Қоғам

Қасымхан Бегманов, ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты:– Ақындық жол өте ауыр

Қазіргі қазақ әдебиетінің белді өкілінің бірі  ақын Қасымхан Бегманов екені сөзсіз. Оқырман қауымға «Бастау», «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», «Сағыныш», «Менің Түркістаным», «Күреңбел» сынды жыр кітаптарын сыйлаған ақын таяуда Өскеменге келіп, «Төр Алтай жырлайды…» атты поэзия фестивалінің қонағы болды. Осы сапарында ақынмен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз. 

 Алла тағаладан берілетін сый

Өскеменде өткен «Төр Алтай жырлайды…» атты поэзия фестивалі көңіліңізден шықты ма? Шығыста өсіп келе жатқан жас ақындардың аяқ алысы қалай екен?

– Жолдан қатты шаршап келген едім. Бірақ ақындар өлең оқығанда сергіп сала бердім.  Әрине, өлең оқығандардың барлығы бірдей керемет деп айту қиын. Десе де ішіндегі 4-5 баланың өлеңі маған қатты ұнады. Дап-дайын ақын десем де болады. Жалпы, ақындық дегеніңіз Алла тағаладан берілетін үлкен сый ғой. Ақындық жол, ақындық тағдыр деген өте ауыр. Өзімнің басымнан өтті. Кейде «Осы мен неге өлең жаздым екен» деп өкінген кездерім көп болды.

Сіз поэзияға келген уақыт пен қазіргі кезді салыстыруға болмайтын шығар…

– Поэзияға жетпіс бесінші жылдары келсем, сексенінші жылдары менің тұңғыш кітабым жарық көрді.   Содан бері 40 жылдан астам уақыт өтіп кетіпті. Көп нәрсе көрдік. Ол кез бен қазіргі уақытты салыстыруға болмайды, әрине.  Дегенмен де ол кездің де  жақсы жақтары болды. Мысалы, кешкісін ешкім танымайтын белгісіз ақын төсегіне барып ұйықтап, ертеңінде «Жас алашқа» немесе «Жалынға»  өлеңі шықса, жұлдыз болып оянатын. Өйткені жастардың газеті жалғыз, журналы жалғыз болатын. Бүгінгі күні  газет-журнал, кітап шығару деген аса қиын емес қой. Ал біздің заманымызда қатал цензура болды. Кітап шығару өте қиын болатын. Кешегі жас ақындардың ішінде мықтылары бар. Өлеңдері елең еткізді. Бірақ оларды ақын болып қалыптасты деуге әлі ерте.  Алдарында өте қиын жол тұр. Былай қарасаң, ақынның жолы оңай секілді ғой. Шындығында, ақынның жолы оңай емес.

Бір өлеңіңізде  «жалғыз сатпайтын серігім өлең» дейсіз. Өмірде сатқындықты көп көрдіңіз бе?   

– Иә, жалғыз сатпайтын серігім, мұңдасым –  өлең. Өмірде  сатқындықты  көп көрдім. Кейде «Бұл қалай?» деп  қайран қаласың. Адамның басына  сыймайтын жағдайлар болып жатады.  Бармаған жеріңе барды дейді, келмеген жерге келді дейді, айтпаған сөзді айтты дейді. «Мынау аппақ дүние» деп Оралхан ағам айтқандай,  кейде елдің бәрі туыс сияқты құшағына алатын секілді көрінеді. Аңқылдап, жалындап, лапылдап қуанасың. Артынша  жаңағыдай артық сөзді естисің. Анам марқұм  «Артық айтқан сөзің, артық жүріс-тұрысың айналып келгенде жылан секілді өзіңді шағады» деп отырушы еді.

Үндістанға барған сапарымда астрологтармен көп сөйлестім. Қанша жасайтыныңа дейін айтып береді.  Бірақ оған 100 пайыз сенуге болмайды. Жылыңызды, айыңызды, сосын дүниеге келген сағатыңызды сұрайды. Мен шешемнің сағат нешеде туғанын білмеймін. Ресми құжатымда 1958 жылдың 20 қыркүйегі деп тұрғанымен,  шешем  тамыз айының 4-ші жұлдызында тудың деп айтып отыратын еді.  Сонда үндістандық астрологтар «сіздің жер бетіндегі миссияңыз ақындық» деп айтты.  Тіпті екі қызымның тағдырын да болжап берді.

Тылсым дүниеге сенесіз бе?

