруінен туындайтын кәсіби тәуекелдердің қатарына жылу стрессі, ультракүлгін сәулелену, ауаның ластануы, ірі өндірістік апаттар, ауа арайының күрт құбылуы, векторлық аурулардың көбеюі және химиялық заттар әсерінің жоғарылауы сияқты жайттарды қосуға болады.

Бұл ретте, облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы сәуір айын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау айы деп жариялап, қорытындысын 26 сәуірде шығаруды ұсынып отыр.

– Әр ұжымда осы күнге арналған түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүргізуге шақырамыз. Кәсіпорындар аумағында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі плакаттар іліп, жадынамалар таратып, түрлі жиындар мен конкурстар өткізуге де болады, – деді басқарма басшысының орынбасары Қ.Әбілқайыров

Осы айдарда

Back to top button