ҚоғамТОП

Қасым кентіндегі өнер кенішінің үйретері көп

 

Қай уақытта болмасын білімді биікті бағындырып, өнерлінің тасы өрге домалайды. Сондықтан да байырғы бабаларымыз «жігітке жеті өнер де аздық етеді» дейтін тәмсіл сөзді тәрбиеге таған етіп келген. Бұл үрдіс бүгінгі таңда да үзілген емес-ті. Балалар мектептен кейін қосымша білім алып, үйірмелерге баруды үрдіске айналдырып келеді. Осындай қосымша білім беру ошақтарының бірі – Ұлан ауданы бойынша  білім бөлімінің «Балалар шығармашылық үйі».

Балалар шығармашылық үйі ауданда 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Жеткен жетістіктері мен бағындырған белесі де баршылық. Оған өзіміз де көптеген өнер-білім байқаулары мен сайыстарында куә болып келеміз. Ұланның балаларының қай уақытта да ұпайы жоғары, жеңісі көп. Оған әсер етіп отырған осы өнер кеніші екені айтпаса да түсінікті.

– Қазіргі заманда білімді әрі өнерлі болмасаң, жаһандану көшіне ілесе алмай қаласың. Сондықтан да әрбір бала өнер мен білімді бойына сіңіріп өсулері керек. Біздің «Балалар шығармашылық үйінің» негізгі мақсаттарының бірі осы. Біз Ұлан ауданына қарасты барлық ауылдармен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Біздің «Балалар шығармашылық үйі» 2016 жылдың қаңтар айында жеті мұғалім, 280 оқушымен жұмысын бастаған болатын. Кейін нәтижелі жұмыс істеп, оқушылардың қызығушылығын оята білуіміздің арқасында соңғы жылдары ұстаздар саны 21-ге, оқушылар саны 680-ге жетті. Заман талабы, уақыт сұранысына орай үйірмелердің түрлерін көбейтіп, санын арттырып келеміз. Қолымыздан келгенінше балаларға қажет деген білімді беріп, өнерді үйретуге тырысып бағудамыз, – дейді «Балалар шығармашылық үйінің» директоры Ләйлә Балтабайқызы.

Иә, бұл өнер кенішіне айналған мекеме жақыннан дорбалап жата бермей, алыстан арбалап еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Ұлан ауданына қарасты он ауылдан үйірмелер ашылған. Атап айтсақ, Қасым Қайсенов кентінде – 434, Айыртау ауылында – 26, Герасимовка ауылында – 12, Ұлан ауылында – 36, Сағыр ауылында – 18, Мамай батыр ауылында – 58, Таврия ауылында – 18, Ново-Азовое ауылында – 15, Гагарино ауылында – 20, Асубұлақ ауылында – 20 оқушы «Балалар шығармашылық үйі» негізінде қосымша біліп алады екен. Жетістікке жеткен балалардың қатары да ауыз толтырып айтарлықтай.

Ондағы педагогтер бес бағыт бойынша оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіреді. Ұстаздар оқушыларды көркем–эстетикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-педогогикалық, спорттық-дене шынықтыру, туристік-өлкетану бағыттары бойынша өнер-білімге баулып, жетістікке жетелеп келеді.

 

Балалардың туризмге қызығушылығын оятады

 

Бүгінгі таңда жаһандық өркениет көшіне ілесем деген жанның жан-жақты білімді, өзгеден дараланып тұратын өнерінің болуы заңдылық. Әйтпегенде, қатарыңның алды болу қиынға соқпақ. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Ұлан ауданы ұл-қыздарын заман талабына сай тәрбиелеп жатыр. Қазіргі уақытта ұландық оқушылар 16 үйірмеде өнер-білім үйреніп жүр. Олар жас ақындар, тігін, жас техник, жас турист, өлкетану, риторика (мемлекеттік және орыс тілдерінде), қысқы спорт түрлері, үстел ойындары, футбол, үстел теннисі, ағаш шебері, элементарлы математика, бейнелеу, қолөнер, халықтық қолданбалы қолөнер түрлері бойынша қосымша білім алады.

– Оқушылар заман сұранысына сай әр саланы меңгерсе деген мақсатта жұмыс істейміз. Мысалы, тігін, жас техник үйірмелерінен үйренген дүниелері ертең өздерінің өмірлеріне азық болмақ. Ал көркем-эстетикалық бағыт пен әлеуметтік-педогогикалық бағыттың да баланың дамуына берер пайдасы көп. Өзге де өнерді үйреніп жатса әр бала өзіне пайда әкеледі ғой. Қазіргі таңда елімізде туризм саласына көп көңіл бөлініп келеді. Шығыстың кез келген жерінде туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Бірнеше жылдан бері Бозанбай ауылында құсбегілікті туризмге тетік етіп дамытып отыр. Осы сияқты облысымыздың ұтымды тұстарын ескере келе, «Жас турист» үйірмесін ашуды жөн көрдік.  Балаларға өлкеміздің тарихын тереңірек танытып, еліміз бен жеріміз туралы аңыздарды да оқытамыз. Ең басты мақсат – туризм саласына деген қызығушылығын арттыру. Болашақта өңіріміздегі туризмді дамытуға атсалысар жастар тәрбиелеп шықсақ, бұл үлкен жетістік болмақ, – дейді «Балалар шығармашылық үйі» директорының орынбасары Қырмызы Серікқалиқызы.

Шығармашылық үйі өңірдегі сөз өнерінің дамуына да сүбелі үлес қосып келеді. Ауданның жас ақындарын үнемі жүлделі орындардан көреміз. Ол да жүйелі жұмыс пен тәжірибелі жетекшілердің жемісті еңбегінің арқасы болар.