– Соңғы кездері жұмбақ құбылыстар, он сегіз мың ғаламның құпиясы туралы айтушыларды көп тыңдап жүрмін. Сіз Байқоңырдың ежелгі атауының не екенін білесіз бе? Жеркіндік.  Неге  десеңіз, төбесінде жеті қат көкке көтерілетін қақпа бар екен.

Жалпы ақын дегеннің өзі ажал туралы күнде болмаса да жиі ойлайтын адамдар.  Мен ақындық дегенді  бақытсыздық деп есептеймін. Өйткені ақын адамның көрмейтіні, сезбейтіні жоқ. Жүрекке, жүйкеге салмақ көп  түседі. Кішкентай нәрсеге өкпелейсіз, оңашада жылайсыз. Бір өлең жазып кейде жылайтыным бар.

Біреулер кейде ақындықты бақыт деп айтып жатады ғой. Мен олай ойламаймын. Егер ақындық бақыт болатын болса, Төлеген Айбергенов 30 жасында, Кеңшілік пен Мұқағали 45 жасында неге өледі? Дендері сап-сау, қуатты жігіттер. Олар баз кешіп кетті. Сырттан  анау оңбаған деп бағалай салу өте оңай. Шын мәнінде, олардың  қасіреті басқада.

«Ақын өлтіру» ойыны бұрыннан бар

Бір сұхбатыңызда біздің қоғамда «Ақын өлтіру» ойыны бар депсіз… Ол қандай ойын?

– «Ақын өлтіру»  ойыны бұрыннан бар нәрсе. Мысалы, Мұқағали жанталасып  Қонаевқа хат жазды. Егер жаңылыспасам, екі рет жазды. «Аға, жардың басында, ажалдың алдында тұрғандаймын» дейді хатында.  Жанталасып, өмірден өткісі келмей, тал қармаған сияқты нәрсе ғой. Мен ол хат Қонаевқа жетті деп әсте ойламаймын. Патшаның алдына жетсе, патша сені міндетті түрде жарылқайды. Өйткені ол патшаның адамдық парызы.  Сондай-ақ ақын Қадыр Мырзалиев ағамыздың да қасында көп жүрдім. Әсіресе өмірінің соңғы кездерінде көп жылайтын болды. Әйтпесе аты аңызға айналып кеткен Қадыр ғой. Шығармашылық жұмыс істеуіме мүмкіндік болмай кетті деп депутаттықтан  мезі болып, арыз жазып кеткен жалғыз адам. Жұрт депутаттыққа өте алмай  жатса, бұл кісі одан қашты. Сол Қадыр ағам қанша жыл ғұмырын өлеңге арнады.

Бірде композитор Кеңес Дүйсекеев, мен, Қадыр аға – үшеуіміз Түркістан қаласынан пойызбен қайтып келе жаттық.  Қадыр ағам жолда түсіп, бір киоскіден бір бума газет алып келді. Сөйтсек,  газеттің бір бетіне Қадыр ағаның өлеңдерін сынаған мақала шығыпты. Ақынның әйгілі «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» дейтін өлеңін сынаған ғой. Әлгі сыншысымақ «Бұл өлең емес, тақпақ» дейді. Қадыр ағам солқылдап жылап жіберді. «Мынау – інім. Қасымхан-ау, айналайын, сен енді ойыннан шықпаған адамсың, мен ойыннан шыққан қарт адаммын. Мынау неге сенімен емес, менімен алысады? Мен барымды, беретінімді беріп болдым. Не деген азап? Мынадай жағдай сендердің бастарыңа түспесін. Мен өлеңге бүкіл өмірімді арнадым ғой. Ал мынау түкке тұрмайды дейді. Сонда менің өмірімнің босқа өткені ме?» деді. Сол сәтте  Қадыр ағамды не деп жұбатарымды білмедім.

«Ақын өлтірудің» түрі көп. Елемей, көзге ілмей қойса да ақынның жаны жараланады. Оның үстіне қазіргі  қоғамда ауыр сөздер айтушылар көп.

Былтыр ғана болашағынан  үміт күттірген жас жазушы қызымыз осы кибербуллингтің кесірінен өз өмірін құрбандыққа шалды ғой…

– Жаны жараланды ғой. Көтере алмады. Әйтпесе біздің көргенімізді көрсе, біздің естігенімізді естісе, не болады екен деп ойлаймын кейде.

Өзіңізді мұндай жағдайдан не құтқарады? Жаныңыз жараланғанда не істейсіз?

