Руханият

Қасқырдың айласы

Әңгіме

Аңшы қауыммен кездесіп әңгіме -дүкен құрғанда қызықтарға қанығасың. Кейбірі қисынын келтіріп айтқанда аузыңды ашып, қайран қаласың. Әрбір аңның өз айласы, өмір сүру қағидалары бар. Біз әңгіме етіп отырған аң қасқыр туралы болмақ.

Сонау жетпісінші жылдары «Ақжар» кеңшары Киров фермасы Сереңқамал қыстағынан суыт хабар келеді. Бұл наурыз айының басы болатын. Малдың іші өсіп, жайылым тарылған кез. Таңертең шопан отарын жайылымға шығармақ болып қораның есігін ашып қойды қашаға шығарғанда он шақты бас қой өліп жатады. Кеше мал қоралағанда аман болатын, бұған не болды деген шопан жағдайды фермаға, ферма кеңшарға хабарлап, комиссия келіп, өлген малдарды сойып қарайды. Ешқандай жұқпалы ауруларға күдік жоқ, не болғаны, мал неден өлгені жұмбақ күйінде қалады. Кейін оншақты күн өткен соң осы жағдай тағы қайталанады. Енді комиссия ауданнан шақырылады. Жан-жақты тексеріп, өлген малдарды сойып, ішкі органдарын түгел қарап, малдәрігерлік зертханаға тексеру үшін патматериал алады. Сол кезде кеңшардың бас мал дәрігері: «Малдың жүрегі жарылып өлген, ешқандай жұқпалы ауру жоқ, осының себебін анықтау керек» деген уәж айтады. Бірақ, комиссия мүшелері бұған көнбейді. Осы отардан жылма-жыл жоспарлы төл алып жүрген белді шопан еді. Комиссия келіп кеткен соң, аңшы досы келеді. Бұл аңшы жігіт аудандық зат дайындау қоғамының аңшысы Абылайхан еді. Малшы қауым қай жерде итқұс білінсе, дереу Абылайханға хабар беретін. Абылайхан қона жатып қасқырды атып не қақпанмен ұстап малшыларды разы етіп отыратын. Абылайханға аңшылық арғы атасы Күжібайдан, ал беріде өз әкесі Долдадан дарыған еді. Абылайхан досы Сиғыметке: «Саған комиссия келіп кетті деп естідім, не айтып кетті, малың неден өлген екен» дейді. Сонда досы: «Ешқандай ауру таба алмады, жүрегі жарылып, шошып өлген деп кетті» дейді. Абылайхан: «Ей досым, осы жолы комиссия дұрыс айтқан, сенің қойларың шошып өлген, бар шықыш әкел, қораның төбесіне шығамыз» деп шықыш алдырып, қораның төбесіне шығады. Төбеде ауа алмастыратын тесік бар екен, айналасында батпиған-батпиған қасқырдың ізі жатыр. Сонда Абылайхан досына: «Мынаны көрдіңбе, қасқырдың қулығы сенен артық. Күндіз қойдың артынан қалмайсың, түнде жабық қораға қоралайсың, енді аш қасқыр тамақты қалай табады, мына тесікке қасқыр түнде келіп құйрығын бұлғаңдатып малды үркітеді, сонда қойлар шошып бастырылады. Өлген қойды сен далаға тастайсың, дайын жемтікті қасқыр барып жейді.Сен енді бүгіннен бастап қораға түне, осы киіміңді ауыстырма. Мына тесіктің астына орындық қойып отыр. Ана далаға тастаған жемтік біткен күні мына үйірлі қасқыр қораға қайта келеді. Дәндеген арлан қасқыр тағыда құйрығын салбыратып бұлаңдатқанда сен құйрықты шап беріп ұстап өзіңе тартасың. Бүгіннен бастап даладағы жемтікті көріп тұр, біткенде қасқыр қайта айналып соғады» дейді.

Содан он күн өтеді. Сиғымет кешкі тамағын ішіп алып, қорада түнеп жүреді. Бір күні таңға жуық қалғып кеткен екен. Қой дүр ете түскенде қараса, тесіктен құйрық салақтап бұлғақтап тұр екен. Сиғымет атып тұрып секіріп барып екі қолмен құйрықтан шап беріп ұстап төмен қарай тартады. Қасқыр жоғары тартады. Бір уақытта бір жағымсыз иіс шығады. Сөйтсе шошынған қасқыр Сиғыметтің басына тышып жіберген екен. Сиғыметтің қолы құйрықтан шығып кетіп қуалайды. Бет-аузы қасқырдың нәжісіне былғанып үйін зорға тауып келе құлайды. Әйелі жуындырып –шайындырады. Содан ұшынып ауырып үш күн жатып калады . Әйтеуір төртінші күні тәуір болып есік алдына шығып тұрса, досы Абылайхан келген екен. Ее, Сиха қал қалай, өңің қашып кетіпті ғой» дегенде Сиғымет: Ей, әкеңді… қасқыр басыңа тышады деп неге айтпадың ей» дейді. «Онда қасқырды ұстай алмайтын едің» деген Абыайхан: «Жүр көрейік қасқыр да өлген шығар» деп қасқырдың ізімен келсе, қорадан жүз метр жерде арлан қасқырың сілесі қатып жатыр. Абылайхан: «Міне мынаның да жүрегі жарылып өлген, терісін сыпырып ал» дейді маңғаз қалпымен. Сонда Сиғымет: «Қасқырың да, өзің де құры. Сиғыметтің басына қасқыр тышты дей көрме» деген екен. Аңшы қауымы – табиғаттың сырын, онда тіршілік етерін аң-құстың тіршілігін көріп-біліп зерделеген адамдар.

Қазіргі кезде қасқырлар мал шаруашылығына көптен-көп зиян келтіруде, аулаушылардың ақшалары жоққа тән. Дала тағысы жылма-жыл көбейуде. Малымызға абай болайық, ағайын.

Айдарбек МАЛҒАЖДАРОВ,
Құйған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы,
Тарбағатай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button