– Қалай болғанда да біз сөз өнеріне көбірек мән беруіміз керек. Ұрпағымыз шешіліп, шешен сөйлей алмаса, ойын еркін жеткізе алмаса дүбәра елген айналамыз ғой. Сондықтан да ақындар үйірмесінің әр мектепте болуының маңызы зор. Ондағы балалардың барлығы ақын болып шықпаса да, сөз қадірін түсінетін ұрпақ болып тәрбиеленбек. Жалпы Ұлан ауданындағы ақындар үйірмесінде жүрген балалардың жетістігі баршылық. Көбі байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Қолымыздан келгенінше сөз өнеріне баулып, өлке тарихы мен әдебиетін, мәдениетін оқытып келеміз, –  дейді ақындар үйірмесінің жетекшісі Құмар Зиятханұлы.

Ауданның оқушылары тоқыма өнерін де жақсы меңгерген. Оған облысымызда өтетін көптеген қолөнер бұйымдарының көрмесінде куә болып келеміз. Қысқасы, Ұлан – оқушылары өнерлі өңірлердің бірі. Біз «Балалар шығармашылық үйінің» атқарған жұмысына қарап, үйірменің үйретері көп екеніне көз жеткізіп отырмыз.

 

Үйірме мүшелері үздіктер қатарында

 

Жақсының жақсылығын айтып, өнерін өзгеге үлгі етудің артықтығы жоқ. Сондықтан да «Балалар шығармашылық үйінің» жетістіктеріне аз-кем тоқталуды жөн көрдік. Үйірме қатысушылары аудандық, қалалық, облыстық және республикалық сайыстарға қатысып, үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеді.

Атап айтар болсақ, «Жас техник» үйірмесінің екі оқушысы республикалық  ғылыми жобаға қатысып, ІІІ орынға ие болса, «Жас ақын» үйірмесінің ақындары «Менің арманымдағы Қазақстан» республикалық жазба ақындар байқауында, «Сөз бұйдасын ұстаған Байбура би», «Туған жерім анамдай қымбат маған» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасына қатысып, жүлделі орындарды қанжығалаған.

  • Жұмысымызды бастағаннан бері көптеген жетістіктерге жетіп, жүлделі орындарды иелендік. Соның ішіндегі соңғы жетістіктерге тоқталар болсақ, «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің шәкірттері облыстық Ұлттық спорт федерациясының жекелей командалық кубогында І орынға, тоғызқұмалақтан аудан чемпионатында І орынға ие болды. Сондай-ақ «Қолөнер» үйірмесінің шәкірттері оқушыларға арналған республикалық «Күз береке бастауы» атты байқауда І орын, «Айналаңды нұрландыр» атты аудандық байқауда І орын, «Ұлттық өнер – ұлттық қазына» аудандық қолөнершілер байқауында ІІ орын алған. Ал «Бейнелеу» үйірмесінің шәкірттері «Жыл мезгілдері» атты ІІ республикалық шығармашылық байқауда және республикалық «Дара бала» журналы өткізген «Қыс келбеті» байқауында І орынды иеленді. Айта берсек, әр үйірменің жеткен жетістіктері өте көп, – дейді «Балалар шығармашылық үйінің» әдіскері Арай Адымбекқызы.

Сонымен қатар «Футбол» үйірмесінің шәкірті Ислам Серікжанұлы ашық облыстық футзал турнирінен үздік шабуылшы болып, спорт шебері атағын алды. Ал «Ұлан шаңғышылары» үйірмесі Президенттік тесттер бойынша Шығыс Қазақстан облысының чемпионатында ІІІ орынға ие болса, қысқы Президенттік көпсайыстан Өскемен қаласының ашық чемпионатында тағы да ІІІ орынға табан тіреген. Ұландық оқушылардың жетістіктері осылай жалғасып кете бермек.

– Алға қойған мақсат өте көп. Біз 2024-2025 жаңа оқу жылында ата-аналардың өтініші бойынша үйірме түрлерін ашып, санын арттыруды көздеп отырмыз. Жоспарымызда «Садақ ату», «Асық ату» сынды ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін үйірмелер бар. Осы оқу жылында «Тоғызқұмалақ» және «Шахмат» үйірмесінің жетекшісі, тоғызқұмалақтан спорт шебері Гүлжан Хамитқызы қазақтың ұмыт болып бара жатқан «Бестемше» ойынын сабақ жоспарына кіргізді. Баланың ойлау кеңістігін кеңейтетін осындай дүниелерге қолдан келгенше қолдау көрсетіп келеміз. Қосымша білім беру педагогтерінің біліктілігін арттыру үшін арнайы курстар, оқушылардың жетістіктерін бағалайтын конкурстар, сайыстар, тренингтер, семинарлар ұйымдастыру бойынша көптеген жоспарымыз бар. Негізгі мақсат – заман талабына сай қызмет көрсететін үйірмелер санын көбейту, – дейді шығармашылық үйінің директоры Ләйлә Балтабайқызы.

Білім мен өнер ешкімге артықтық етпейді. Сондықтан да баланың бойындағы қасиетті дамытып, қосымша білім беру ұйымдарына қатыстыру қажет. Одан ұтпаса, ұтылмайды. Еліміздің әр өңірінде осындай шығармашылық үйлері жұмыс істеп, заман сұранысына сай үйірмелер санын арттыра түссе, артта қалмасымыз анық. Өйткені бүгінгі жаһандық өркениет көшінде білімді мен өнерлінің ғана аты озбақ.

Осы айдарда

Back to top button