– Мені еңбек құтқарады. Бірде  «Аға, айтыңызшы, мыналарға не жаздым»  деп, Қадыр ағама бардым. Сонда «Сенің үлкен айыбың бар» деді Қадыр ағам. Жүрегім деген дүрсілдеп, біртүрлі болып кеттім сол сәт. Ұзақ үнсіздіктен соң ғана: «Өлеңді сен нашар жаза алмайсың, бірінші кемшілігің сол. Сен орташа өлең жазсаң, онда сені елеусіздердің қатарына қосып, саған ешкім көңіл бөлмес еді. Сен өзің туралы ойланып көрдің бе? Неге сенің соңыңнан боратып әңгіме айтып жатады?» деді Қадыр ағам.

«Ақын  өлтіру»  ойыны біздің қоғамда ашық жүреді.

Өлеңді мұңайған кезде жазамын

Өлеңді қай кезде жазасыз? Қуанғанда ма, мұңайғанда ма?

– Мен қуанған кезімде өлең жаза алмаймын. Мұңайған кезде  жазамын.

Сонда мұңның бір қасиеті бар ма?

– Дұрыс айтасың,  мұңның адам тілмен жеткізе алмайтын бір қасиеті бар.

Сіздің «Ташкентпен қоштасу» атты толғауыңыздың өзі тұнып тұрған мұң ғой…

– Ол –  мұңның төресі ғой, ол – зар. Осы толғау туралы Қадыр ағам арнайы мақала жазып: «Ташкентпен қоштасу» – поэтикалық құбылыс» деді.  Ол –  бүкіл қазақтың мұңы. Ташкент деген – Тасқала.  Таза қазақтың қаласы.  Күні кеше ғана айырылып қалдық қой.  Ол қалада Әуезов, менің арғы атам Сұлтанбек Қожанов, барлық қазақтың зиялы қауымы қызмет істеген. Мұстафа Шоқай Сұлтанбек Қожановпен бірге «Бірлік туы» атты газет шығарған. Ол қалада қазаққа, қазақтың зиялыларына қатысты  естеліктер өте көп. Ташкентте қазақтың мұрағаты жатыр.  Ташкент ол біздің жүректе қалған мұңды нотамыз…

Ақындықпен қатар, «Дәстүр» журналын да шығарып келесіз

– Иә, 14 жылдан бері этнографиялық «Дәстүр» журналын шығарып келе жатырмын. Мен Қазақстан бойынша баспасөз кеңістігін зерттедім.  Сонда осы кеңістіктің бос екенін байқадым. Көп дүние атқардық. «Этнографпен әңгіме», «Салты мықтының – халқы мықты»,  «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең»  атты 4 томдық кітабым жарық көрді.

Қазір халқымыздың көптеген салт-дәстүрі өзгеріске ұшырап жатыр. Бұл қауіпті емес пе?

– Одан қорқудың қажеті жоқ. Себебі уақытқа байланысты салт-дәстүрдің өзі түрленіп отырады. Салт-дәстүрді уақыттың өзі сұрыптайды.  Кейбіреулері  заманға қарай өзгереді, дамиды, тіпті жоғалып кетеді. Жоғалып кетуден де қорқудың керегі жоқ. Тек соны біліп отыруымыз керек. Қазір уақыт дегеніңіз ғарыштық жылдамдықпен ағып бара жатыр. Біздің бала кезімізде уақыт өтпейтін еді ғой.

Мұстафа Шоқай туралы да көп қалам тартып жүрсіз.

– Мұстафа Шоқай туралы екі кітабым шықты. Үш пьеса, «Шерлі Түркістан» атты бір поэма жаздым.  «Мұстафа Шоқай жолымен» деген экспедиция ұйымдастырып, туған жері Шиеліден Берлиндегі бейітіне дейін жүріп өттім. Сол экспедицияда кәсіби операторды алып жүріп, түсіріп,  «Мұстафа Шоқай жолымен» атты  4 бөлімнен тұратын тарихи деректі фильм жасадым. Бұл фильмді Білім министрлігі мақұлдап, тарих пәніне қосымша ретінде электрондық оқулық ретінде мектеп бағдарламасына енгізілді.

Шығысқа жиі келесіз бе?

– Бұл өлке мен үшін өте бір қызық өлке. Әр аудан әртүрлі. Мысалы, Тарбағатай мен Аягөз аудандары бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Үржар дегеніңіз жап-жасыл. Мынау Күршім жақ сулы-нулы жер. Зайсан ауданында да екі рет болдым. Басқа өлкелер ондай емес.  Қазір екі облыс бөлініп жатыр ғой. Десе де Шығыс Қазақстан аудандарының орналасу тәртібі, табиғатының әртүрлілігі мені таңғалдырады.

Әңгімеңізге рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button